Тікелей эфир

Алматы облысының 11 мектебі оқу жылына дайын емес

Жөнделіп жатқан мектептердің көбі 1970-1980 жылдардың басында салынған.

Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша орта білім беру комитеті Алматы облысының 11 мектебінің күрделі жөндеуіне мониторинг жүргізді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Орта білім беру комитетінің хабарлауынша, жөнделіп жатқан мектептердің көбі 1970-1980 жылдардың басында салынған. Олардың қатарында Қонаев қаласының Қ.Қайсенов атындағы №4, Іле ауданы Екпенді ауылының №2 орта мектептері, Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласының А. Малкеев атындағы Білім-инновация лицейі, Шелек ауылының Абай атындағы, Есік қаласының Абылайхан атындағы №4 орта мектептері, Қаскелен қаласының Қ. Сәтбаев атындағы мектебі, Кеген ауданының Жаңабаев атындағы, Талғар ауданының К.Нұрпейісов атындағы, №10, № 12 орта мектептері бар. Қазіргі уақытта барлық 11 білім беру нысандарында демонтаж және сейсмикалық күшейту жұмыстары жүріп жатыр.

"Орта білім беру комитеті мен министрліктің аумақтық бөлімшелері бірлесіп мектептердің жаңа оқу жылына дайындық деңгейіне мониторинг жүргізді. 11 білім беру объектісінде кешенді жөндеу және мектеп аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олардың басым бөлігінде жөндеу жұмыстары маусым айында басталған. Шартқа сәйкес аяқталу мерзімі 6 айдан 11 айға дейін созылуы мүмкін, яғни оқу жылының басында мектептер балаларды қабылдауға дайын болмайды. Біз білім басқармасымен бірлесіп оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру үшін білім алушылардың уақытша орналасу орындарын белгіледік. Өз кезегінде мердігер ұйымдар жөндеуді белгіленген мерзімнен бұрын аяқтауға дайын", – деді орта білім комитеті басқармасының басшысы Гүлнар Таласбаева.

Орта білім комитетінің ұсынымдары бойынша білім басқармасы мен мектептер әр мектеп бойынша модификациялау жоспарын әзірледі. Білім басқармасына жақын орналасқан басқа мектептердің жобалық қуаттылығын ескере отырып, барлық оқушыларды оқытумен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берілді. 

Сондай-ақ, ата-аналармен, педагогикалық қоғамдастықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жұмыстарды белгіленген мерзімде сапалы аяқтау, жөндеу жұмыстарының барысын қадағалайтын мониторингтік жұмыс топтарын құру бойынша ұсыныстар берілді. 

Айта кету керек, Министрлік еліміздің басқа да өңірлеріндегі білім беру ұйымдарында мониторинг жұмысын жалғастыратын болады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
1

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары