Тікелей эфир

Адамды құтқару кезінде қаза тапқан азаматтардың отбасына бір жылдан кешіктірмей үй беру ұсынылды

Қандай да бір санатқа жататынына қарамастан, тұрғын үйге мұқтаж кез келген ҚР азаматы есепке тұра алады.

Жаңа тәсілдер мен тұрғын үйді бөлудің әділ қағидатын енгізуге байланысты азаматтардың жекелеген санаттары үшін мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алудағы қолданыстағы жеңілдіктер мен басымдықтарды қайта қарау ұсынылды, деп мәлімдеді ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев.

"2019 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беретіндігін атап өту қажет. Осыған байланысты азаматтардың барлық санаты үшін өтеусіз жекешелендіру құқығын алып тастау ұсынылады. Бұл ретте мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді сатып алу құқығымен алған, бірақ өтеусіз жекешелендіру құқығын пайдаланбаған 10 758 азамат заң жобасы қабылданғаннан кейін де өз құқықтарын сақтайды, өйткені азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші жоқ. Бұл ретте тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша жекешелендіру тетігі өзгеріссіз қалады", – деді Еркебұлан Дауылбаев. 

Сонымен қатар, вице-министр қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтардың белгілі бір санаттарына мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға бірінші кезекте құқық, сондай-ақ, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін тұрғын үйдің жалпы санының кемінде жиырма пайызын бөлу көзделгенін атап өтті. 

Олар:

  • ҰОС ардагерлері;
  • жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар.

Бүгінгі күні 140 мыңға жуық бірінші кезекте тұрғын үй алу құқығы бар азамат бар. Әзірленген заң жобасы шеңберінде тұрғын үй саясаты санаттық тиесіліліктен бас тартып жатыр, тұрғын үйді бөлу азаматтарды есепке қою күні және олардың кірістері қағидаты бойынша жүзеге асырылмақ.


Оқи отырыңыз: Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй есебіне қою мерзімін қысқартатын заң жобасы мақұлданды


"Осыған байланысты барлық кезекте тұрғандар арасында тұрғын үйді бөлуге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа тәсілдерді енгізу арқылы қолдаңыстағы жеңілдіктерді қайта қарау ұсынылады", – деп қосты вице-министр.

Әрі қарай Еркебұлан Дауылбаев тұрғын үй алу үшін қандай да бір санатқа жататынына қарамастан, тұрғын үйге мұқтаж кез келген ҚР азаматының есепке тұра алатынын атап өтті. Сондай-ақ, балалары кәмелетке толған не олар қайтыс болған жағдайда, көп балалы отбасылар және толық емес отбасылар үшін кезектілікті сақтау жөніндегі шаралар көзделгеніне тоқталды.

"Солтүстік өңірлерге қоныс аударған жағдайда қандастар кезектен шығарылмайтын болады. Бұдан өзге мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау, сондай-ақ, адам өмірін құтқару кезінде қаза тапқан азаматтарды құрметтеу мақсатында осындай адамдардың отбасыларын жергілікті атқарушы органдармен 1 жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету ұсынылады", – деді Еркебұлан Дауылбаев. 


Оқи отырыңыз: Досаев тұрғын үй сертификатын тағы 500 мың теңгеге арттыруды ұсынды


Мұнымен қатар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін тұрғын үйді бөлу кезінде қосымша бөлме бөлу көзделгеніне тоқталды. 

Еске салсақ, өңірлерден жұмысқа келген жастарға үйді жалға алу үшін көтерме жәрдемақы енгізілетіні туралы хабарлаған едік. Жастарды жұмысқа ынталандыру үшін заңнамаға "жас жұмысшы" ұғымы енгізілмек.

Серіктестер жаңалықтары