Тікелей эфир

Ертегіден естелікке дейін: Министрлер мен депутаттар жазда қандай кітап оқыды?

Ал оқу министрі балалардың оқу жылына дайындаламын деп кітап оқуға мұршасы келмегенін жасырмады.

1-қыркүйек – Білім күніне орай, Информбюро тілшісі Үкімет отырысының тасасында билік өкілдерінің қандай әдеби шығармаларды ұнататынын сұрап білді. 

Басқа елдердің ертегілерін оқып жүрмін

Аида Балаева, ҚР Президент Әкімшілігі басшысының бұрынғы бірінші орынбасары: 

– Мен қазір басқа елдердің мифологиясын, ертегілерін оқып, зерттеп жүрмін. Соған байланысты бір үлкен жобамен айналысу жоспарда бар.

Ал жалпы, мен өте көп кітап оқимын. Оның бәрін айтып жатудың керегі жоқ шығар. Дегенмен, сала үлкен болғандықтан, осы саладағы жаңа үрдістерді, соны жаңалықтарды біліп отырамын.

Ескерту: Тілші сұхбат алған уақытта Аида Балаева ҚР Президент Әкімшілігі басшысының бұрынғы бірінші орынбасары болатын. 

Кітап оқуға қол тимеді 

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі: 

– Соңғы екі айда мектептің дайындығына байланысты, кітап оқуға қол тимей жатыр. Бірақ, міндетті түрде газет-журналдарды қарап отырамын. Онда журналистердің білім саласына қатысты уытты мақалаларын оқып, оған қатысты қызметкерлерге тиісті тапсырма беремін.

Жақында ғана бір тілшінің Қарағанды өңіріндегі керемет бір мұғалім туралы мақаласын оқып, сол ұстазды өзіме шақырып кездестім.

Ал, жалпы, көбіне тарихи шығармалар қызықтырады. Қолыма жаңа тарихи туындылар тисе, міндетті түрде оқып шығамын.


Оқи отырыңыз: Қазақсанда кітап пен кеңсе тауарлары 45% қымбаттады


Абайдың қара сөздерін оқыдым

Нұртай Сабильянов, ҚР Мәжіліс депутаты:

– Соңғы рет Абайдың қара сөздерін қайталап шықтым. Көбіне әдеби кітаптар оқығанды ұнатамын. Ал ақпаратты әлеуметтік желіден аламын. Әлеуметтік желіде де оқуға тиіс кітаптардың қысқаша тізімі беріледі, соны қарауға болады.

Мен Абай облысынан депутат болып сайлағаннан кейін, әлеуметтік желіде осы өңірдегі мәселелерді қалт жібермей оқып, жауап беріп отырамын.                                                                        

Тарихи кітаптар ұнайды

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Мен қазір Сұлтан Бейбарысқа қатысты бір жинақты қарап жатырмын. Үнемі тарих саласына байланысты кітаптар оқуға тырысамын.

Сондай-ақ, әлеуметтік желілерді қараймын. Жас ақын, жазушыларды, сосын классикалық кітаптарды оқимын.

Ақпарат саласына байланысты жасанды интеллект, әлемде шыққан соңғы трендтерді де назардан тыс қалдырмауға тырысамын.

Естелік, мемуарлар оқимын

Максим Рожин, Мәжіліс депутаты

– Карл Маркстің "Капитал" кітабын, Дарон Аджемоглудың "Узкий коридор" кітабын оқып жүрмін.

Сосын Амалбек Тшанов ағамыз жаңадан шыққан естелік кітабын сыйлаған, соны да қарап жатырмын.

Жалпы, көбіне естелік, мемуарлар оқимын.


Оқи отырыңыз: Қазақстанға әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді


 

Серіктестер жаңалықтары