Тікелей эфир

Олжас Бектенов: "Ақшаңды төле де, өте бер". Премьер-министрлікке үміткер қандай сөздерімен көзге түсті?

Олжас Бектеновтің жасы – небәрі 44-те. Ол премьер-министр болып сайланса, осы лауазымдағы күш құрылымдарының алғашқы өкілі болғалы тұр.

6 ақпан күні Amanat партиясы ҚР президент әкімшілігінің жетекшісі Олжас Бектеновті премьер-министр лауазымына үміткер ретінде ұсынды.

Олжас Бектеновтің жасы – небәрі 44-те. Ол премьер-министр болып сайланса, осы лауазымдағы күш құрылымдарының алғашқы өкілі болғалы тұр. Бектенов отбасылы, үш баланы тәрбиелеп отыр. Өзінің еңбек жолында түрлі лауазымдарда қызмет атқарған.

Олжас Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген, мамандығы – заңгер. 

Олжас Бектенов. Сурет: Informburo.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің генерал-лейтенанты арнаулы атағы бар. II дәрежелі "Айбын" және ІІ дәрежелі "Даңқ" ордендарымен марапатталған.

Еңбек жолы:

2002-2005 жж. – Алматы қаласы әділет басқармасында бас маман.

2005-2006 жж. – ҚР премьер-министрі кеңсесінде заң бөлімінің бас сарапшысы.  

2006-2009 жж. – ҚР Президенті әкімшілігінде қызмет еткен. 

2009-2012 жж. – ҚР әділет министрлігінің тіркеу және құқықтық алғашқы көмек көрсету қызметі комитеті төрғасының орынбасары.


Оқи отырыңыз: Қошанов Үкімет басшысы қызметіне Олжас Бектеновті ұсынды


2012-2014 жж. –  ҚР экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлық қарсы күрес агенттігі орталық аппаратында департамент басшысы. 

2015-2016 жж . – Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысы хатшылығының меңгерушісі.

2016-2017 жылдары – Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) басшысы.

2017 жылғы шілдеден бастап Ақмола облысы әкімінің орынбасары.

2018 жылғы 1 маусымнан – 2019 жылдың 20 маусымына дейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары.

2019 жылғы 26 маусымнан бастап – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.

2022 жылғы 25 ақпанда Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасы болып тағайындалды.

2023 жылғы 3 сәуірде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.


Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды


Олжас Бектенов қандай сөздерімен көзге түсті? 

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болған кезінде Олжас Бектеновтің бірнеше пікірі назарға ілікті. Мысалы, ол тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жұмысына қатысты арыз-шағымын сөз қылғанда, қазақстандықтарға "сұлу статистика емес", нақты нәтиже керек екенін айтты.

"Азаматтар мен кәсіпкерлер біздің жұмысымыздың нәтижесін көріп отыр ма? Шағымдарды бақылау мониторингіне сенсек, ел арасындағы пікірлер алуан түрлі. Жұрттың әлеуметтік желіде жазып жатқанына қарап-ақ біраз нәрсені түсінуге болады. Тұрғындарға жайлы баспана мен тақтайдай тегіс жолдар, қолжетімді жер, ауыз су, сапалы білім мен медицина, әділ сот жүйесі мен қауіпсіз орта қажет. Халықтың бізден талап етіп отырғаны – осы. Ал, біз болсақ, оларды естімей, көрмей, тек статистика үшін жұмыс істеп отырғандаймыз", – деген еді Олжас Бектенов.

Ол 2019 жылы кеден саласы қызметкерлерінің арасындағы жемқорлық туралы айтқан кезде сол жерде жемқорлыққа жайлы ортаны қызметкерлердің өзі құрып отыр деп сөккен еді. Ол кезде кәсіпкерлер көптеген тауарлар (оның ішінде қымбат көліктер де бар) ел шекарасынан өткізілмей, жылдар бойы қоймада сақталатынына наразылық білдірген еді. Кәсіпкерлердің сөзінше, заттарды сақтауға қолайсыз жерде маталар, киім мен азық-түліктің мерзімі өтіп, құрамы бұзылған.

"Ақшаңды төле де, мына жасыл дәлізбен ары қарай өте бер". "Алып-сатарлар" осы қағиданы ұстана бастады. Біз осылайша, адамдардың қулыққа баруына жол беріп отырмыз. Яғни, өзіміз жемқорлыққа қолайлы жағдай жасап отырмыз", – деді Олжас Бектенов.

Тағы бір сұхбатында Бектенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жемқорлықпен қоғам болып, ел болып жабылып күресетінін айтып, көзге түскен еді. 

 Естеріңізге сала кетейік, 5 қаңтар күні Қазақстан үкіметі отставкаға кетті. Премьер-министр міндеттерін уақытша атқару Роман Склярға жүктелді.

Серіктестер жаңалықтары