Алматы қаласының Magnum және "Асыл ет" дүкендерінде және бес базарында әлеуметтік шағын дүкендер ашылды. Ол жерде баға нарықтан 15% төмен, етті 2 050 теңгеге сатып алуға болады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы.
Әлеуметтік шағын дүкеннің сатушысы етті Талдықорғаннан алып келгенін айтады. Әкімдіктегілер ірі кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие берген. Ал шағын дүкен сатушылары орын жалдау ақысын төлемесе болады.
Жалпы нарықта сиыр етінің бағасы 2 800 теңгеден басталады. Кей сатушы әкімдікпен келісімге келіп, еттің килограмын 2 050 теңгеден сату өзі үшін тиімсіз екенін айтады.
Оқи отырыңыз: Ет бағасы екі аптада 200 теңгеге қымбаттады
"Жеткізушілер өзінің малын арзан бағада сатқысы келмейді. Жем және басқасының бәрі қымбат. Көтерме сауда бағасы 2 150-2 200 теңгенің арасында. Бұл біздің қолымызда емес. Біз де сауда жасап, отбасымызды асырағымыз келеді", – деді сатушы.
Көптеген сатып алушы әлеуметтік дүкендердегі еттің сапасына наразы. Кейбірі мұндай әлеуметтік дүкендерді бірінші рет көріп отырғанын айтады.
Еске салсақ, Алматының бес ауданында 22 қаңтардан бастап апта сайын азық-түлік жәрмеңкесінің өтетіні туралы хабарлаған едік.