
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 31 арна жауынгерлердің ерлігі мен тыл ардагерлерінің қажырлы еңбегін еске алуға бағытталған жалпыхалықтық флешмоб жариялады.
Қазақстандықтар майданда Жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан ата-әжелерінің ерлікке толы оқиғаларын арна көрермендерімен бөлісе алады.
Ол үшін +7 771 507 9271 WhatsApp нөміріне мәтін, фото немесе видео форматында оқиғаны баяндайтын материал жолдау не оны әлеуметтік желіге жариялап, 31 арнаның ресми парақшасын белгілеу жеткілікті. "Информбюро" ұжымы ең әсерлі оқиғалар негізінде арнайы бейнематериал дайындайды.
Еске салайық, биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай әскери парад 7 мамыр күні Астанадағы "Қазақ елі" монументінің алдында өтеді.
Қазір салтанатты шараға қызу дайындық жүріп жатыр. Парад кезінде екінші дүниежүзілік соғыста жаудың "Тигр" мен "Пантерасын" ойсырата жеңген Т-34 танкі алаңға бірінші болып шығатыны белгілі.
Жалпы, парад үш кезеңнен тұрады. Алаңға жиналған қауым сарбаздар маршын, техникалар мен әуе шеруін тамашалайды. Бұл ауқымды шараға 2,5 миллиард теңге бөлінген. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында 4 мыңнан астам сарбаз сап түзейтін болса, шеру сапында 200-ден астам қыз-келіншек бар.
Оқи отырыңыз: Алматыда Ұлы Жеңіс естеліктеріне арналған халықаралық конференция өтті