Ротация тиімділігі төмен директорлар үшін жасалып отырған жоқ. Жұмыс сапасы төмен басшылар қызметінен босатылуы тиіс, деп мәлімдеді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
"Ротация барлық өңірге қатысты. Бұл мәселеге байланысты положениені барлығыңыз білесіз, түсінесіз және өзіңізге есеп бересіз деп ойлаймын. 1 тамызға дейін уақыт беріледі. Қазіргі заңнамаға сәйкес ротация бойынша жұмысты аяқтау қажет. Тамыз айынан бастап тиісті ротациядан өтпеген директорлар заңсыз жұмыс істейді деген сөз. Сол уақыттан бастап олар директор міндетін уақытша атқарушы ғана бола алады. Тиісінше олар ары қарай конкурстық процедуралардан өтуі тиіс", – деді Асхат Аймағамбетов.
Мұнымен қатар, министр басқа мектепке ауысып барған директорларға өзімен бірге қызметкерлерін ерте баруға тыйым салу қажет екенін ескертті. Осы орайда, Асхат Аймағамбетов арнайы тексеріс жүргізуді тапсырды.
Оқи отырыңыз: Колледжге құжат қабылдау басталды. Биыл 128 мың грант бөлінді
"Ротация – жаңадан енгізілген институт. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Басты мақсаты – басқарудың тиімділігін арттыру. Өңірлер 1 тамызға дейін осы жұмысты аяқтауы керек. Ротация уақыты келіп, бірақ ауыспағандар міндетін атқарушы болады. Ауысу кезінде орынбасарлары, бухгалтерлер, завхоз сияқты басқа бірге жұмыс істеген қызметкерлерін өзімен бірге алып жүруге тыйым салу керек. Бұл мәселе бойынша біздің департамент, білім басқармалары, тиісті бақылауды күшейтсін. Жалпы процесті аяқтағаннан кейін өңірдегі бақылау департаменттеріне осы жұмыстың нәтижелері бойынша тексеріс жүргізуін тапсырамын. Өйткені, әр ротацияның заңдылығы болуы керек. Осы заңдылығын сақтау керек", – деді ол.
Министр тиімділігі төмен директорлардың қызметінен босауы керегін айтты. Айтуынша, ротация тек сапалы кадрлардың орын алмасуы.
"Тиімділігі төмен директорларды ауыстыру деген мәселелерге байқап қарау керек. Егер тиімділігі төмен болып, директор жұмысын істемей жатса, ротация бұл проблеманы шешпейді. Жұмысы тиімсіз директорларды жұмыстан шығару керек. Ротация деген – тиімді жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің орнын ауыстыру. 7 жылдан астам уақыт бір мекемеде жұмыс істеп жатқандықтан осылай жасалады. Ал жұмысын тиісті деңгейде атқара алмаған директорлардың мәселесін аттестаттау және еңбек шартын бұзу арқылы шешуіне болады", – деп қосты ол.
Оқи отырыңыз: Түркі халықтарына ортақ үш оқулық әзірленді
Мұнымен қатар, Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді жұмысқа алу жүйесінің жаңарғанын еске салды.