Астананың мемлекеттік мұрағатында еліміздің бас қаласының 25 жылдығына орай "Шаһар шежіресі" архив фото көрмесі ашылды. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Көрме Астана мемлекеттік мұрағатының архив құжаттарынан, Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттары мен дыбыс жазбаларының мұрағатынан, Қазақстан Республикасы ұлттық музей қорынан және ҚР тұңғыш президенті кітапханасынан тұрады.
"Өздеріңіз білетіндей, жаңа Астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтті. Осыған орай, 10 маусым мен 4 шілде аралығында қаламыздың фотосурет көрмесін өткіземіз. Бұл фото түрлі тарихи қордан, ҚР ұлттық мұражайынан және ең көне өңірлік газеттер мұрағатынан алынған", – деді Астана мемлекеттік мұрағатының ғылыми-зерттеу жұмысы қызметінің жетекшісі Ғазиза Исахан.
Экспозицияда Астана маңында орналасқан ортағасырлық Бозоқ қалашығынан бастап елорда шежіресі ұсынылған.
Оған қоса революцияға дейінгі кезеңдегі қаланың көрінісін көруге болады. Онда алғашқы көпестер үйі, ғимараттар, қала көшелері бейнеленген. Келесі кезең – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы, ол Ақмола округінің негізгі сауда орталығы ретінде қала болып қалыптасқан уақытынан ақпар береді.
Астананы Алматыдан сол кездегі Ақмолаға көшіру кезеңін қамтитын мұрағаттық фотосуреттер де ұсынылған.
Көрме 4 шілдеге дейін Астана қаласының мемлекеттік мұрағаты, Қалдаяқов көшесі, 13 мекенжайында ашық болады.