Тікелей эфир

Мемлекеттік БАҚ биліктің қолжаулығы ма? Cараптама

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Халықтың мұңын айту және билік тапсырмасы. Мемлекеттік БАҚ қайсын орындап отыр? Журналистер жауап берді.
(Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді)

"Қазіргі кезде мемлекеттік БАҚ биліктің қолжаулығына айналып отыр"

Бағдарлама журналист Ербол Мәндібектің "Қазақстан" ұлттық арнасынан жұмыстан кетуі туралы әңгімесінен басталды. Осы арнаның ақпараттық сараптамалар бөлімінде 4 жылдай уақыт арнайы тілші болып істеген журналист пандемия кезінде басшылықпен келіспей қалғанын айтады:

"Коронавирус індеті басталған кезде халық қатты қиналғанын жақсы білесіздер. Арнадағы жиналыстардың бірінде маған "бір отбасы 42 500 теңгеге өмір сүре алады" деген сюжет жасау туралы тапсырма берілді. Бірақ, мен бұдан саналы түрде бас тарттым. Неге? Себебі, халықтың ашу-ызасын көріп отырмын. Шынын айтқанда, мемлекеттік БАҚ басшылары журналистерді кез-келген тапсырманы орындайтын зомби ретінде көре бастағанына күлкім келді. Керісінше 42 500 теңге халықтың жыртығын жамауға жетпейтіні туралы сюжет жасауды ұсындым. Оны ешкім қабылдамады. Содан кейін әлеуметтік желідегі парақшамда халықтың жағдайы туралы ашық түрде жаза бастадым. Аш қалсам да, халықтың жағында болайын деп шештім".

Ербол Мәндібек "қазіргі таңда қазақстандық БАҚ-та cөз бостандығы бар деп айтудың өзі күлкілі" дейді:

"Қазіргі мемлекеттік БАҚ биліктің қолжаулығына айналып отыр. Ондағы журналистердің еркіндігін әбден шектеп тастаған. Мәселен, "Қазақстан" ұлттық арнасына жұмысқа тұруға келгенде, 2 келісімшартқа қол қоясың. Біріншісі еңбек келісімшарты болса, қосымша шарттың мазмұны "мен "Қазақстан" ұлттық арнасының тілшісі ретінде үкіметті, шенеуніктерді, билік өкілдерін сынамаймын және олардың абыройына нұқсан келтірмеймін" дегенге саяды. Соған келіспесең, орысша айтқанда "до свидания!" деп, жұмыспен қош айтысасың".

"Қазақстан" телерадиокомпаниясының аутсорсинг компаниялармен жұмыс бөлімінің басшысы Айдос Жұқанұлы әріптесінің бұл пікірімен келіспейді:

"Ерболдың айтып отырғаны – бейбәсекелестік туралы қосымша келісімшарт. Оған мен де қол қойғанмын. Маған мемлекет жалақы беріп отыр. Мен ақшасын алып отырғандықтан, мемлекетті сынамаймын. Бұл этика деп аталады. Келісімшартқа қол қойдыңыз ба, сол үшін өзіңіз жауап бересіз".

Оқи отырыңыз: Медиа еркіндік. Қай елдер журналистер үшін қауіпті?

Сондай-ақ, Айдос Жұқанұлы "Қазақстан" арнасының ақпараттық сараптамалар бөлімінде "Мәселе", "Ашық алаң" бағдарламаларында халықтың басындағы проблема ешқандай цензурасыз айтылып жүргеніне тоқталды. Одан кейін ол экс-әріптесінің 4 жыл бойы президенттік пул тобында жұмыс істеп келіп, енді өзі "су ішкен құдығына түкіріп отырғанын" сынға алды:

"Ербол мырза президентпен бірге талай VIP-ұшақта ұшып, қаншама журналистер армандап, жете алмай жүрген елдерге барды. Бес жұлдызды қонақүйлерде жатты. "Қазақстан" телеарнасы берген қаржымен шалқып өмір сүрді. Мемлекеттік бағдарламамен үй алды. Енді келіп, осылай сөйлеп отырғанына таң қалып тұрмын".

Цензураның үлкен-кішісі болмайды

Ал "Дат" жобасының жетекшісі Ермұрат Бапи "цензураның үлкен-кішісі болмайтынын" айтады:

"Цензура атауында өлшем жоқ. Ал әлгіндегідей мемлекеттік БАҚ-қа журналисті екі келісімшартпен алу дегеніміз – cол цензураның нақ өзі, журналистің аузын жабу жолы. Бұл – жоғары жақтан түскен тапсырма. Мәселен, "Хабар" арнасының кадр бөлімінде ҰҚК қызметкері отырғанын білемін. Ол жұмысқа тұратын адамның саяси көзқарасы, сотталған-cотталмағанына дейін тексеріп алады. Мысалы, менің жұбайымды кезінде сол "Хабардан" жұмыстан шығарып жіберді. Ол жерде менің туыстарым жұмыс істей алмайды".


