Тікелей эфир

1 мамырда Алматы мен Астанада қандай мерекелік іс-шаралар өтеді?

Қазақстан халқының бірлігі күні Астана, Алматыда бірқатар мәдени-бұқаралық шаралар өткізу жоспарланып отыр.

Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін барлық төрт ауданда, ашық алаңдарда  70-ке жуық іс-шара – мерекелік концерттер, спорттық жарыстар, интерактивтер ұйымдастырылады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Астана

1 мамыр сағат 11:00-де Жазушылар аллеясында ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтеді. Ал Триатлон саябағында этномәдени бірлестіктер мен елшіліктердің өкілдері салтанатты түрде ағаш отырғызады. Мұнда көрме-жәрмеңке ұйымдастырылады.

"Бәйтерек" монументі мен қала алаңының жанындағы алаңда сағат 12:00-де мерекелік іс-шаралар басталады. Қонақтарға арнап қала ұйымдарының шығармашылық ұжымдарының, мемлекеттік академиялық филармония әртістерінің және отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді. Іс-шаралар қаланың аула клубтарында, саябақтарда өткізіледі. Бұл күні елордада субұрқақтар іске қосылады.

Бұдан басқа, спорттық-бұқаралық іс-шараларды EXPO халықаралық көрме орталығының, "Ататүрік", "Көктал" саябақтарының, "Қазақ елі" монументінің маңында өткізу жоспарланған. Қала тұрғындары ұлттық спорт түрлері бойынша, оның ішінде асық ату, армрестлинг, арқан тарту және гір көтеру бойынша жарыстарға қатыса алады.

Триатлон саябағында спортсүйер қауымды мерекелік марафон күтіп тұр. Сондай-ақ, аудан әкімдіктерінде көпбалалы аналарға "Алтын алқа" және "Күміс алқа" төсбелгілері табысталады.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, 1 мамырда сағат 10:00-де Қазақстан халқының Бірлігі күніне арналған қалалық концерт Абай алаңында Республика сарайының алдында  өтеді. Концерт "Жасstars" тобының және ҚР мемлекеттік еңбек сіңірген "Салтанат" би ансамблінің орындауындағы вокалдық-би композициясымен ашылады. Ерболат Құдайбергенов, Рүстем Нұржігіт, Данияр Өтеген, Мәди Рымбаева, Дильназ және Дильшат Ахмадиевтер, Төреғали Төреәлі, Дидар Каден, Aldaspan топтары және тағы басқа әншілер өнер көрсетеді деп жоспарланған. 

Алматы – ШЫҰ-ның 2023-2024 жылдардағы мәдени және туристік астанасы. Осыған орай, қала мереке күндері Татарстан, Өзбекстан және Беларуссиядан келген қонақтарды қарсы алады. Концертке халықаралық байқаулардың лауреаты Зарина Хасаншина, Өзбекстанның, Қарақалпақстанның, Башқұртстанның халық әртісі Жеңісбек Пиязов және Беларусь Республикасының еңбек сіңірген артисі Жанет Бутерус қатысады. Мерекелік концерттің жалғасы ретінде қазақ, армян, корей, кавказ, түрік, ұйғыр, поляк ұлттық билері және Қазақстанның басқа халықтарының билері ұсынылады.

Дәл осы күні Абай алаңында Қазақстан халықтарының тағамдары фестивалі өтеді, онда 15 мейрамхана қазақ, корей, грузин, орыс, ұйғыр және үнднің ұлттық тағамдарын ұсынады. 

1 мамыр күні сағат 11.00-де Жібек Жолы, Панфилов көшелерінде және Ғылым Академиясы ғимаратының алдындағы Шоқан Уәлиханов атындағы скверде мерекелік іс-шаралар өтеді. Концерттік бағдарламалар "Алматы әуендері" әртістерінің және "Алатау" дәстүрлі өнер театрының, Қазақстан халқы Ассамблеясының, музыкалық топтар мен ди-джейлердің қатысуымен жоспарланған. 

Серіктестер жаңалықтары