Тікелей эфир

Кабирханның иесі: "Жеңіске жеткенде ұлды болғандай қуандым". Америкадан Қазақстанға келген ат қалай ең жүйрік тұлпар атанды?

Кабирхан / Фото: Dubai Racing Club
Кабирхан / Фото: Dubai Racing Club
Кабирханды кәсіпкер Тілек Мұханбетқалиев 12 мың АҚШ долларына сатып алған.

Дубайдағы "Мейдан" ипподромында Аль-Мактум Челендж бас ат шабысында төрт жасар асыл тұқымды тұлпар Кабирхан мәреге бірінші болып келді. Айғырдың иесі Тілек Мұқанбетқалиев Кабирханды Дубайдағы жарысқа қосуды армандаған. Енді Кабирхан 30 наурызда Дубайда өтетін әлем кубогында бақ сынайды.

Кабирханның тегі – америкалық. Әкесі Калифорния Хром да Дубайдағы жарыста 2016 жылы жеңімпаз болған. Дене тұрқы әкесіне ұқсаған соң асыл тұқымды ат сарапшысы Надир Хасанов 1,5 жасында Кинэленд аукционында сатып алған. Екі апталық аукционда 4 мың бәйге атының ішінен таңдап алып, Алматы ипподромына әкелген. 

"2021 жылы Америкаға барып, әлемдегі ең үлкен аукционнан сатып алдым. Кабирханды ертерек таңдап, мініп көрдім. Кезінде әкесі Калифорния Хромға жанкүйер болдық. Құлыны дүниеге келгенін естіп оны алсам деп тіледім. Карантин біткен соң Алматы ипподромына алып келдік. Алғаш қолға үйретіп, баптаған – Тұрғанжан Юлдашев. Жокейі Руслан Юлдашев болды. Елімізде мықты қарсылас болмаған соң Тілекпен ақылдасып, Кабирханды Ресейге жіберейік деп шештік. Былтырғы маусымда Ресейде оған тең келетін тұлпар болмады. Сол үшін де Тілек Кабирханды әлемдік бәсекенің ордасы – Дубайға апаруды мақсат етті. Алғашқы шабыста бірінші болып келгеннен кейін Кабирханды әлем таныды", – деді Надир Хасанов.

Оң жақта бірінші шауып келе жатқан ат – Кабирхан / Фото: Dubai Racing Club

Ат бапкері Тұрғанжан Юлдашев Кабирхан алғаш келгенде сүрініп, шалынғанын әрі мінезі тым қиын болғанын еске алды. Бірақ аз уақыт өткен соң қолға үйреніп, баласынай айналып кеткен.

Айғырдың иесі Тілек Мұқанбетқалиев – жылқыны жақсы көретін қазақтың бірі. Ол бес жылдан бері жылқыларды бәйгеге қосып, баптап жүр. Бала кезінен ұлттық спортқа қызығып, ұшқыр бәйгемен айналысуға бел байлаған. Бүгінде Кабирханды 7-8 адам баптайды. Олардың ақысын, жарысқа қатысушы шығынын өз қалтасынан көтереді. Сол себепті жарыстардан қанжығасына байлаған ұтысы Кабирханның күтімінен әрі аспайды. 


Оқи отырыңыз: Атбегі: Қазақстанда жылқы шаруашылығын тай бәйгесі құртып тұр


Шетелдік сарапшылар Кабирханның шабысына күмәнмен қарап, оны үздік деп санамаған. Себебі Еуропада, Араб елдерінде және АҚШ мемлекетінде жарыс деңгейі жоғары болғандықтан, Қазақстан секілді классикалық ат спорты кенже қалған елдерді менсіне бермейді.

