Тікелей эфир

Металлург: "Біздің жұмысқа білім мен ақыл керек жоқ дейтіндер қатты қателеседі"

Есен Төлемесов \ Фото: Informburo.kz
Есен Төлемесов \ Фото: Informburo.kz
Есен Төлемесов металлургия саласының өмірін қалай өзгерткенін айтып берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Қазақстан халқына жолдауында қоғамда адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен азаматтардың әрдайым құрметті және сыйлы болуы керектігін еске салды. Президенттің айтуынша, бұл "Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс" қағидатына толықтай сай келеді. Сондай-ақ ол 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялады. Осы орайда Ақтөбе ферроқорытпа зауытында ерекше еңбекқорлығымен әріптестеріне үлгі болған Есен Төлемесовпен сұхбаттастық. Ал зауытта ерлер мен әйелдерге қандай міндеттер жүктелгені туралы толығырақ Ержан Абдулабеков айтып берді. 

Қазақстан металлургиясының алғашқы қарлығашы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы жұмысшылардың басым бөлігі – ер адамдар. Мұның себебін зауыттың басшысы Ержан Абдулабеков түсіндірді. 

"Біз әрдайым жоғары температурада шикізатты балқытып жұмыс істейміз. Зауытта 5-тен 75 МВт-қа дейін қуаттылығы әртүрлі 20 пеш орнатылған. Негізгі мамандықтарымыз – балқыту мамандары, ұсақтаушылар, яғни бұл еркектерге тән жұмыс, сондықтан әріптестеріміздің 80 пайызы – ер адамдар. Бірақ ерекше бір мамандық бар, біз оларды "отты мамандықтағы әйелдер" деп атаймыз – бұл кран машинистері. Онда әрбір қимыл-қозғалыс дәл, адам барынша ұқыпты болуы және барлық ережені сақтауы керек. Сол себепті бұл жұмысты біз негізінен әйел қауымына ғана сеніп тапсыра аламыз", – деді Ержан Абдулабеков. 

Есен Төлемесов \ Фото: Informburo.kz

Ал Ақтөбе ферроқорытпа зауытында шлактаушыдан бастап ауысым шеберіне дейін өскен, металлургия саласында жиырма жылға жуық уақыт қызмет етіп жүрген Есен Төлемесов Informburo тілшісіне берген сұхбатында бұл салаға қалай қадам басқанын, еңбек жолында қандай кедергілер болғанын және жастарға қандай ақыл-кеңес беретінін айтты. 


Оқи отырыңыз: Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жыл сайын жүз жұмысшысының үйлі болуына көмектеседі


Есен Алдабергенұлы Ақтөбе университетінде "инженер-металлург" мамандығы бойынша білім алған. Ол жергілікті ферроқорытпа зауытында 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Еңбек жолында шлактаушы, балқытушы, пеш бөлімінің бригадирі және ауысым шебері болып жұмыс істеген.

"Металлургия саласында қызмет етіп жүргеніме 20 жылдың жүзі болды. Еңбек жолымды екінші цехта шлактаушы қызметінен бастап, 2014 жылы төртінші цехқа ауыстым. Арада асқан жауапкершілікті талап ететін әртүрлі жұмыс істедім. Қазір осы жерде шебер болып қызмет атқарамын. Әуел баста металлург боламын деген ой немесе арман болған емес. Бұл сала мені бірте-бірте өзіне баурап алды. 2001 жылы мектепті тәмамдаған соң Ақтөбе қаласына келдім. Білім ошағында жүріп төртінші пән ретінде физиканы таңдаған болатынмын, металлургия саласын таңдауыма осы нәрсе себеп болды. Тіпті университетті тәмамдаған соң "Бұл саланың болашағы бар ма? Осы салаға кіріскенім дұрыс па?" деген секілді ойлар мазалады. Ауылдағы жігіттердің осы салада табысты қызмет етіп жүргенін көрген соң, ойланбастан келдім. Кейін Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмыс істеп жүрген кезде анамнан нағашы атамның кеңес заманында осы жерде ұзақ жыл қызмет еткенін білдім. Бейсаналы осы салаға қалап келгенімді түсіндім", – деді Есен Төлемесов.

Есен Төлемесовтің әріптестері \ Фото: Informburo.kz

Кейіпкер ферроқорытпа зауытына жұмысқа орналасқалы жеке өмірінде көптеген оң өзгерістер болғанын айтады. Соның бірі – сүйікті жарын жолықтыруы. Бүгін қос ғашық көпбалалы отбасыға айналған. Сондай-ақ зауыт ұсынған бағдарламаның арқасында баспаналы болған. 

"Аллаға шүкір, осы салаға келген соң жан жарымды жолықтырып, отбасылы болдым. Бүгінде бірге тәрбиелеп отырған төрт баламыз бар. Жуырда бесінші перзентімнің дүниеге келуін қуана күтіп отырмыз. Осы Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмыс істеп жүріп "Батыс екі" ауданынан 2015 жылы үйлі болдым. Зауыттың бізге түрлі мүмкіндікке жол ашып отырғанына көп-көп рахмет айтамын. Бір кездері сан ойланып жүріп осы зауытты таңдағаныма еш өкінбеймін. Оның үстіне айналамда бірге қызмет етіп жүрген азаматтар өте жақсы, болашағынан көп үміт күттіретін жандар. Төртінші цехтың автоматтандырылуының арқасында біліктілігімізді арттырып, білімімізді тереңдете түстік. Келе жатқан буынмен тәжірибе алмасып жатқан жайымыз бар", – деп қосты ол. 


Оқи отырыңыз: Ақтөбе ферроқорытпа зауыты кәсіптік білімді дамытуға қалай үлес қосып жатыр


Ары қарай ол мемлекет басшысының кезекті жолдауына тоқталып, жастарға қолдау көрсетіліп жатқанына және жұмысшы мамандардың қоғамдағы беделінің артқанына қуанышты екенін жеткізді. 

Есен Төлемесов жұмыс істейтін төртінші цех \ Фото: Informburo.kz

"Күні кеше барлығымыз дерлік Қасым-Жомарт Кемелұлының жолдауын тыңдадық. Президентіміз өз сөзінде жастарға, жұмысшы мамандарға барынша қолдау көрсету қажеттігін қадап айтты. Осы тұрғысынан алатын болсақ, біздің зауыт жастарға жан-жақты мүмкіндіктерге жол ашып отыр. "Батыс екі" ауданынан жыл сайын жүздей отбасы жаңа пәтердің кілтін иеленеді. Біз ардайым трансформацияға ұшырап, ілгерілей түсуіміз керек. Осы салада бәлкім болашақта менің де перзенттерім қызмет ететін шығар, осының барлығы сол болашақ балапандар үшін жасалып жатыр", – деді кейіпкер.

Мұнымен қатар Есен Төлемесов зауыт жұмысының асқан қажырлық мен ақыл-парасатты талап ететінін айтып өтті. 

"Шыны керек, зауыттың жұмысын көп адам біркелкі, артық ақылды, білімді қажет етпейтін жұмыс деп ойлайды. Осылай ойлайтындар қатты қателеседі. Біріншіден, ақыл, шыдам, төзімділік, намыс керек. Екіншіден, еңбексүйгіштік пен тәрбие керек. Әке-шешеңнің еңбегін ақтап, абыройын асқақтатуың керек. Металлургия саласында ой-сана тұрғысынан да, физикалық тұрғыдан да еңбектену өте қиын – пештен 1700-1800 градус температурада шығатын металмен тікелей жұмыс істейсің. Осыншама ыстыққа төзіп беруің керек – ал жаз айларында бұл жердегі жұмыстың қалай қызу қайнап жататынын елестету де қиын. Адамның өмірі ең құнды, баға жетпес дүние болғандықтан, зауытта техникалық қауіпсіздіктің сақталуына айрықша көңіл бөлінеді. Дегенмен осыншама қиындықтармен қатар қуаныш та қатар жүреді. Бұл жерде күнде жұмыс істейтін әріптестерімізбен сырлас та сыйлас досқа айналдық. Жақсы аға мен жақсы іні таптық. Өзара аға-іні деп сыйласып, бір-бірімізге әртүрлі жағдайда қолұшын беруге дайынбыз. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты – біздің ортақ шаңырағымыз. Біздің барлығымызды осы жер асырап отыр десек те болады. Отбасымыз да, өнеркәсібіміз де дами берсін. Ең бастысы – жұртымыз аман, тыныш болсын!" – деп қосты метуллург. 


Оқи отырыңыз: Жамбылда сүт өңдеу өндірісі жолға қойылған


Ақтөбе ферроқорытпа зауытының төртінші цехы / Фото: Informburo.kz

Сөз соңында ол металлургия саласына енді ғана қадам басып жатқан жастарға кеңесін айтты.

"Мұнда жұмыс істеуге келетін жастарға ең бірінші кеңесім – қай жерге келе жатқаныңды анық түсініп, білу. Бұл жерге қызметке орналасқан соң артық сылтаудың қажеті жоқ. Келген соң барлық жұмысқа шыдамдылық таныту жеткілікті. Осы шыдамдылықтың арқасында адам кез келген ортаға сияды. Ең бастысы – денсаулық. Он екі мүшең сау болса, сен ала алмайтын қамал жоқ", – дейді Есен Төлемесов.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары