Міндетті ҚҚС электронды түрде тауар сататын азаматтарға және қызмет көрсететін шетелдік интернет компанияларға енгізіледі. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасова мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, шетелдік интернет компанияларды тіркеу тәртібі өзгерді. Сондай-ақ, олар бұрынғыдай салық есебін ұсынып отырудан босатылды.
Бұдан өзге екінші деңгейдегі банктердің шетелдік интернет-компанияларға транзакциялар бойынша мәліметтерді ұсыну мәселесі қарастырылып жатыр.
"Трансшекаралық электрондық коммерция субъектілеріне, оның ішінде ЕАЭО шеңберінде қосарланған салық салынатыны ескерілді. Тауарлармен өзара электрондық сауда шеңберінде жанама салықтар алу тәртібін үйлестіру және олардың төленуін бақылау тетігін оңайлату мақсатында ЕАЭО-да тауарлармен ішкі электрондық сауданы жүзеге асыру кезінде ҚҚС алу бойынша ЕАЭО шартына өзгерістер енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз," – деді Әсел Жанасова.
Еске салсақ, шетелге көшкен қазақстандықтардың БЖЗҚ-дан 17 миллиардтан астам теңге алып кеткені туралы хабарлаған едік. Барлық қаржылық операция ұлттық банктің ресми бағамына сәйкес есептелінген.