"Кабирханның мәреге бірінші жететіне шетелдіктер ғана емес, Қазақстан азаматтарының өзі күмәнмен қарады. Тұлпарым жеңіске жеткенде ұлым дүниеге келгендегідей қатты қуандым. Дубайдағы бәйгеде Кабирханмен жарысқан 11 тұлпар да әлемнің үздік арғымағы саналады. Сол үшін шетелдіктер бізге көп мән берген жоқ. Алайда бірінші жарыста оза шапқаннан кейін сарапшылар мен букмекерлер Кабирхан туралы айта бастады. Бәйгеден кейін бапкерлер Кабирханның әлеуеті жоғары, одан да ұзақ қашықтыққа шабатын күші барын айтып жатыр. Шама-шарқының 70-80 пайызын көрсетті, тағы 20-30 пайыз артық шабуға шамасы жетеді. Кабирханды Дубайда екі айдай ағылшын бапкері жаттықтырады. Асыл тұқымды ат болған соң күтімі де, жем-шөбі, витамині де бөлек. Енді әлем кубогын жеңіп алсақ, бұдан артық жеңіс болмас еді", – деді тұлпардың иесі Тілек Мұханбетқалиев.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Dubai Racing Club (@racingdubai)

Кабирхан Дубайға дейін 9 жарысқа қатысып, оның сегізінде қарсыластарын шаң қаптырған. Айтуынша, ағылшын аттары жүрісі мен шабысы жылдам болғандықтан ұшқыр бәйгеге қатысады. Ал араб, қазақ, жапон аттары бәйге алмайды. Сондықтан Кабирханның жеңісіне Қазақстандағы бүкіл атбегі, ат ұстаушылар, бапкерлер, атсүйер қауым қуанып жатыр.

Марапаттау сәтінде Тілек Мұханбетқалиев кубок ұстап тұр / Фото: Dubai Racing Club

Qazaq Jockey Club төрағасы Мақсат Ақаев Кабирханды шетелдік бәйгені бағындырған Қазақстаннан шыққан тұңғыш тұлпар деп атады.

"Бүкіл халықтың рухын көтерді. Кабирханның жеңісінен кейін Қазақстанда үлкен қозғалыс болып жатыр. Қазақстанда аттарды жаттықтыратын бірнеше ипподром болса, елімізді бүкіл әлемге паш етуге болар еді. Әр адамның қолынан ат ұстау келеді, дегенмен атқа дұрыс аяқ алуды бапкер үйретеді. Алайда мықты бапкерлер шетелге кетіп қалды. Бұған дейін де аттар Дубайға шақырылғанымен жарысқа қатыса алмады. Ал Тілек бауырымыз Кабирханды алып барып, жеңіске жетті. Тілек бәрімізге жол салып берді. Аукциондағы мыңдаған аттың ішінен жүйрікті тану екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жүйрікке мәре ғана сыншы", – деді ол.

Кабирханның жанкүйерлері / Фото: Dubai Racing Club

Тілек Мұханбетқалиев Кабирханды Ресей арқылы шетелге шығарған, яғни Қазақстанда тасымалдаушы жоқ. Оған қоса зертханада төрт ауруға талдау жасалады. Қалған үш ауруға қарсы сертификат алу үшін Ресейге баруға тура келеді. 

"Атты жақсы сынау үшін ең бірінші халықаралық деңгейге ипподром керек. Одан кейін жокейлер даярлауымыз керек. Бір жокейдің өзі 12 жыл оқиды. Мықты шабандоз Бауыржан Мырзабаев атындағы жокей мектебін ашқалы жатырмыз. Аламан бәйгеде шауып жүрген балаларға классикалық бәйгені үйреткіміз келеді. Кабирхан сияқты шашасына шаң жұқпайтын тұлпарлар көбейсін десек ат өсіру мәденииетін үйреніп, классикалық бәйгені дамытуымыз керек. Сонда ғана елімізді таниды. Ат спортын дамыту үшін жүлде қоры болуы керек. Дүниежүзілік ұйымға кірсек жокейлер мен бапкерлердің лицензиясы шетелде де жарамды болады", – деді Qazaq Jockey Club төрағасы Мақсат Ақаев.


Оқи отырыңыз: Қазақтың "Адай" жылқысының қасиеті заңды түрде бекітілді


Тілек Мұханбетқалиев Кабирханды сату туралы сөз қозғағысы келмейді. Кәсіпкердің бәйгеге деген махаббаты еліміздегі атбегілерге жігер беріп, жарыстардан жүлде алуға болатынын дәлелдеп берді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары