Тікелей эфир

"Жүрек ауруына шалдығуды 21 пайыз арттырады". Трансмайларды тұтынудың қаупі қандай

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
2000 жылдан бері елде жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығу көрсеткіші 2,4 есе өскен.

"Ұлттық нутрициологтар мен денсаулық бойынша коучтер" қауымдастығының негізін қалаушы Екатерина Вахрушева азық-түлік компанияларына тамақ өнімдеріне трансмайларды 20 пайызға дейін қосуға рұқсат беру денсаулық үшін аса қауіпті екенін айтады. Бұған дейін тек 2 пайызға дейін қосуға рұқсат берілген болатын. Осы орайда нутрициологтан бұл бастаманың салдары қандай болуы мүмкін екені туралы сұрап білдік. 

– Азық-түлік өндірушілеріне өнеркәсіптік трансмайларды 20 пайызға дейін қосуға рұқсат берудің салдары қандай болуы мүмкін?

– Нутрициолог, тұтынушы және үш баланың анасы ретінде мұндай ұсыныстарға мүлдем қарсымын. Трансмайлардың аса қауіпті екенін барлығы біледі. Олар жүрек-қан тамырлары, салмақ қосу, метаболикалық синдром сынды дерттерге шалдықтырады. Қан құрамында зиянды холестерин күрт артып, тамырларда түйіршіктер пайда болады және біртіндеп тамырлар бітеле бастайды. Осының барлығы инфаркт пен инсультке алып келеді. Оның үстіне соңғы ғылыми зерттеулер трансмайлардың кішкене ғана мөлшерінің өзі денсаулыққа аса зиян екенін көрсетіп отыр. Ал егер олардың өнімдердегі мөлшері 20 пайыз болса, бұл сөзсіз жүрек-қан тамырлары патологиясына алып келеді. Сутектендірілген майларды тұтынған кезде адам ағзасындағы теріс өзгерістерді бірден байқамайды. Яғни жүрек-қан тамырлары, артық салмақ секілді проблемалар бір күнде пайда болмайды. Олар трансмайларды ұзақ тұтынудың нәтижесі. Инсульт пен инфаркт қаупі жастардың өзінде бірнеше есе арта түседі. Осы орайда халықты трансмайлардың неліктен қауіпті екенімен хабардар ету аса маңызды. Қазір нутрициологтармен осы бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз. 

– ДДСҰ-ның тағамдағы трансмайларға қатысты ұсыныстары қандай?

– ДДСҰ ғылыми зерттеулер деректеріне сүйене отырып, трансмайларды азайтуды ұсынады. Мысалы, күнделікті трансмайларды көп тұтыну жүрек ауруларына шалдығу қаупін 21 пайызға арттырады, ал жалпы өлім-жітім 28 пайызға артатыны дәлелденді. Біз бұл жерде жас, еңбекке қабілетті адамдар туралы айтып отырмыз. ДДСҰ Қазақстанда зерттеу жүргізіп, бізге қарағанда Еуропа елдерінде халықтың жүрек-қан тамырлары ауруларынан өлу коэффициенті екі есе аз екенін анықтаған. Тіпті, 2000 жылдан бері елде жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығу көрсеткіші 2,4 есе өскен. Мұнымен қатар трансмайлар әйелдердің гормоналды фонына теріс әсер етеді. 

Әйелдің жыныстық гормондары "жақсы" холестерин – жоғары тығыздықтағы липопротеидтерден құрылады. Егер "нашар" холестерин – төмен тығыздықтағы липопротеидтер басым болса, онда әйелдің гормоналды тепе-теңдігі бұзылады. Кейін осының әсерінен көңіл-күйі өзгеріп, қан қысымы күрт көтеріледі. Ал балалар көбінесе артық салмақтан зиян шегеді. Себебі трансмайлары көп тағамдарда қант та көп болады. Осыны ескере отырып нутрициологтар трансмайларды мүлдем тұтынбауға кеңес береді. 


Оқи отырыңыз: Дененің ісінуі, шаштың түсуі және ұйқысыздықтың себебі не? Фармацевт-нутрициолог түсіндірді


ЕАЭО ғылыми-медициналық деректерге сүйене отырып, азық-түлік өнімдерінің 2 пайызын ғана трансмайлар құрауы тиіс деген қорытындыға келіп отыр. Ал норманы 10 есе өсіру халық денсаулығы үшін аса зиян. 

