Тікелей эфир

Аймағамбетов: Дарынды ғана емес, әлеуметтік осал топтағы балаларды да қолдау маңызды

Білім министрі меритократия мен инклюзивтіліктің тепе-теңдігін сақтау қажеттігін айтты.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов facebook желісіндегі кезекті жазбасында инклюзивті білім берудің маңызды аспектілеріне тоқталды.

Оның жазуынша, Қазақстанда дарынды балаларды қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, жоғары оқу орындарына іріктеу жүйесі, университет гранттарын бөлу, дарынды балаларға арналған арнайы мектептер, түрлі олимпиадалар, байқаулар өткізу және тағы басқа. Педагогтерді бағалау кезінде де үлгерімі нашар оқушылармен жұмыс істегеніне емес, дәстүрлі түрде жетістікке жеткен оқушыларының нәтижесіне назар көбірек аударылады.

"Әрине, оны әділ деп айтуға болады. Емтихан тапсырып, ең жоғары балл алған, яғни ең мықтысы жеңіске жетеді. Бірақ ата-аналар дарынды балаларға арналған мектептерге түсу үшін репетитор көмегіне жүгініп жататыны да жасырын емес. Әдетте әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен отбасылардың мүмкіндіктері бірдей емес. Бұл меритократияның "қараңғы" тұсы", – деді білім министрі.


Оқи отырыңыз: Аттестациядан өтпеген мектеп түлектері аттестат ала ма?


Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, қоғамда дарынды оқушыларды ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы балаларды да қолдау маңызды.

"Теориялық жағынан іріктеу барлығына тең және әділ қолжетімділікті қамтамасыз етуі керек, бірақ іріктеу жүйесі әлі де толықтыруды қажет ететінін көріп отырмыз. Сондай-ақ бұл жерде меритократия мен инклюзивтіліктің тепе-теңдігін сақтау маңызды", – деді Асхат Аймағамбетов.

Серіктестер жаңалықтары