Ресми деректер бойынша Қазақстанда 28 567 әйел мен 111 ер адамға бедеулік диагнозы қойылып, олар есепте тұр. 1995 жылдан бері жүз мыңнан астам жұп көмекші репродуктивті технологиялардың арқасында емделіп, соңғы 29 жыл ішінде 37 мың сәби дүние есігін ашты. Ал 2021 жылдан бері МӘМС есебінен қаржыландырылатын "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында 8 мың сәби ЭКҰ арқылы туды. Репродуктивті Медицина Институтының репродуктолог дәрігері Аяулым Қосетова соңғы жылдары ЭКҰ-мен қатар құрсақ ана көмегіне жүгінетін жұптардың көбейгенін айтады. Осы орайда дәрігер құрсақ ана таңдау кезінде нені ескеру керегі, кімдердің құрсақ ана бола алатыны және бұл қызметтің елімізде қанша тұратыны туралы әңгімеледі.
– Қазақстанда құрсақ ана қызметіне жүгінетіндер көп пе? Елдегі бедеулік пен суррогат ана көмегіне жүгіну көрсеткіші қандай?
– Өкінішке орай, бедеулік мәселесі Қазақстанда өте өткір болып тұр. Осының себебінен эстракорпоральды ұрықтандыруға жүгінетіндер саны көп. Статистикалық мәліметтерді алсақ, елдегі әрбір алтыншы отбасы баласыз қиналып отыр. Әлеуметтанушылардың сауалнамасына қатысқандардың 20 пайызы ажырасудың себебін "бедеулік" деп көрсеткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бедеулік тікелей демографиялық көрсеткіштерге әсер ететіндіктен, бұл мемлекеттің де мәселесі. Осы орайда ЭКҰ жасатуға және құрсақ ана көмегін алу үшін біздің клиникамызға жүгінетіндер саны көп.
– Қазақстанда немесе клиникаларыңызда бұл қызметтің орташа бағасы қандай?
– Құрсақ ана көмегіне жүгіну 3,5 миллион теңгеден асады.
– Көбіне қанша жастағы әйелдер құрсақ ана болады?
– Ескере кету керек – бұрын-соңды ана атанбаған, яғни босанып көрмеген әйелдер құрсақ ана бола алмайды. Қазақстанда заң бойынша 20 мен 35 жас арасындағы әйелдер құрсақ ана бола алады. Сондай-ақ кем дегенде 1 баласы бар, кесарь тілігі болмаған әйелдер құрсақ ана атана алады.
– Құрсақ ана көмегіне жүгінген кезде баланың жынысын алдын ала таңдау мүмкіндігі бар ма немесе жұптар егіздерді қаласа ше?
– ЭКҰ жасатуға келген азаматтарға алдын ала баланың жынысын анықтауға заң рұқсат бермейді. Сондай-ақ, құрсақ аналарға екі эмбрион салуға кеңес бермейміз. Себебі, егіздер мерзімінен ерте туу мүмкін. Бұл өз кезегінде екі тараптың да денсаулығы үшін қауіпті.
Оқи отырыңыз: Бес жасар Аиша төрт тілде еркін сөйлейді. Баланы қалай полиглот етіп тәрбиелеуге болады
– Құрсақ ананы таңдау процесі бастан-аяқ қалай жүреді?
– Алдымен репродуктолог дәрігер құрсақ анаға ұсынылып отырған әйелді тексереді. Яғни міндетті түрде ультрадыбыстық тексеру жүргізіп, жатырды және жатырдың ішкі қабаты – эндометриді тексереді. Егер денсаулығында ешқандай кінәраты болмаса, біз құрсақ ана болуға рұқсат береміз. Әрі қарай заңгерге барып келісімшартқа отырады.
– Сіздер ұсынатын құрсақ ана қандай медициналық тексеруден өтеді? Қандай жағдайда әйел суррогат ана бола алмайды?
– Келесі төрт себепке байланысты әйел ана құрсақ ана бола алмайды. Яғни осы жағдайларда біз мүлдем қарастырмаймыз:
- бұрын босанып көрмеген болса;
- кесарь тілігі жасалса;
- миоманы алдыру үшін ота жасалса және жатырында тыртық болса;
- соматикалық және психикалық денсаулығы жарамаса құрсақ ана бола алмайды.
– Заң бойынша құрсақ ана босанған соң, райынан айнып баласын қайтарып ала ала ма? Келісімнің шарттары қандай?
– Құрсақ анамен процесс басталмас бұрын заңды түрде келісімшарт жасалады. Осы келісімге сәйкес әйел адам босанған соң баланы өзіне алып қала алмайды. Себебі нәресте өзінің биологиялық баласы емес.
– Құрсақ ананың болмысы балаға қалай әсер етеді?
– Құрсақ ананың болмысы балаға мүлдем әсер етпейді десек те болады. Себебі дайын эмбрионды жатырына салып берген соң, әйел адам оны құрсағына көтеріп, 9 айдан кейін дүниеге әкеледі. Баланың барлық болмысы биологиялық әке-шешесінікіне ұқсайтын болады.
Оқи отырыңыз: 30 жылда ерлердің ұрығы 3 есе әлсіреген. Бедеуліктің емі бар ма?
– Құрсақ ана баласын кімге бергенін біле ме? Жұптарды құрсақ анамен таныстырасыздар ма? Олар жүктілік кезінде жанында бола ала ма? Өзіне күтім жасау жағынан қосымша көмек көрсете ала ма?
– Әрине, құрсақ ана кімге баланы туып беретінін білетін болады. Құрсақ ананы алып отырған ерлі-зайыптылар мен суррогат ана заңды түрде келісімшартқа отырады. Жүктілікті жүргізуге және босануына көмектесіп, кездесіп отырады. Дәрумендерін, қажет болса дәрі-дермектерін, күнделікті күтіміне және ай сайын жұмсалатын заттарына да ақшалай көмектесіп тұрады.
– Құрсақ аналар "балаңды қалай ақшаға саттың" деген хейтпен бетпе-бет келетінін жасырмайды. Оларға қандай да бір психологиялық көмек көрсетіле ме?
– Қазіргі таңда құрсақ ана табу оңай емес. Сәби сүю мүмкіндігі жоқ жандарға құрсақ ана болуға келген әйелдерге алғыс айтып қана қоймай, қолдау керек. Құрсақ ана міндетті тұрде бөтен әйел емес, пациенттің туысқаны да бола алады. Мысалы, 20 мен 35 жас аралығындағы сіңлісі немесе әпкесі жәрдемдесіп, қол ұшын беріп, сәби сүю арманы орындалсын деген ниетпен баласын туып беретіндер бар.
Жалпы біздің IRM клиникамызда психолог мамандарымыз да жұмыс жасайды. Бедеулікпен келген пациенттерімізге психологиялық тұрғыда кеңес беріп, үлкен қолдау көрсетеді. Сәби сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылардың үмітін оятып, сенімін күшейтеді.
Оқи отырыңыз: "Бедеулікті емдеудің ең тиімді жолы – ЭКО". "Аңсаған сәби" аясында тұңғыш нәресте дүниеге келді