– Ал дамыған елдерде, мысалы, Еуропада трансмайлардың мөлшері қалай реттеледі?

– Еуропада өнімдердегі трансмайлардың мөлшері өте қатаң бақыланады. Бүгінгі таңда ЕАЭО-да қолданылып жүрген 2% шегінен едәуір қатаң стандарттар бар. Сонымен қатар, трансмайларға толық тыйым салынбаған елдерде өнімдерге арнайы белгі қою міндеттеледі. Мысалы, 2007 жылдан бері Ұлыбритания трансмайлардың бар екені туралы ақпаратты өнімнің сыртына арнайы белгі арқылы көрсетеді. 2015 жылы Францияда трансмайларға қатысты қатаң ережелер бекітілді. Онда 2 пайыздан да аз мөлшерде қолдануға рұқсат. Ал Дания азық-түлікте өнеркәсіптік трансмайларды пайдалануға толық тыйым салған алғашқы елдердің бірі. Бүгінгі таңда Еуропаның көптеген елі Даниядан үлгі алып жатыр. ЕО-дағы медициналық органдар трансмайларды тұтыну жоғарыда атап өткен аурулардан бөлек, эмоциялық бұзылуларға әкелетінін халыққа жаппай түсіндіріп жатыр. 

Құрамында трансмайлары көп өнімдер \ Фото: depositphotos.com

– Неге отандық азық-түлік саласының кейбір кәсіпорындары бүгінгі таңда рұқсат етілген норманы бірден он есе арттырғысы келеді деп ойлайсыз?

– Отандық өндірушілердің арасында өз өнімдерін ЕАЭО техрегламентіне ғана емес, сонымен қатар ТМҚ құрамына қатысты қатаң әлемдік стандарттарға толық сәйкестігін қамтамасыз ете алғандар бар. Яғни бұл технологиялық тұрғыдан қолжетімді. Бұл жерде мәселе техникалық қиындықтарда емес. Мәселе өнеркәсіптік ТМҚ арзан болуына байланысты тамақ өнімдерінің құнын айтарлықтай төмендететінінде. Яғни біз айтып отырған мәселенің өзіндік коммерциялық мүддесі бар. Өндіруші кәсіпорындар трансмайлардың үлесін көбейтсе, көп ақша табады – сондықтан бұл идеяны әртүрлі деңгейде көтеруге мүдделі. Менің ойымша, жеке компаниялардың халыққа зиянды тамақ өнімдерін сату арқылы көбірек ақша табуға деген ұмтылысына жол берілмеуі керек. Бақылау жүргізетін мемлекеттік органдар бұған жол бермеу үшін бәрін жасауы тиіс.

– Сіздің ойыңызша, тағам құрамындағы трансмайларды қолдану талаптарының сақталуын қалай қамтамасыз ету керек? 

– Дүкенге келгенде сөреде жатқан әрбір өнімнің барлық санитарлық, медициналық және өнеркәсіптік стандарттарға сай екеніне сенімді болғымыз келетіні сөзсіз. Бұған мемлекеттік органдар жауап беруі тиіс. Барлығына бірдей, тең және ашық талаптарды қамтамасыз ету маңызды. Сатылымға шығатын азық-түлік партияларына үнемі мониторинг жүргізу және бақылаушы органдардың өте қатаң өкілеттіктері қажет. Сондай-ақ регламенттер мен белгіленген стандарттарды бұзатын жосықсыз өндірушілерге айыппұл салу қажет. Сонымен қатар айыппұлдардың мөлшері азын-аулақ болмауы керек. Бұл кәсіпорындарды стандарттарды қатаң сақтауға ынталандыру үшін қажет – бақылау жүйесі дамыған елдерде осылай жұмыс істейді.


Оқи отырыңыз: Италия биотехнологы: Косметика өндіріп бастауыма баламның тері ауруы себеп болды


Құрамындағы ТМҚ нормаларын бақылау үшін зертханалық және техникалық мүмкіндіктер туралы айтатын болсақ, онда, әрине, олар мемлекетте бар. Сараптамалық бірлестіктер, атап айтқанда біздің нутрициологтар қауымдастығы да өз тарапымыздан осы мәселелерде көмектесуге дайынбыз. Тексерулердің жүйелі сипатын қамтамасыз ету, азық-түлік өндірушісі кез келген уақытта сараптама ала алатындай қызмет көрсету маңызды. Бұл бизнеске қысым жасау деген сөз емес, бұл қалыпты әлемдік тәжірибе.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары