Тікелей эфир

Жазушылар одағының мүшесі: Мектептерде социалистік ескі идеологияны насихаттайтын кітаптар әлі тұр

Жазушы Ақберен Елгезек кітапханалардағы қазақ тіліндегі кітаптар үлесінің аздығына алаңдаушылық білдірді.

Осы орайда ол қолданыстағы заңнамаға арнайы өзгерістер мен түзетулер енгізуді ұсынды.

"Қазір қоғамдық маңызы бар деген атаумен кім көрінгеннің кітабы шығып, ешкім бармайтын кітапханаларға тоғытылып жатыр. Жыл сайын! Ал мектеп кітапханаларына бұл кітаптар жетпейді. Әрине, бұлар екі бөлек сала екенін түсінемін. Бірақ, мемлекет біреу ғой. Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып бұл мәселені шешуге болады деп ойлаймын", – деді Ақберен Елгезек.


Оқи отырыңыз:


Сондай-ақ, жазушы кітапханаларда қазақ тіліндегі кітаптар үлесінің тым аз екеніне тоқталды. Оның дерегінше, қазір мектеп кітапханаларындағы қазақ тілінде шыққан кітаптарының жалпы үлесі – 27 пайыз ғана. 

"Қалған 73 пайызы демек орыс тілінде болғаны ғой. 30 жыл бойы шығып келген көркем әдебиет ол мектептерге жетпеген. Сөрелерінде әлі сол социалистік реализм талабымен шыққан ескі идеологияны насихаттайтын кітаптар тұр. Бұл туралы арнайы республикалық кітапханашылар семинарында айтылған. Ойымнан шығарып тұрған жоқпын", – деді жазушы.

Осы орайда, Ақберен Елгезек кітап дүкендеріндегі қазақ тіліндегі кітаптардың үлесін заңмен 50 пайызға дейін жеткізуді ұсынды. Сондайақ, ол баспа ісіне қатысты заңды заманға сай өңдеу қажет екеніне тоқталды.

"50 пайызы қазақ тіліндегі кітаптар, қалғаны – өзге тілдер. Қазіргі жағдай, өкінішке қарай, қазақ жазушысы, қазақ ғалымы және басқалардың мүддесіне сай емес. Баспа ісі жөніндегі заңның жобасы бар. Ол Ермұхамет Ертісбаевтың тұсында жасақталған болатын. Тек соны замана ағымына сай өндеп, қабылдау керек деп есептеймін. Сонымен бірге, қазақ әдебиетін қолдау туралы 3 жылға арналған мемлекеттік бағдарлама жасақтап, қабылдау керек", – деді жазушы.

Ақберен Елгезек бағдарламада көркем аударма ісі және тағы басқа көптеген мәселені қамту керектігін алға тартты.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары