Алматы қаласының қауіпті сейсмологиялық аймақта орналасқаны жасырын емес. Тарихқа үңілсек, бұл өңірде бірнеше алапат жер сілкінісі орын алғаны белгілі. Солардың алғашқысы – 1887 жылы Верныйда болған зілзала.
1887 жылы 28 мамырға қараған түні таңғы сағат 4:30-да қала тұрғындары жер сілкінісінен оянды. Алғашқы дүмпудің магнитудасы 5 баллды құраса, 5 минуттан кейін 8-9 баллға жеткен.
Басылым беттерінде зілзала куәгерлерінің жан түршігерлік оқиғаны баяндаған әңгімелері жарық көрді.
"28 мамырда таңертең қатты дүмпу естілді. Жердің тербелісі бір секундтан аспай бәрі тынышталды, қарапайым жер сілкінісі сияқты көрінді. Бірақ, шамамен 5 минуттан кейін екінші дүмпу болғанда, қабырғадан гипс төгіле бастады, пештер, қабырғалар мен төбелер құлады. Зілзаланың шуы мен гүрілі жүз шақырымға естілді, ал көтерілген шаң қала көшелерін тұмандай басты", – деп жазды қала тұрғындарының бірі "Туркестанские Ведомости" газетінің 1887 жылғы 30 маусымда шыққан санында.
Жер сілкінісі салдарынан 140 адамның қайтыс болғыны, оның 105-і бала екені хабарланды.
Оқи отырыңыз: Алматыда жер сілкінді
"Сол сәтте көпқабатты үйде болғандардың жағдайын сипаттау қиын: тастар, әйнектер, заттар ұшты, қабырғалар, төбелер құлап, содан кейін ғимараттар толық қирады", – делінген "Жаңалықтар мен биржалық газет" баспасының 1887 жылы 21 маусымда шыққан санында.
Қаланы қалпына келтіру бойынша жұмыстар тез арада қолға алынды. Зілзаладан кейін ағаш ғимараттар тұрғызуға басымдық берілді. Себебі, жер сілкінісі кезінде тастан тұрғызылған ғимараттардың барлығы қирап қалған.
"Тас ғимараттар саны – 1 799, ауылдарда — 139. Барлығы жойылды. Ауылдардағы ағаш ғимараттар саны – 839, барлығы дерлік тұруға жарамды" делінген апаттан кейінгі есепте.
Оқи отырыңыз: "Ғасырдан да ұзақ түн": Алматыдағы жер сілкінісі әлеуметтік желіде қалай көрініс тапты?
Тау-кен департаменті геолог-ғалым, профессор Иван Мушкетовтың ғылыми жетекшілігімен арнайы экспедиция ұйымдастырды. Ол Верныймен қатар, жер сілкінісінің бүкіл аумағында зілзаланың жойқын салдарын егжей-тегжейлі сипаттап, зерттеді.
Ресми мәліметтерге сәйкес, апат салдарынан 8000-ға жуық адам баспанасыз қалған. Бірінші кезекте мұқтаждарды тегін тамақтандыратын наубайхана пештері қалпына келтірілді. Тұрғындар амалсыздан дәл алаңда шатырлар тікті.
Қаланы қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүрді, қараша айының соңына қарай Верныйда 1170 үй салынды.
Оқи отырыңыз: Жер сілкінгенде үйде, көшеде және көлікте қандай қауіпсіздік шараларын сақтау қажет
Зілзаладан кейін қаланың орталық бөлігінде бос учаскелер пайда болды. Ол жерде қоғамдық құрылыс нысандары бой көтерді: Верный қалалық басқармасы, өрт сөндіру депосы, Түркістан рухани консисториясы және метеорологиялық обсерваториясы болды. Қаланың батыс шетінде, Үлкен Алматы станицасының оңтүстігінде ақыл-есі ауысқан науқастарға арналған емхананың аумағы пайда болды.
Жер сілкінісінен 30 жыл өткеннен кейін қала белгіленген шекарадан шығып үлгерді және Арычнаядан (Абай даңғылы) жоғары орналасқан қалалық жайылымдар аумағында құрылыс басталды. Ол уақытта Верныйда Жетісудың барлық облыстық мекемелері шоғырланған, халқы 37 мың адамды құрады, 2100 тұрғын үй болды.
Верныйдың балансында Түркістан рухани консисториясы, 11 мешіт, 9 шіркеу, 18 оқу орны, бау-бақша және орман шаруашылығы мектептері, орыс тау-кен қоғамының Жетісу бөлімі, шағын облыстық мұражай, 66 фабрика мен зауыт, әскери, қоғамдық және коммерциялық жиналыс үйлері болды.