Бағдарлама жүргізушісі Ерқанат Көпжасарұлы "Ана тілі" газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанға "бір кездері билікті сынап келіп, қазір қалай "Нұр Отан" партиясын қолдау лигасының мүшесіне айналып кеттіңіз?" деген сұрақ қойды. Бұған Жанарбек Әшімжан "мен ешқашан позициямды ауыстырған емеспін" деп жауап қатты:

"Журналистикаға 90-жылдардың ортасында келдік. "Жас Алашта" жүргенде Даниал Ахметов, Шалбай Құлмаханов, Рахат Әлиев, Мұхтар Әбіләзов сияқты талай саяси қайраткерлерді сынап жаздық. Кейін "Жас қазақта" істегенде де осы бағыттан айныған емеспін. Қазір "Ана тілін" ашып қарасаңыз, елдің, тілдің жайын, әлеуметтік жағдайды, саяси ахуалды қаузап жатырмыз. Әлеуметтік желіде де көзқарасымды айтып жүрмін. Маған "мемлекеттік БАҚ басшысысың, мына пікірді былай деп жеткіз" деген талап-тілектер әлі айтылған жоқ".

Сондай-ақ, редактордың айтуынша, қазіргі таңда ол "Ана тілі" газетінің журналистерінің аузына қақпақ қойып отырған жоқ. Журналистер газет бетінде өздері қалаған тақырыпты қаузап, белгілі тұлғалар, облыс басшыларына қатысты сыни материалдарды жиі жазып жүр.

Оқи отырыңыз: Интернеттің саясилануы неге әкелмек?

Ербол Мәндібектің ойынша, қазіргі мемлекеттік БАҚ бірінші кезекте халықтың мұңын айтудың орнына биліктің тапсырмасын орындайды:

"Ел ішінде резонанс тудырған мәселе болса, оны эфирден көрсету-көрсетпеу де арнайы стратегиялық тапсырма арқылы шешіледі. Бізде журналистиканы тұралатып, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын сүйкімсіз етіп көрсетіп тұрған бір-ақ мекеме бар. Ол – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Осы министрлік елде жоқ ережелерді ойлап тауып, БАҚ-тың төбесінен төніп тұр. Осы құрылымды құрту керек".

Ал Ермұрат Бапи әріптесі Ербол Мәндібектің пікірін қолдайтынын, алайда өзгерістер тек бір ғана салада жасалмайтынын айтады:

"Бұл жерде бір ғана сала емес, тұтас жүйе кінәлі. Бір ғана ақпарат саласын демократияландыру мүмкін емес. Жүйені толығымен өзгертпейінше, ештеңе болмайды. Министрдің өзі – менеджер, жоғарыдан түскен тапсырманы орындаушы. Бұл жерде министр жалғыз өзі ештеңе шешпейді. Ол өзінің бойынан биікке секіре алмайды. Себебі, бізде саяси режим белгілеген "планка" бар. Елді толықтай демократияландыру ісі қолға алынбайынша, оның кішкентай ғана бөлшегін өзгерте алмаймыз".

Журналистерге әлеуметтік мәртебе берілуі керек пе?

Жанарбек Әшімжан президент қабылдауында болған кезінде журналистердің әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілетін корпусқа кірмейтінін айтып, мәселе көтергенін айтты:

"Кейде журналистер қоғамның насихатшысы, идеологиялық майдандағы қара есегі сияқты әсер қалдырады. "Олардың да бала-шағасы бар, оларға да үй-жай керек" деген әңгімені мен президенттің алдында айттым. Оның жауабын тиісті орындар беретін болды".

Оқи отырыңыз: Жалған ақпарат таратушылар қалай жазаланады? Қылмыстық және әкімшілік кодекс баптары

Ермұрат Бапи әріптесінің бұл пікірін құптайды:

"Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан журналистерге арналған қандай да бір жеңілдіктер қарастырылғаны дұрыс шығар. Себебі, көптеген журналистер қаңғып жүрген адамдар сияқты. Олардың пәтер не жер алу мүмкіндігі жоқ".

Ал Айдос Жұқанұлы белгілі бір мамандық иесін басқалардан бөліп-жарып, оған мәртебе беруге қарсы:

"Өз басым мұғалімдердің мәртебесі не журналистердің статусы деп бөлгенді жөн санамаймын. Неге біз шахтерлердің немесе көлік жүргізушілерінің мәртебесі туралы солай сөйлемейміз? Жалпы, кез келген саладағы қызметкердің құқығын қорғау үшін кәсіподақ ұйымдары дамуы керек деп есептеймін. Алдағы уақытта журналистердің үлкен бір кәсіподақ ұйымы құрылып, соған бәріміз мүше болсақ деймін. Журналистердің сөз бостандығы мен баспана мәселесін шешу үшін кәсіподақ ұйымдарының жұмысы жандануы қажет".

Серіктестер жаңалықтары