Алматы қаласында КВИ жұқтыру деңгейі 1%-дан 0,6%-ға дейін төмендеді. Эпидемиологиялық жағдайдың осылай тұрақтала бастағанына қарамастан, 18 жасқа дейінгі және 60-тан асқан қариялардың денсаулығы алаңдатады. Өйткені, алғашқыларының екпе алуға жасы жетпесе, кейінгілер арасында ауру жұқтыру көрсеткіші 0,1% өскен. Бұл туралы ққаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.
Жыл басынан бері 137,2 мың адам коронавирус жұқтырды. Тамыз айында – 46,9 мың, ал қыркүйек айының басынан бастап 8 916 жағдай тіркелді. Осы орайда, департамент басшысы қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталып келе жатқанын айтты.
"2021 жылдың 25 тамызынан бастап эпидемияның төртінші толқынының бәсеңдей бастағаны ("Дельта" штамы бойынша) байқалады. Дәлірек, 25 тамызда 1 605 жағдай тіркелсе, 8 қыркүйек күні бұл көрсеткіш 976 жағдайға дейін төмендеді. Бұл Алматы тұрғындарының иммундық қабатының 46% болуымен байланысты. Бірақ бұрын күн сайын 10-12 мыңнан астам адам екпе салдырса, қазір бұл көрсеткіш 3 мың адамды құрайды. Әзірге І компонентпен тұрғындардың – 45%-ы, 899 784 адам, ІІ компонентпен тұрғындардың – 39%-ы, яғни 779 870 адам қамтылды. Осы екпенің арқасында ауру жұқтыру тәулігіне 900-1 000 жағдай деңгейінде тұр", – деді Жандарбек Бекшин.
Сондай-ақ, ол алда екпе алғандардың санын 75%-ға дейін жеткізу міндеті тұрғанына тоқталды.
Эпидемиологиялық тексеру нәтижелеріне сәйкес, КВИ-ді бәрінен көп келесі азаматтар жұқтырған:
- 20-39 жастағылар – 31,2%;
- 40-59 жастағылар – 24%;
- 60-тан асқандар – 23%;
- өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 36,6 % (2,3% төмендеді);
- зейнеткерлер – 23,2% (көрсеткіш 0,1% өсті).
"Алматылықтардың назарын мына нәрсеге аударғым келеді. Қазір ең көп ауыратын – жастар. Олардың көбі вакцина салдырған жоқ және көпшілік жиналатын орындарға жиі барады. Ауырған жастардың 19%-ы вирусты отбасы мүшелерінен жұқтырған. 60 жастан асқан азаматтар арасында да ауру жұқтыру жоғары деңгейде тұр", – деді Жандарбек Бекшин.
Мұнымен қатар, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері КВИ-ге байланысты жалпы көрсеткіштердің айтарлықтай жақсарғанына қарамастан, сақтық шараларын жалғастыруға кеңес берді.