Тікелей эфир

Психолог: Баладан демалу үшін оған гаджет сыйлау – болашақ лудоманды тәрбиелеумен тең

Мемлекет алдағы төрт жылда лудомандар санын екі есе қысқартуды жоспарлап отыр.

2024 жылғы есеп бойынша Қазақстанда 350 мың адам күнделікті ақша тігіп, құмар ойындар ойнайды. 2026 жылға қарай лудомандар саны екі есе қысқарады деп жоспарланып отыр. Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 шілде күні тиісті заңға қол қойды. 

Жоспар бойынша 2024 жылы лудомандар саны 10 пайыз немесе 35 мың адамға, 2025 жылы 20 пайыз немесе 63 мың адамға, 2026 жылы 20 пайыз немесе 50 400 адамға қысқартылмақ. Алматы қалалық №2 емхананың психологы Айжан Бертаева балалардың желідегі өміріне қазірден бастап мұқият қарамаса, олар болашақта лудоман болуы мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ ол көпшілік шатастыратын "ойынға тәуелділік" пен "лудоманияның" айырмашылығы мен ұқсас тұстары туралы әңгімеледі. 

– Лудомания мен ойынға тәуелділіктің айырмашылығы қандай?

– Ойынқұмарлық – бұл гаджеттердегі цифрлық ойындарға деген тәуелділік. Мұны "ойынға тәуелділік" деп атаған дұрыс. Ал лудомания – қаржылай марапатқа ие болу мақсатында құмар ойындар ойнау. Әдетте онда бәс тігіледі. Бұл екі патологияның өзара ұқсастығы көп. Химиялық тәуелділік болып саналмайтын ойынға тәуелділік пен лудоманияның келесідей ұқсастықтары бар:

  • Шынайы өмірден қашу. Геймер де, ойынқұмар адам да өмірде аса тартымды емес, олар көштің соңында қалған адамдар болуы мүмкін. Ал виртуалды әлемде олар өзін мінсіз етіп көрсете алады. 
  • Анозогнозия. Кез келген тәуелділік астарында ауруды мойындамау жатыр. Адам критикалық ойлау қабілетінен айырылып, ойынды өзінің басты жоспарларынан, әлеуметтік парызынан жоғары қояды. Ойынға тәуелді адам, тіпті, уақыт үнемдеу үшін дәретхана бармауы, тамақ ішпеуі мүмкін. Ол түнімен ұйықтамайды. Ал лудоман үйінде бар бағалы заттардың бәрін сатып, соңғы ақшасына дейін жұмсайды.
  • Жеңіл жолмен ақша табу. Бұрын құмар ойындар ойнайтын азамат қана ақша ұтып алуды мақсат тұтатын. Өкінішке орай, қазір жағдай мүлдем өзгерді. Интернеттің арқасында қазір онлайн ойындардан да ұтыс алуға болады. 
Фото: Depositphotos.com

– Мамандар арасында "тәуелділік ешқашан емделмейді, тек оны алмастыра аламыз" деген пікір бар. Бұл рас па?

– Қазір  солай екені рас. Дегенмен уақыт өте келе толық емін табатынымызға сенімдімін. Ойынқұмар адамдар көп жағдайда бұл қызығушылығынан бас тартуға тырысады. Өз денсаулығына, отбасылық өміріне қауіп төніп тұрғанын білген соң, бастапқыда бұл қолдарынан келеді. Өкінішке орай, осы сәтте көбісі иллюзияның құрбаны болады. Әдетте осыдан кейін "тізгінді жіберіп алады да", тағы бір рет ойнап көруге шешім қабылдайды, "өзімді кез келген уақытта тоқтата аламын" деп қателеседі. 


Оқи отырыңыз: "Бақытты жандарға қанша сағат ұйықтайтыны маңызды емес". Психолог ұйқысыздық туралы


– Екеуінің зардабы қандай?

– Лудомания мен ойынға тәуелділіктің салдары әртүрлі болуы мүмкін. Құмар ойындар бірінші кезекте адамның қаржылық жағдайына әсер етеді. Лудоман қарызға белшесінен батып, соңында түксіз қалады. Кейін осы фактор физикалық және психологиялық салдарға алып келеді. Ал компьютерлік ойындар бірінші кезекте уақытты жейді. Адам балалық шақтың не екенін білмей өседі. Бала тәні мен миын дамытып, әртүрлі дағдыларды меңгеруі керек. Мұның орнына ол ешбір құндылық жоқ ойындарға уақытын құртады. Бала расымен үйде, қауіпсіз жерде отыруы мүмкін. Бірақ күн сәулесі мен таза ауа көрмеген баланың денсаулығы нашар болатыны сөзсіз. Нәтижесінде көру қабілеті, омыртқасы, тамырлары, орталық жүйке жүйесі зақымдалады. Күйзеліске төтеп беру қабілеті төмен болып келеді. Ойынды оқу мен жұмыстан жоғары қояды. Ең өкініштісі қоғаммен байланыс үзіледі, үлкен өмірге еш дайындықсыз барады. 

– Ойынға тәуелді азаматтардың жасы қаншалықты жасарды және одан қалай емделеміз?

– Құмар ойындарды әдетте адамдарға таныстары ұсынады. Аса табысты адамдар да лудоман болуы мүмкін. Олар өзін "ақылдымын, барлығын бақылауда ұстап, жүйені айналып өте аламын" деп ойлайды. Ал ойынға тәуелділік ерте жастан басталады. Бала күннен десек те болады. Көп жағдайда бұған ата-ана әрекеті себеп. Компьютер, смартфон және планшет сатып алып береді. Олар мұны баланы дамыту үшін жасап жатырмыз деп ойлайды. Сатып алған соң ішіне пайдалы қосымшалар мен ойындарды орнатып береді.

Фото: Depositphotos.com

Гаджетті меңгерген соң бала әлеуметтік желіге кіреді, әртүрлі ойындарды жүктейді. Бір қарағанда бала қауіпсіз жерде отырғандай көрінеді. Үлкендер гаджетке қадағалау қызметін қосып қояды. Алайда, балалар оны қалай өшіріп, айналып өту керегін жылдам үйреніп алады. Ал желіде жалғыз қалған бала алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін. Көп жағдайда смартфон мен өзге техниканы ата-ана баланың көңілін аулау үшін, яғни оған көңіл бөлуге шамасы жетпегендіктен алады.

Алайда қазіргі заманда балаға сатып алып берген смартфон оны лудоманға айналдыруы мүмкін. Яғни, баладан демалу үшін смартфон алып беру болашақ лудоманды тәрбиелегенмен тең. Тәуелділікті емдеу қиын болғандықтан, оның алдын алғанымыз әлдеқайда тиімді. Бала теріс жолға түспеу үшін отбасындағы атмосфераны қалыпқа келтіру жеткілікті. 


Оқи отырыңыз: Енді ойынқұмар азаматтар мемлекеттік мекемеде тегін емделе алады


 

Серіктестер жаңалықтары