Тікелей эфир

"200 мың теңге". Ақтөбеде жүргізуші куәлігін сатқан ХҚКО қызметкерлері ұсталды

Қазір тергеу жүріп жатыр.

Ақтөбе облысының Полиция департаменті 200 мың теңгеге жүргізуші куәлігін алып берумен айналысқан  қылмыстық топты ұстады. Олар мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері, деп мәлімдеді Polisia.kz.

ХҚКО қызметкерлері белгіленген кандидаттарды міндетті теориялық емтиханға металл іздегішпен тексермей, кедергісіз өткізген. Себебі олар компьютер сыныбына құлапқап, микрофон және камерамен кіріп, мониторда шыққан сұрақтарды қылмыстық топтың мүшесіне көрсетіп отырған. Ал олар жалдамалы пәтерде отырып, дұрыс жауаптарды нұсқаған. Топтың тағы бір мүшесі емтихан кезінде көрші кабинеттен роутер арқылы интернет қосып отырған. Осылайша азаматтар тестті заңсыз  тапсырып, жүргізуші куәліктеріне қол жеткізген. 

Алдын ала ақша берген кандидаттардың тізімін топ мүшелерінің сыбайластары жасап отырған.

"Жалдамалы пәтерді тінту кезінде полиция қызметкерлері 6 690 000 теңге, 1800 АҚШ долларын тәркіледі. Сондай-ақ мини-құлаққаптар, кішкентай бейнекамералар, камералары бар емтихан тапсыруға арналған жилеттер, қуаттау құрылғысы және тағы да  басқа заттар тәркіленді", – деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар жеке тексеру кезінде бір экзамен тапсырушыдан марихуанаға ұқсас өсімдік тектес зат табылды.


Оқи отырыңыз: Полиция жүргізуші куәлігін талап етсе, не істеу керек?


Арнайы операция барысында мамандандырылған ХҚКО-ның ауласында кезегін күтіп тұрған, өзіне қажетті техникамен жабдықталған тағы бір азамат ұсталды.

Қазір тергеу жүріп жатыр.

Серіктестер жаңалықтары