Тікелей эфир

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты кәсіптік білімді дамытуға қалай үлес қосып жатыр

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты төртінші цехының 10 жылдығы  / Фото: Informburo.kz
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты төртінші цехының 10 жылдығы / Фото: Informburo.kz
Зауыт кәсіптік білімді дамыту үшін Қазақстан бойынша барлық тиісті колледждермен меморандум жасасқан.

Биыл кезекті жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіптік білім беру саласына реформа жасаудың Қазақстан үшін айрықша мәнге ие екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл экономика өсімін қамтамасыз етіп қана қоймай, инвестициялық тартымдылықты да арттыра түседі. 

Осы орайда Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков Informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында өздеріне қажет отандық мамандарды даярлау үшін және кәсіптік білімді дамыту үшін қандай қадамдарға барғанын айтып берді. Сондай-ақ ол шетелдік жоғары санаттағы мамандарға қарағанда Ақтөбе университеттінде білім алған түлектердің зауытта оң нәтиже көрсеткеніне тоқталды. 

"Біздің ферроқорытпа зауытында негізінен жергілікті университетті тәмамдаған жас түлектер жұмыс істейді. Көпке дейін Алматыдан, Мәскеуден арнайы мамандар шақыратынбыз. 2001 жылы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті металлургия мамандығын ашты. Осы университетті тәмамдаған жас мамандар көптеп келіп, олар төртінші цехта өзін жақсы қырынан көрсетіп жатыр. Бастапқыда зауыт ашылған кезде шетелдің, оның ішінде Германияның да мамандарымен жұмыс істедік. Өкінішке орай, олардың қолынан барлығы келмеді. Сол себепті 2015 жылдан бастап барлығын өз қолымызға алып, осындай өзіміздің жас мамандарымыздың арқасында төртінші цехті жобалық қуат деңгейіне жеткіздік. Оның жұмысына шетелдік мамандарды араластырмадық. Жұмыстың барлығын Ақтөбе өңірлік университетін тәмамдаған өзіміздің жас балаларымыз істеді. Мұндай жетістікке шетелдік мамандар жете алмаған еді", – деді зауыт басшысы. 

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты / Фото: Informburo.kz

Бұдан бөлек Ержан Абдулабеков тәжірибе алмасу процесінің жолға қойылғанын атап өтті. Арада бәсеке жоқ басқа сала мамандары келіп біліктілігін жетілдіретінін айтты. 

"Бізге мамандар үйрену үшін және тәжірибе алмасу үшін келеді. Алайда бәсекелі орта болған соң барлығын бірдей кіргізе бермейміз. Ал металлургия саласында бәсекелесіміз болмаса, онда өзара ақпарат алмасамыз. Бұл екі тарапқа да өте жақсы әсер етеді", – деп қосты Ержан Абдулабеков. 


Оқи отырыңыз: Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жыл сайын жүз жұмысшысының үйлі болуына көмектеседі


Мұнымен қатар ол зауыттағы Жастар кеңесінің жаңа келген маманға қалай көмектесетінін түсіндірді. Жас маманды қанатының астына алып, бір жылға жуық уақыт істің қыр-сырын үйреткен жұмысшыларға сыйақы қарастырылған

Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы операторлар / Фото: Informburo.kz

"Бізде Жастар кеңесі бар. Зауытқа жаңадан келген маман осы кеңес құрамына кіреді. Сол жерде оған зауыттағы жұмысын сәтті жүргізуге көмектесетін маман бекітіледі. Осы тәжірибесі мол әріптес жаңа келген маманды қамқорлығына алып, өзінің тәжірибесін бөліседі. Егер белгіленген уақытта жас маман аттестациядан сәтті өтсе, онда жұмыстың барлығын үйреткен тәжірибелі маманға сыйақы беріледі. Біз жастарымызды осылай мотивация беріп қолдап отырамыз. Бізге жұмысқа көбінесе Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің мамандары келеді. Сондай-ақ, президентіміз айтқандай елдегі кәсіптік білімнің дамуына жағдай жасау үшін ERG халықаралық компаниялар тобы Қазақстан бойынша барлық тиісті колледждермен меморандум жасасты. Металлургия саласына қатысы бар деген мамандарды даярлайтын барлық колледжден өзімізге қажет мамандарды тартып жатырмыз. Ал Ақтөбеде екі колледжбен байланыстамыз, сол жердің түлектерін өзімізге жұмысқа алып жатырмыз. Бізде жұмысшылардың 1-2 пайызы ғана жұмыстан кетеді. Ал жалпы азаматтарымыз жұмысқа қуана келіп, қайтқысы да келмейді деуге болады", – деді зауыт жетекшісі Ержан Абдулабеков.

