16-17 желтоқсан күндері Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмысы уақытша тоқтатылады, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитеті.
"Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктері туралы келісімге сәйкес, екі елдің мерекелік күндерінде өткізу пунктерінің жұмысы уақытша тоқтатылады. Жақын арада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты 2024 жылғы 16-17 желтоқсан аралығында Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобиль өткізу пункттерінде адамдарды, көлік құралдарын және жүктерді өткізу жүзеге асырылмайды", – делінген хабарламада.
Комитеттің мәліметінше, Қазақстан-Қытай шекарасындағы теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмысын жалғастырады.
"Осыған байланысты комитет тасымалдаушыларға маршруттарды алдын ала түзетіп, өткізу пункттері жұмысының кестесіндегі ықтимал өзгерістерді ескеруді ұсынады", – делінген хабарламада.