Ақмола облысындағы Еңбекшілік ауылында төрт түлік мал белгісіз індеттен қырылып жатыр. Аз уақыт ішінде өлгендерінің саны 200 басқа жетсе, 3 мыңнан астам мал ауызынан көбік ағып, ауырып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Еңбекшілік ауылының тұрғындары індеттің емін таппаса, ол адамдарға жұға ма деп алаңдайды. Ал ветеринарлар ем шараларын бастамаған. Өйткені, аурудың не екені әлі анық емес.
"Мал шаруашылығымен айналысу үшін мен 3 миллион теңге, балам 9 миллион теңге несие алған. Мал түгел қырылып қалса, Үкіметке немізді қайтарамыз", – дейді шаруа қожалығының жетекшісі Байжігіт Мұсаұлы.
Малдың өлекселерін ветеринарлар алысқа емес, ауыл іргесіне тастаған. Олардан тараған иіс ауыл тұрғындарын тұншықтырып отыр. Оған қоса, ауыл халқы ірі қарадан тараған кесел енді балаларға жұға ма деп алаңдаулы.
"Төрт мың бас сиырдың мыңы көшенің ішінде жүр. Олардың ауызынан сілекей ағып, ауырып жатыр. Оның қасында балалар ойнайды. Ауру балаларға жұқпасына кім кепіл", – дейді Еркіншілік ауылының тұрғыны Бекзат Серікбай.
Оқи отырыңыз: СҚО-да тағы індет: төрт түлік мал белгісіз аурудан қырылып жатыр
Жергілікті ветеринарлар ауырған малдардан бірнеше рет сараптама алған.
"Біз сараптамаға бірнеше рет қан, сілекей сынамасын жібердік. Бірақ, алғашқы ретте лабораторияда диагностика болмай, тексере алмады. Ақырғы келген сынама нәтижесі бойынша аусыл ауруы емес деген сараптама алдық", – дейді Ақмола облыстық ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов.
Аурудың не екені анықталмағандықтан, ветеринарлар ем шарасын жүргізе алмай отыр. Ал аймақта төрт мыңға жуық ірі қара мал мен бір мың жеті жүз бас қой-ешкі белгісіз індетке шалдыққалы екі айдан асқан.