Жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық олимпиаданың ақтық кезеңінің қорытындысы бойынша 183 оқушы алтын медаль жеңіп алды. Ал 274 оқушы күміс және 462 оқушы қола медаль иеленді. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Олимпиада Oqylyq.kz платформасында электронды форматта өтті. Жеңімпаздар іріктеуден кейін олимпиадалық резервке түсіп, оларға оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылады. Нәтижесінде Қазақстанның намысын IMO сияқты ауқымды халықаралық олимпиадаларда қорғайтын ұлттық құрама жасақталады", – деді "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешов.
Биыл медальдар саны былтырмен салыстырғанда көп. 2021 жылы республикалық олимпиадада 122 қатысушы алтын, 214 күміс және 349 қола медаль жеңіп алған болатын.
Оқи отырыңыз: Республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі онлайн форматта өтеді