Тікелей эфир

Алматыда аялдамада автобус адамдарды қағып кетті: сот үкім шығарды

Дархан Ахметжанов өзіне тағылған екі айыптың біреуін ғана мойындады.

Алматы соты 2023 жылдың желтоқсанында адам өліміне әкелген автобус апаты бойынша Дархан Ахметжановқа қатысты үкім шығарды. Оған абайсызда адамдардың өліміне әкеп соқтырған бұзақылық және көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету ережелерін бұзды деген айып тағылды.

2023 жылдың 22 желтоқсанында Алматыдағы Райымбек даңғылында бақылаудан шыққан автобус адамдарды қағып кетті. Кейін полицияның хабарлауынша, автобус жолаушысы жүргізуші әйелді ұрып, содан кейін ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмай қалған. Салдарынан автобус аялдамада тұрған адамдарға соғылған. Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, төртеуі түрлі дәрежедегі жарақат алды.

Сотталушы тек "Бұзақылық" бабы бойынша кінәсін мойындады. Мемлекеттік айыптаушы Ахметжановты сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

"Дархан Ахметжанов 293-баптың 1-бөлігі – "Бұзақылық" бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Оны 351-баптың 3-бөлігі – "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан көліктің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қағидаларын бұзу" бойынша кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылсын. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 58-бабын неғұрлым жеңiл жазаны неғұрлым қатаң жазамен қолдану туралы, қылмыстардың жиынтығы бойынша жалпы қауiпсiздiгi ең төменгi мекемеде өтеу үшiн бас бостандығынан айыру түрiндегi жалпы саны сегiз жылды құрайтын жазаны қолданып, тағайындалады", – деп үкімді оқыды судья Тәкен Шәкіров.

Жәбірленушілердің материалдық және моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Ахметжанов жәбірленуші Айнұр Құсайыноваға екі айдың ішінде 6 миллион 397 мың материалдық шығын мен 5 000 000 теңге моральдық шығынды өтеуі тиіс.


Оқи отырыңыз: Алматыда адамдарды қаққан автобус оқиғасы: Сотталушы соңғы сөзінде не айтты


Сондай-ақ сотталған азамат жәбірленуші Ерасыл Байдуалиевке моральдық шығын үшін 10 миллион теңге төлейді. Судья жәбірленушілердің автобус жүргізушісі Ермек Шокебаева мен автопаркке моральдық өтемақы төлеу туралы арызын қанағаттандырмады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған шағым жасалуы мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары