Бөлшек сауда нарығы және FMCG индустриясындағы тұтынушылардың мінез-құлқы туралы деректерді ұсынатын тәуелсіз Nielsen IQ компаниясының мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда әр оныншы қорап темекі заңсыз жолмен сатылған. Ал заңсыз темекі айналымы 9,1 пайызға жеткен: 2021 жылы – 3,3% және 2022 жылы 6,3% болған. Мұнымен қатар, Қазақстанға заңсыз темекі негізінен БАӘ, Ресей және Қырғызстаннан келетіні жазылған. Осы орайда Қазақстанда заңсыз темекі айналымына тосқауыл қою жұмыстарының қалай жүріп жатқаны және денсаулыққа зияны туралы мамандардың не дейтінін Informburo материалынан оқыңыздар.
Статистика не дейді?
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, соңғы бірнеше айда келесі облыстарда заңсыз темекі айналымына тосқауыл қойылды:
- 2023 жыл, 1 қыркүйек: Қостанай облысында 14 мыңнан астам дана;
- 2023 жыл, 2 қыркүйек: Атырау облысында 100 мың қорап;
- 2023 жыл, 18 қазан: Қарағанды облысында 26 мыңнан астам дана;
- 2023 жыл, 17 қараша: Абай облысында 700 қорап;
- 2023 жыл, 4 желтоқсан: Павлодар мен Абай облысында 2 млн қорап;
- 2023 жыл, 19 желтоқсан: Абай облысында 77 млн қорап;
- 2024 жыл, 26 қаңтар: Алматы облысында 11 620 дана.
Төмендегі инфографикадан Қазақстан өңірлері бойынша жалпы темекі айналымындағы заңсыз түрінің үлесін байқауға болады. Қалалар бойынша оңтүстікте Шымкент және солтүстік-шығыста Семей көш бастап тұр:
Заңсыз темекі Қазақстанға қайдан және қалай келеді?
Дәрі-дәрмек, алкоголь сусындары секілді темекі өнімдерінің де "импорт-экспортының" жолдары көп. Сарапшылар дәл қазір олардың екеуі кеңінен тарағанын айтады. Transnational Alliance to Combat Illict Trade халықаралық үкіметтік емес ұйымының есебіне көз жүгіртсек, Қазақстанға контрабандалық темекінің басым бөлігі Біріккен Араб Әмірліктерінен келеді.
Оқи отырыңыз: Лобби және ақпараттық күрес. Майкл Блумбергтің темекімен күресі неге сынға ұшырады
Бірінші жол: Duty Free
TRACIT мәліметінше, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Jebel Ali аталатын еркін сауда аймағында арзан темекі өндіретін 27 фабрика жұмыс істейді. Өндіріс түгелімен заңды. Бұл тауарларға салық салынбайтындықтан, бағасы арзан. Олар жеке тұтынуға немесе Duty Free дүкендерінде сатуға арналған.
Екінші жол: Тауар сақтау қоймалары
Бұл – жаңа тәсіл. Қазақстанның Кеден кодексінің шарттарына сәйкес, транзит жолымен Қазақстан арқылы тасымалданатын тауарларды еліміздің кеден қоймаларында сақтауға болады. Бұл ретте акциз талаптары қолданылмайды, сәйкесінше тауарға ескерту жазбалары мен суреттерін жапсырудың қажеті жоқ. Өйткені, заң бойынша, бұл тауар елден үш жыл ішінде шығып кетуі тиіс.
"Темекі мен вейп онкологиялық ауруларға шалдықтырады"
Алматы қаласындағы №2 қалалық емхананың жалпы практика дәрігері Ардақ Тұрғанбаева ұзақ уақыт бойы шылым шегу онкологиялық ауруларға шалдықтыратынын айтады. Сондай-ақ ол киім мен бөлмеде қалатын темекі мен вейп иісінің әлдеқайда зиян екенін атап өтті.
"Темекі шегетін адам онкологиялық ауруларға шалдығып қана қоймай, жүрек қан-тамырлары сырқаты, атеросклероз сияқты ауруларға шалдығады. Екіншіден, себепсіз ашулану, мазасыздану секілді жүйке аурулары пайда болады. Темекі шеккен соң оның зиянды қалдықтары денемізде және киімімізде қалып қояды. Тіпті, адам күніне екі-үш дана темекі шексе де, ауада төрт мыңнан астам зиянды зат қалықтап тұрады. Бұл өз кезегінде отбасының барлық мүшесіне кері әсерін тигізеді", – деді Ардақ Тұрғанбаева.
Оқи отырыңыз: Мәжіліс вейп сатуға тыйым салатын заңды қабылдады
Мұнымен қатар, дәрігер темекіге қарағанда вейптердің зияны 10 есе артық екенін атап өтті.
"Бірер күн бұрын Сенат депутаттары вейп туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Барлық түзетулер енгізіліп, осы заң жобасы күшіне енген соң келер ұрпақтың дені сау болуына тікелей әсер ететін боламыз. Өйткені Денсаулық басқармасының мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанда 9-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 9,8 пайызы вейп тартатыны белгілі болды. Бұл ресми статистика, яғни шын мәнінде, олардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Қалай болғанда да темекі де, вейп те бір қарағанда жүйкені тынышталдыратындай болып көрінгенімен, керісінше олар жүйке талшықтарын жояды. Сондықтан осы екеуінен сақ болуымыз керек", – деді Ардақ Тұрғанбаева.
2024 жылы заңсыз нарықпен күрес қалай жүргізіледі?
Биылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бизнесті тексеруге тыйым салатын мораторийдің күші жойылғаны белгілі. Төрт жылға созылған мораторий кезінде Қазақстандық кәсіпкерлік жоғары қарқынмен дамыды. Алайда соның тасасында заңсыздық пен көлеңкелі бизнестің де гүлдегені жасырын емес. Оған қоса ел Үкіметі бекіткен "Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар" аясындағы темекі контрабандасына қатысты ең негізгі де батыл шаралары осы 2024 жылға сәйкес келеді.
Тиісінше, мораторий күшінің жойылуы жасырын, заңсыз темекі саудасының да тоқырауына жол ашуы тиіс. Әйтпеген жағдайда, тұтынушы да, мемлекет те ұтылады. Өйткені, тәуелсіз Nielsen IQ агенттігінің болжамынша, 2024 жылы Қазақстанда заңсыз темекі айналымының үлесі 10 пайыздан асып түседі, ал мемлекет қазынасы 43 миллиард теңге салық түсімінен қағылады.
Оқи отырыңыз: Президент есірткі қылмыстарына ең ауыр жаза тағайындауды ұсынды
Осы орайда ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев вейптер мен шегілмейтін темекі өнімдерін әкелу, өндіру, сату және тарату үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу туралы заң жобасы Парламент қарауында екенін еске салды. Мұнымен қатар, ол зиянды заттарды тұтыну зардабын түсіндіру үшін бірқатар шара жоспарланғанын атап өтті.
"Заң мен Тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер органдары қоғаммен бірлесіп, 18-31 наурыз аралығында республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізеді. Акция барысында халыққа зиянды заттарды тұтынудың зардабы және кәсіпкерлерге оны сатуға жол бермеу туралы құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады. Сауда ережелерін бұзу фактілері анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады. Вейптер мен шегілмейтін темекі өнімдерін әкелу, өндіру, сату және тарату үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу туралы заң жобасы парламент қарауында екеніне назар аударамын. Құрметті азаматтар, аталған шара бірінші кезекте ұлт болашағы – жастардың денсаулығын сақтауға бағытталған, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.