Ары қарай Ержан Абдулабеков кез келген метуллургиялық өндіріс орнында апаттар болатынын еске салып, жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жан-жақты шаралар қабылданып жатқанына тоқталды. 


Оқи отырыңыз: Қазақстан металлургиясының алғашқы қарлығашында 3 миллионшы тонна ферроқорытпа балқытылды


"Кез келген металлургиялық өндіріс орны секілді біз де аса қауіпті зауыттардың қатарына жатамыз. Зауыт құрамында қауіпсіздік бөлімі жұмыс істейді. Олар жұмысшыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, қажет кезде консультациялық көмек көрсетіп, іспен көмектеседі. Зауыттың жеке статистикасына келсек, жыл басынан бері кісі өлімі тіркелмеді. Өкінішке орай, төрт оқыс жағдай болды. Азаматтарымыз толықтай емделген соң, бүгінгі таңда жұмысын жалғастырып жатыр. Қуанышымызға орай, ауыр жағдайлар тіркелмеді. Біздің мақсатымыз – өндіріс орнындағы "жарақаттануды" нөлге жеткізу. Өзіңіз көргендей, штаттан тыс жағдай болмауы үшін кез келген келушіге де бірінші кезекте міндетті түрде инструктаж өткіземіз. Жұмысшыларға тиісті жарақтардың барлығы тегін беріледі. Сондай-ақ үнемі қауіпсіздік мәселесіне мониторинг жүргізіп, әріптестерімізден қажеттіліктерін сұрап отырамыз", – деп сендірді зауыт басшысы. 

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 4-цехы / Фото: Informburo.kz

"Көптеген ғалымдар мен ферроқорытпа өндірушілері бізге келіп, тәжірибемізбен бөліскенімізді қалайды. Былтыр Еуропа, Канада, Оңтүстік Африка Республикасынан ғалымдар біздің тәжірибемізді үйренуге келді, көптеген шетелдік мамандардың қатысуымен конференция өтті. Ал биыл төртінші цехтың жұмыс істеп бастағанына 10 жыл толып, 3 миллионыншы ферроқорытпа балқытылды. Өнімдеріміздің басым бөлігі Америка, Жапония, Корея және Қытайға экспортталады. Ең жақын бәсекелестерімізге қарағанда біздің өнім жоғары сұранысқа ие, себебі металдағы хромның мөлшері 70 пайызға дейін барады. Негізінен феррохром өндірумен Оңтүстік Африка мен Қытай айналысады. Алайда олардың өнімінің құрамындағы хромның мөлшері 50-55% ғана құрайды", – деді зауыт басшысы. 

Зауыт 14 жыл қатарынан үздіксіз, тәулік бойы қызмет етеді. Барлығы 4 мың адам ауысыммен жұмыс істейді, ал бір ауысымға 700 адам шығады. Сондай-ақ, жұмысшылардың белгілі бір бөлігі күндіз ғана жұмыс істейді. Зауытқа негізінен балқытушы, кран машинистері және ұсақтаушылар керек болғандықтан, жұмысшылардың 80 пайызы – ер адамдар. Орташа жас – 40 жасты құрайды.

Ақтөбе зауытындағы жұмысшы әйелдер / Фото: Informburo.kz

Ал әйел адамдар негізінен техникалық бақылау бөлімінде жұмыс істейді. Ержан Абдулабековтың айтуынша, бұл жұмыста қимыл-қозғалыстың дәлдігі, ұқыптылық, жинақылық және барлық ережені бұлжытпай орындау аса маңызды болғандықтан, тек әйелдерге тапсыра алады. 


Оқи отырыңыз: Неміс компаниясы ШҚО-да литийді игеру бойынша жобаны іске асырады


 

Серіктестер жаңалықтары