Қазір кітап шығару ісінде монополия болып алған көптеген ірі баспаның ықпалын азайту қажет. Баспалар авторлармен тікелей жұмыс істеп, шын нарықты қалыптастыру әдебиеттің дамуына зор серпін береді, деп мәлімдеді ақын, жазушы, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек.
"Бұрынғыдай сапалы, кәсіби әдеби талдаулар аз. Сын жанры да қазір аз-кем тоқырауға түсіп отыр. Қазір тек әлеуметтік желілерде біржақты айтылатын пікірлер ғана бар. Оның өзінің деңгейі белгілі. Дегенмен, көркем әдебиет қашанда болған, адамзат барда ол жасай да береді. Небір зұлматты дәуірлерде, соғыс және аштықта да қазақта әдебиет жасалды. Өркендеген тұстары да болды. Цензураға ұшырап отырған замандарды да басынан кешірді. Сонда да төл әдебиетіміз қазақтың көркем әлемін байытып отырды. Бүгін де, жаңа заман әдебиеті жасалу үстінде. Әлбетте біз дәуір сұраныстары мен талаптарына сай икемделіп отырмыз. Әдебиетке жыл сайын жаңа толқын жастардың келіп жатқаны соның айғағы. Олардың ойлау парадигмасы, дүниесезуі мен жазу стилі де бөлек. Өз аудиториялары бар. Жаңа әдеби лидерлер қалыптасып жатыр. Бұл қуанышты тенденция. Әрине, үлкен буын мен жаңа буынның арасындағы мойындау-мойындамау деген болған, бола береді де. Бір сөзбен айтқанда әдеби процесс ешқашан тоқтамайды", – деді Ақберен Елгезек.
Оқи отырыңыз: Жазушылар одағының мүшесі: Мектептерде социалистік ескі идеологияны насихаттайтын кітаптар әлі тұр
Әрі қарай ақын заңда көркем әдебиет туралы нақты тараудың жоқ екеніне тоқталды. Айтуынша, әдебиет туралы жанама тараулар мен сөздер болғанымен, қандай әдебиет екені туралы нақты ұғым жоқ. Мысалы қоғамдық маңызы бар әдебиет туралы тарау бар. Бірақ ол қандай әдебиет екені нақтыланбаған және ол тарауда ол әдебиетті шығарып басу мен тарату туралы бұлынғыр ережелер бар.
"Нақты көркем әдебиет туралы тарау жоқ. Неге біз қазақтың "көркем әдебиет" деген сөзінен қашамыз, соны түсінбейміз. Аталып отырған заңда жазушы мәртебесі де анықталмаған. Шығармашылық қызметкер деген сөз бар, бірақ оның қоғамдағы орны мен рөлі нақты айтылмаған", – деді жазушы.
Осы орайда, Ақберен Елгезек заңға көркем әдебиет туралы және жазушының мәртебесін, оның гонорар жолдарын анықтайтын ережелерін нақтылайтын бөлек тарау енгізу қажет екенін айтты. Сондай-ақ, осы тарауды жасақтайтын жұмысшы тобына қатысып, көмектесуге даяр екенін бөлісті.
"Екіншіден, ешкімге құпия емес, қазір еліміздің барлық дүкенінде қазақ тілінде жазылған кітаптар жетім бұрышта тұр. Бұл туралы талай айтылған, талай жазылған. Мәселе шешімін таппады. Оның себебі, біреу-ақ – мәселе заң аясында көрсетіліп, шешілмеген. Мысалы, мен жеке өзім кітабымды "Меломан" сияқты ірі кітап дүкендеріне қоя алмадым. Амалсыздан жоғары жақтан тапсырма бергізіп, қойдырдым. Оның өзінде уақытты созып жүріп, әрең рұқсат берді. Оқылымы аз, тағы басқа деген айтылған уәждері – сылтау ғана. Сол кітап қойылғалы менен 2 рет қайта тапсырыс беріп алдырды. Себебі, сатылып кетті. Ал, алғашында барғанда менің қолымда – мені автор ретінде қорғайтын заң болған жоқ. Орыс тілінде, тіпті ағылшын тілінде кітаптар тізіліп тұр, ал, қазақ тіліндегі кітаптар бұрышта жетімсіреп тұрады. Осындай қарапайым әділетсіздіктерден халық ашуланады, мысалы. Сондықтан, менің ұсынысым – біздің министрлік "Баспа ісі және кітап саудасы туралы" заңды қабылдауға бастама көтеруге тиіс", – деді Ақберен Елгезек.
Жазушының пікірінше, бұл заң қазір кітап шығару ісінде монополия болып алған көптеген ірі баспалардың ықпалын азайтады. Баспалар өз кезегінде авторлармен жұмыс істеп, шын нарықты қалыптастырады. Бұл әдебиеттің дамуына зор серпін береді.
Еске салсақ, "Болашақ" бағдарламасы аясында әдебиетші мамандарды оқыту үлесінің артатыны туралы хабарлаған едік. 28 жылда "Филология, лингвистика, аударма ісі" мамандықтары бойынша 130 стипендия тағайындалған.