Биыл Қазақстаннан шетелге көшкендер зейнетақы қорынан 17 миллиард теңгеден астам қаражат алған. БЖЗҚ бұл қаражаттың 14 миллиардын Ресей рублімен берсе, 120-ға жуық азамат ақшасын АҚШ долларымен алған, деп хабарлайды 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қазақстаннан біржолата кетіп, өзге елдің азаматтығын алған 8 мыңнан астам адам осы жылы зейнетақы қорындағы қаражатын шешіп алды. Бұл – 17 миллиард 3 миллион теңге. Зейнетақы қоры 2,2 миллиард теңгенің 860 төлемін ұлттық валютада берсе, 14 миллиард теңгені рубльге конвертациялап аударған. Ал АҚШ долларымен 500 миллион теңгеге тең сома берілген. Еуромен 200 миллион теңге, фунд стерлингпен 50 миллион теңгенің төлемі жүргізілген. Барлық қаржылық операция ұлттық банктің ресми бағамына сәйкес есептелінген.
Қордағы қаражатты шешіп алғандардың 7 мың 300-ден астамы Ресейге, 71-і Германияға кеткен. Беларусь еліне қоныс аударғандар саны – 36. Одан кейін 18 төлем тікелей АҚШ-қа жіберілген. Өзбекстанға тек 10 адам төлем жасауды сұратқан. Ал сарапшылар, Қазақстаннан білімді жастар мен білікті мамандардың кетіп жатқаны жасырын емес, дейді.
"Бұл жерде екі санатқа бөлуге болады. Жастардың және орта белден асқан азаматтардың кетуі деп. Жастардың кетуінің бірден-бір себебі – ішкі потенциалын, ой-жігерін Қазақстанда жүзеге асыра алмауы. Ал орта белден асқан азаматтар тапшы мамандар қатарын толықтыру үшін кетіп жатыр. Кеңес өкіметі кезінен сақталған инженер, технологтар секілді мамандықтар қазір шет мемлекеттерде жоғары сұранысқа ие", – деді экономист Мақсат Серәлі.
Сарапшылар қоныс аударғандардың ішінде байырғы Отанына қайта кеткендердің де аз емес екенін айтады. Бірақ, жастардың көбі шетелдік компаниялардың ұсынатын әлеуметтік пакеттеріне қызығып жүр. Айта кетейік, жинақталған зейнетақы қаражаттары басқа елдің азаматтығын алған жағдайда ғана беріледі. Ал шетелде уақытша тұратындарға мұндай мүмкіндік жоқ. Қайткен күнде де, Қазақстанға келушілерден қарағанда елімізден кетіп жатқандардың саны басым. Мәселен, осы жылдың қаңтар-мамыр аралығында елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің саны 3 662 адам болса, кеткендердің саны 10 мыңға жуық адамды құрайды.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: