Дәл қазір Covid-19 жұқтырған 89 оқушы мен олардың сыныптастары онлайн білім алып жатыр. Олардың 99%-ы коронавирусты үйінде отбасы мүшелерінен жұқтырған. Бұл туралы Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.
"Статистикалық мәліметтерге сәйкес, оқушылар 1 қыркүйекке дейін де ауырған. Олар демалыста жүрген кезде КВИ жұқтырудың 160 жағдайына дейін тіркелген еді. Сол себепті мен ата-аналарға бір емес, бірнеше рет үндеу айттым. Режимді, балаларға қатысты сақтық шараларын сақтауға шақырдым. Негізінен оқушылар вирусты отбасы мүшелерінен жұқтырған. Қазір ауру жұқтыру тәулігіне 100 жағдайға дейін төмендеді", – деді департамент басшысы.
Сондай-ақ, ол тамыз айында Covid-19 жұқтырғандардың қалай білім алып жатқанына тоқталды. Ата-аналарды балаларына мұқият болуға шақырып, қажет болса оқшаулануға көмектесуге әзір екенін бөлісті.
"Тамыз айында ауырғандардың кейбірі үй карантинінде, енді екіншілері медициналық мекемелерде емделуде. Жалпы 89 оқушы онлайн білім алып жатыр. Бұл 62 мектепте тіркелген жағдай. Олар оқыған мектептердегі сыныптар карантинге жіберілді. Мектептер емес, жекелеген сыныптарды карантинге жібергенімізді нақтылап өткім келеді. Себебі, бір оқушы ғана жұқтырса да, сынып карантинге жіберіледі және оқу онлайн режимде өтеді. 99% жағдайда оқушылар коронавирусты мектепте емес, үйде ауырған жақындарынан жұқтырған. Үйінде балалары бар ата-аналардан коронавируспен ауырса, балаларын қорғауды сұраймын. Бұл бірінші кезекте – ара-қашықтық пен маска режимін сақтау. Бала ауырған адамның бөлмесінен алыста болуы тиіс. Бір бөлмелі пәтерде бес адамға дейін тұратын жағдайлар кездесетінін түсінемін. Осындайда бізден өзін оқшаулауға көмек сұрауларына болады. Медициналық эшелондарда орын жеткілікті", – деді қаланың бас дәрігері.
Еске салсақ, Алматыда Covid-19 жұқтырғандардың төрттен біріне жуығы – 60 жастан асқан азаматтар екені белгілі болды.