Алдағы оқу жылында ауыл мектептерінің білім сапасын арттыру мақсатында бес өңірдегі шағын жинақты мектептерде жекелеген пәндерді қашықтан оқыту ұйымдастырылатын болады. Олар: Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары. Бұл туралы премьер-министрдің бұрынғы орынбасары Алтай Көлгінов депутаттар сауалына берген жауабында айтты.
Осыған орай "Цифрлық технологияларды пайдаланып шағын жинақты ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту" пилоттық жобасы жүзеге асырылады.
"Пилоттық жоба аясында стриминг (онлайн дәріс) арқылы шағын жинақты мектептер үшін жетекші мектептердің үздік педагогтері аптасына 2 рет "Математика", "Физика", "Химия", "Биология", "Ағылшын тілі" пәндерінен 20-25 минуттық онлайн дәрістер өткізу арқылы жаңа сабақтар оқытылатын болады", – делінген құжатта.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда көшбасшы әйелдерді қолдайтын Гендерлік теңдік модульдік оқыту бағдарламасы әзірленді
Сондай-ақ, тірек мектептердің педагогтері де онлайн сабақтар өткізеді.
"Тірек мектебі – магнитті мектептер" жобасы арқылы 5-11-сынып білім алушылары үшін аптасына 2 рет "Математика", "Физика", "Химия", "Биология", "Ағылшын тілі" пәндерінен 20-25 минуттық онлайн сабақтарды өткізеді. Тірек мектебіндегі педагог "онлайн педагогтің" , шағын жинақты мектептің педагогі "онлайн педагогтің ассистенті" қызметін атқарады. Екі педагог бірлесе отырып, білім алушылардың білім сапасын арттыру мақсатында бірлесе жұмыстар жүргізеді", – делінген құжатта.
Айта кетейік, 8 маусымда Алтай Көлгінов премьер-министрдің орынбасары лауазымынан босатылды.