Аттестаттаудан өте алмаған мектептерге құқықтық шара қолданылып жатқан жоқ, деп мәлімдеді білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің төрайымы Айнагүл Сұрағанова. Бұл туралы "ҚазАқпарат" агенттігі жазды.
"Аттестаттаудан өте алмаған мектептерге ескерту жасадық. Мектеп түлектеріне аттестат маусым айының ортасында берілетіндіктен, оқу жылының соңына дейін уақыты бар. Осы уақытқа дейін білім ордалары аттестациядан өтуі тиіс. Мұнымен қатар, өте алмағандарға қандай да бір құқықтық шара қолданылып жатқан жоқ. Бұл бұрынғы аттестациядан ерекше болғандықтан, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деді Айнагүл Сұрағанова.
Мектептердің өзін-өзі бағалау материалдарын онлайн зерделенеді. Сарапшылардан комиссия құрылып, шешім шығарылады. Ал мектеп мемлекеттік аттестациядан өте алмаған жағдайда оның директорымен келесі өту мерзімі бекітіледі. Ол екі аптадан кейін немесе жарты жылдан кейін болуы мүмкін. Осылайша екінші рет аттестацияға құжаттарын тапсырады. Егер де екінші рет өтпеген жағдайда онда бұл мектеп профилактикалық бақылауға ілігеді.
Кейін аттестаттау аяқталған күні мектепке қорытынды беріледі. Ал тексерістен өте алмаған жағдайда мектеп 5 күн ішінде олқылықтарды түзетуге арналған жоспар жасауы тиіс. Қайта аттестаттау мерзімі кемінде 10 күннен бастап бір жылға дейін созылуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Қай өңір мұғалімдері жоғары жалақы алады?
"Мамыр, маусым айының басында тұрған мектептерді алдын ала ескерттік. Жергілікті атқарушы органдар бар, бәрі жабылып, әдістемелік кабинеттер көмек көрсетіп, мемлекеттік аттестациядан өте алмай қалу қаупі бар екенін айтып жатырмыз. Білім басқармасын да сәуір айының басында ескерттік. Олар, әрине тиісті шараларды қолданып жатыр. Арнайы жоспар құрып, мектептерге әдістемелік көмектерін беріп жатыр", – деді департамент басшысы.