Тікелей эфир

Психолог кітап оқудың пайдасы туралы: Депрессия мен күйзелістен арылтады

Кітап оқып отырған қыз бала \ Фото: depositphotos.com
Кітап оқып отырған қыз бала \ Фото: depositphotos.com
Ұлттық құрылтай кезінде мемлекет басшысы тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар санын арттыруды тапсырды.

Психолог, МBI коуч және халықаралық "Времена" институтының түлегі Назира Бұрханова кітап оқу адам бойында қандай жағымды қасиеттер мен қабілеттерді дамытатынын әңгімеледі. Маманның айтуынша, кітап оқу эмпатия, мейірімділік секілді сезімдерді дамытып қана қоймай, адамды депрессия және ұйқысыздық секілді психологиялық аурулардан арылтады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың "Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс" атты үшінші отырысында кітап оқу және тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар санын көбейту мәселесіне жеке тоқталды. Президент өз сөзінде кітапхананың ұлттың негізгі жады екенін айтты. 

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы \ Фото: Ақорда баспасөз қызметі

"Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады"

"Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек", – деді Тоқаев. 


Оқи отырыңыз: "Ұлттың негізгі жады". Тоқаев тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханаларды көбейтуді тапсырды


Сондай-ақ, ол былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айтқанын еске салды. Ондай кітапханалар көптеген елде бар.

"Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек. Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек", – деді президент. 

Ары қарай ол Қазақстанда елге жанашыр іскер азаматтардың көп екенін, мұндай азаматтардың қоғамға қажетті көптеген жобаға қаржы салып, игі істердің басы-қасында жүргенін ерекше атап өтті. Мұнымен қатар ол жаңа мектеп пен кітапхана салудың маңыздырақ екенін айтты. 

"Қайырымдылық және волонтерлік бастамаларға демеушілік жасап келеді. Мемлекет те отаншыл азаматтарды өзгелерге үлгі етіп, оларға қолдау көрсетеді. Әрине, аймақтарда өз қаржысына мешіт салған кәсіпкерлердің ниеті түзу, оны түсінуге болады. Алайда жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай немесе спорт сарайын тұрғызу әлдеқайда маңыздырақ. Мұның сауабы мол. Кейінгі ұрпақ та осындай игі істерге алғыс айтары анық", – деді президент. 

Кітап оқудың ми мен денсаулыққа пайдасы қандай?

Психолог Назира Бұрханова кітап оқудың ми үшін таптырмас жаттығу екенін айтады. Соңғы ғылыми зерттеулер кітаптың эмоциялық интеллект пен есте сақтау қабілетін жақсартып, қиын сәтте оңай шешім табуға көмектесетінін анықтап отыр. 

"Нейробиологтар жүргізген зерттеулерге сүйенсек, кітапты аз оқысақ та, үздіксіз оқысақ та, пайдасы өте мол. Әсіресе көркем әдебиет эмпатия, жанашырлық, мейірімділік секілді сезімдерді арттырады, эмоциялық интеллект жұмысын жақсартады. Мұнымен қатар, кітапты баяу әрі ұзақ уақыт оқитын болсақ, бұл берілген тапсырманы тереңірек ұғынып, күрделі ақпаратты тез игеріп алуға жол ашады. Мұның барлығы кітапты анда-санда бір оқитын адамдарда болатын өзгерістер. Ал егер кітап оқуды қанға сіңген әдетке айналдырсақ, нейрондық байланыстардың тығыздығы артады. Сондай-ақ мидың оң және сол жарты шарындағы байланыс нығая түседі. Кітап оқудың арқасында қырағы ғана емес, ақылды бола түсеміз. Сол себепті кітап оқу әрқайсымызға керек қасиет", – деді психолог. 


Оқи отырыңыз: Шыңғыс Мұқан: Мені қызметтен кетірген "Қазақстанды дамыту үшін не істеу керек?" деген сұрақтың жауабы


Мұнымен қатар, Назира Бурханова кітап оқудың түнгі ұйқының сапасын жақсартатынsy, депрессия және күйзелістің таптырмас емі екенін айтты. 

Бұдан өзге, психолог АҚШ-тың Rush University Medical орталығының ғалымдары жүргізген зерттеудің нәтижесі туралы айтып берді. Бұл зерттеу Neurology журналында жарияланған. Ол оқу және ми қызметін ынталандырудың басқа жолдары деменцияның дамуын бәсеңдетуі мүмкін екенін көрсеткен.

"Бұл зерттеуге 294 ерікті қатысты, олардың орташа жасы 89 жасты құрады. Жыл сайын, қайтыс болардан орта есеппен 6 жыл бұрын, қатысушылар есте сақтау және ойлау қабілеттерін бағалауға арналған бірқатар сынақтарды өткізді. Олар сондай-ақ балалық, жасөспірім, орта және ересек жастағы психиканы ынталандыратын кез келген іс-әрекеттің егжей-тегжейлі сауалнамаларын толтырды. Қатысушылар қайтыс болғаннан кейін ғалымдар олардың ми тініне талдау жасады. Нәтижесінде, өмірдің басында және соңында оқумен, жазумен және психиканы ынталандыратын басқа әрекеттермен айналысқандар деменцияға бейім емес екендігі анықталды. Бұл мидың зақымдануының аздығында көрінді", – деді Назира Бурханова. 

Бұл нәтижелер оқу, шахмат ойнау және ұқсас іс-шараларға қатысу Альцгеймер ауруының даму қаупін 2,5 есе төмендететінін көрсеткен бұрынғы зерттеулерді растайды.

"Ең бастысы – оқу ұйқыны жақсартады. Нәтижелері Social Science & Medicine журналында жарияланған зерттеу барысында ұйықтар алдында смартфондарды пайдалану оның ұзақтығының төмендеуімен және сапасының нашарлауымен байланысты екені анықталды. Бұл жағдайда смартфонды кітапқа ауыстыруға жақсы себеп. Сонымен, Майо клиникасының (Mayo Clinic), АҚШ-тың мәліметтері бойынша, ұйықтар алдында кітап оқу оның сапасын жақсартуға және оянудан оған көшуді жеңілдетуге көмектеседі", – деп қосты маман. 

Қазір Қазақстанда қанша кітапхана жұмыс істеп тұр?

Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораштың мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда кітапхана қызметін пайдаланушылар саны 9,5 миллион адамға жетті. Мұнымен қатар, республикалық "Оқитын ұлт" жобасы аясында кітапхананы пайдаланушылар санын жыл сайын 3-4 пайызға арттыру жоспарланып отыр. 

"Дәл қазір Қазақстанда 11 мыңға жуық кітапхана бар, ал ондағы кітаптар мен құжаттар саны 328 миллионнан асады. Ал жалпы қолжетімді кітапханалар саны – 3891. Олардың 79 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Ішінде 3 кітапхана республикалық және республикалық мәртебесі бар кітапханалар. Жыл өткен сайын кітап оқушылар саны артып келеді", – деді Қуат Бораш. 


Оқи отырыңыз: Google инженері Жасан Байпақбаев: Жасанды интеллект оқу ақысын арзандатуға ықпал етеді


Ал жалпы қолжетімді кітапханалардағы кітап қоры 73 миллионнан асады. Мұнымен қатар ол 2025 жылы кітапханашылардың еңбекақысы 100 пайызға көтерілетінін айтты. 

Серіктестер жаңалықтары