1991 жылы 29 тамызда республикада әлемдегі төртінші ірі жаппай қырып-жою қаруы бар полигонды жабу туралы шешім қабылданды. Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады. Бұл күн 2010 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі. Осы кезден бастап Қазақстан денуклеаризацияны өзінің сыртқы саясатының негізгі мәселелерінің біріне айналдырды. Қарағанды облыстық экологиялық мұражайының директоры Дмитрий Калмыков сынақ жүрген жерлердің ауыл шаруашылығына қалай әзірленіп жатқанын және Қазақстанның әлемде ядролық қару таралмауына қалай үлес қосып отырғанын айтып берді.
Чернобыль атомдық электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысып, қазір Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарын жоюға күш салып жүрген Дмитрий Калмыков әлемде жыл сайын полигонның жабылу күнін атап өту орынсыз екеніне тоқталды.
"Қазақстанда бұл күнді қалай атап өтетінін білмеймін... Атап өтуді адамгершілікке жат әрекет және артық шығын деп білемін. Себебі әлі күнге дейін халық полигон аумағында тұрып, денсаулығы нашарлап жатыр. Халық полигонның барлық аумағын санкциясыз ауыл шаруашылық мақсатта қолданып келді. Полигонның қай жеріне барсаңыз да, сиырларды, қой мен жылқыларды, алдын ала дайындалған шөп-жемді көресіз. 90-жылдары да, 2000-жылдары да осылай болған еді. Қазір де ешнәрсе өзгермеді. Жерді ауыл шаруашылық мақсатта қолдануға дайындау туралы әңгімелердің барлығы екіжүзділік. Барлық өкілетті және жергілікті органдар полигон аумағында адамдардың тұрып келе жатқанын және олардың ауыл шаруашылығымен айналысатынын жақсы біледі. Халық қай жердің таза немесе лас екенін ажырата алмайды", – деді мұражай басшысы.
Оқи отырыңыз: Энергетика министрі: Семей полигоны маңындағы жарамды жерлер пайдаланылмай жатыр
Ары қарай ол әлемдік ядролық қауіпсіздікті сақтауға үлес қосу мәселесіне тоқталды.
"Қазақстан ядролық материалдар қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, соның ішінде Семей полигонында да. Еліміз ядролық отын қорларының халықаралық банкін құрды. Сақтау қауіпсіз емес елдер осы банкті пайдалана алады. Менің ойымша, таратпау туралы келісім жұмыс істемейді және оның еш пайдасы жоқ. Себебі ядролық мемлекеттер шексіз көбейіп келеді. Ядролық қаруы бар Ресейдің ядросыз Украинаға ашқан соғысынан кейін барлығы өзінде ядролық қарудың болғанын қалайды", – деді Дмитрий Калмыков.
Маман басты міндет радиоактивті ластануды азайту емес екенін айтады. Ол мұның орнына халық пен төрт түлік малдың полигон аумағына кіруін шектеуді ұсынды. Осылай жасаған кезде ғана радиоактивті ластанған жерлерді тазартуға болады.
"Халық пен төрт түлік малдың полигон аумағына кіруін тоқтатқан кезде ғана ластанған жерлерді тазалап шығуға болады. Бұл үшін ластанған топырақты таза топырақпен көмкеру қажет немесе сылып алып, абайлап көму қажет. Қазақстанда халықтың қауіпсіздігі мақсатында ластанған аумақтарды тазарту үшін мұндай жұмыстармен ешкім ешқашан айналыспағанын және айналыспайтынын білемін. ҚР Ұлттық ядролық орталығы ядролық материалдарды таратпау және техногендік апаттардың салдарын жою мақсатында радиоактивті заттарды жою бойынша жұмыстарды нәтижелі әрі қауіпсіз жүргізген еді. Мысалы, Қарағанды облысындағы Тоқырау өзеніндегі уран снарядтарының қоймасындағы өрттен кейін", – деді маман.
Оқи отырыңыз: Семей полигоны шын мәнінде қалай жабылды? Тарихтың беймәлім парақтары
Мұнымен қатар мұражай басшысы полигон аумағында тұрып жатқандарға өтемақы төлеу мәселесіне тоқталып, мемлекеттің дереу тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керегін айтты.
"Халыққа ядролық сынақ болған әскери полигонда өмір сүруге рұқсат беру – адамгершілікке жат, санаға симайтын әрекет және қылмыс. Халық ядролық полигон аумағында тұрып жатқан ғаламшардағы жалғыз жер. Мемлекет зақымдалған аумақта тұрып жатқандарға болмашы бірнеше мың теңге төлеп келеді. Бұл шын мәнінде абсурд және нонсенс – егер ол жер қазір қауіпті болса, мемлекет тікелей тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Ұятты 3-5 мың төлемей, оларды қауіпсіз жерлерге көшіруі керек", – деп қорытты Дмитрий Калмыков.