2022 жылы Алматы облысында іске қосылған "Алатау жастары" тұрғын үй бағдарламасының бюджеті келер жылы 6 есе артып, 3,6 млрд теңгеге жетеді. Бұл туралы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев хабарлады.
Биыл бағдарлама бюджеті 600 млн теңге болып, бастапқы жарнасыз 60 пәтер сатып алуға мүмкіндік берілді. Алайда келіп түскен өтініштер саны 1 300-ден асып түскен.
"Жобаға қатысу үшін 1 374 өтінім келіп түсті. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Сол себепті, келесі жылы "Алатау жастары" бағдарламасын жүзеге асыруға қаражат көлемі 3,6 млрд теңгеге дейін көбейтілді. Бұл қаржы 200 пәтер алуға мүмкіндік береді", – деді облыс әкімі.
Оқи отырыңыз: Әйелдер ипотекасына өтініш қабылдау басталды. Бастапқы жарна қажет емес
Еске салайық, "Алатау жастары" тұрғын үй бағдарламасы 2022 жылы қарашада іске қосылған болатын.
Тұрғын үй бағдарламасының шарттары:
- Несие сомасы – 10 млн теңге (2022 жылғы өлшем);
- Пайыздық мөлшерлеме – 5%;
- Бастапқы жарна: 0% (нарықтағы екінші деңгейдегі пәтер не жеке үй үшін – 10%);
- Қарыздың ең ұзақ мерзімі – 19 жыл.