Бүгін, 4 наурыз күні Алматы қаласының жоғары оқу орындарында, мектеп пен колледждерінде 2-ауысымдағы сабақтар болмайды. Ал балабақшалардағы балаларды ата-аналар қалауы бойынша алып кетеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мен Алматы қаласының Білім басқармасы хабарлады.
"Барлық студенттер дер кезінде эвакуацияланды. Жер сілкінген кезде зардап шеккендер жоқ. Жоғары оқу орындарының ректорларына жатақханаларда кезекшілік ұйымдастырып, студенттерді су, жылы киім және басқа да қажетті заттармен қамтамасыз ету міндеті тапсырылды. Кезекшіліктер қазірден басталып кетті", - дейді Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз хатшысы Ержан Байтанаев.
Сондай-ақ, Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми өкілінің мәліметінше, дәл қазір барлық университеттер мен студенттік жатақханалардың ғимараты тексеріліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, ғимарат ішінде зардап шеккен, құлап қалған адамдар жоқ.
Оқи отырыңыз: Алматыда тағы да қуатты жер сілкінісі болды
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Алматыда қуатты жер сілкінісі болды. Сағат 11.22-де 5,4 балл жер сілкінді. Жер сілкінісі Қазақстан, Қытай және Қырғызстан аумағын қамтыды. Жер сілкінісінің эпицентрі Қазақстан аумағында Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 31 км жерде орналасқан.
- Жер сілкінісінің энергетикалық класы 13.2.
- MPV магнитудасы 6.1.
- Эпицентрдің координаттары 42.93° с.е. 76.96° ш.б.
- Тереңдігі 10 км.
- Алматыда сезілуі – 5 балл.