1949 жылдың 29 тамызы күні Дегелең тауы етегінде басталған ядролық қару сынақтары 50 жыл бойы Семей өңірін сарсаңға салғанына тарих куә. Барлығы 456 жарылыс болды. Оның ішінде 1962 жылға дейін ашық, яғни ауадағы және жерүсті жарылыстар жасалып келді. Тек содан кейін ғана дүмпулер жер астына ауысты. Сонау 1991 жылға дейін. Семей ядролық полигоны 1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен жабылды. Ол туралы полигонның жабылуының басы-қасында болған, сол уақытта Президент пен министрлер кабинеті аппаратының Экология және табиғатты пайдалану бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған, бүгінгі экономика ғылымдарының докторы, профессор Атамұрат Шәменов былай еске алады:
Жарлық халық ашуын басу үшін ғана дайындалған еді
Полигонды жабу туралы Президент жарлығы бір жұмыс күні ішінде дайындалып, оған сол күні-ақ қол қойылған болатын. Ол кезде мен Президент пен министрлер кабинеті аппаратының Экология және табиғатты пайдалану бөлімінің меңгерушісі болатынмын. Біз Президент пен халық арасында дәнекер болдық, күрделі мәселелерді шешуге тырыстық. Ал Семей полигонын жабу туралы жарлықтың тарихы төмендегідей еді. Мен сол күні Ғылым академиясының алдындағы алаңда болғалы жатқан шерудің хабарын ертеңгілік радиодан естідім. Халық наразылығы орын алса, тоқпақтың бір басы билікке тиетіні белгілі. Сол үшін де көптің ашуын басатын бір құрал не саяси шешім керек болды. Мен ә дегеннен Семей ядролық сынақ полигонын жабу жөніндегі ел президентінің жарлығын әзірлеуді қолға алдым. Әрине, мұндай деңгейдегі жарлықтарға бір күнде қол қойылмайтыны белгілі, кем дегенде бір ай уақыт қажет. Министрліктер, өзге де тиісті органдардың келісімі жиналады, ақыр аяғында республика басшысының Одақ басшысымен келісімі болған жағдайда ғана жарлық шығарады. Ал бізде мұның бірде-бірі жоқ болатын. Бұл жалғыз нардың көтерер жүгі емес еді. Соны біле тұрсам да, тым құрыса, жиналған халыққа: "Міне, жарлықты жасап жатырмыз. Жоғарыдағылардың бәрі танысып, келісімін бергеннен кейін полигон да жабылады. Қарап отырған жоқпыз, жұмыс істеп жатырмыз" деп айтып, митингіні тарататын саяси құрал болар деген ниетпен біздің бөлім қызметкерлері жарлықты жазып, әзірлеп шығардық. Енді ол жарлық Презиент қолына жетемін дегенше біршама тиісті лауазымдылардың қолын жинау шарт еді. Ведомство, министрліктер тарапынан қойылатын қолдарсыз-ақ, бұл жарлықтың нұсқасы тек аппарат ішінен дайындалды. Ең жоғарғы жаққа келгенде ғана "Ел басшысының келісімі не ықыласы бар ма еді бұл мәселеге?" деген сұрақтар туып, күдікпен қараушылар біраз толғана бастады. Осы тұста мен екінші тактикаға көштім.
Жарлық көптің тілегімен үндесті
Дәл сол күннен 1 жыл, 1 ай, 10 күн бұрын Зайсан қаласында ауыр жер сілкінісі болған еді. Табиғи апатқа қылар шара жоқ, тек қайырын ғана тілейсің. Республика басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алтай өңіріне өзі бастап барып, апат болған жермен танысып, оны қайта қалпына келтіруге нақты-нақты тапсырмалар берген болатын. Ол кезде мен Президенттің бірінші көмекшісімін, біз шұғыл ұштық. Ұшақта Елбасының қасында мен, журналист Тыныс Өтебаев, фотосуретші Будневич қана болдық. Осы сапар барысында Алтайдың үстімен ұшып бара жатып президенттің: "Бұл өңірде дүмпу көп. Зайсандағы оқиға табиғи әрі бір ғана дүмпу болса, ал полигон осы аймақты қырық жылдан бері дүмпіп келеді ғой. Осы аждаһаға тыйым салар күн болар ма екен?" деп айтқан сөзі бар болатын. Осы бір сөзін алға тартып, "Елбасының полигонды жабу жөніндегі ықылас-ойы бар" деп, жоғарғы жақты да көндірдім. Жарлықтың нұсқасына түскен қолдар көбейген сайын, менің де тұсауы шешілген арғымақтай адымым кеңіп, іске қызу кірісе бастадым. Бірақ алда ең қиын да, бітімі жеңіл соқпайтын шаруа – жарлықтың нұсқасын Президенттің қолына жеткізу міндеті қалған еді. Ал саты-сатылап, Президент аппараты құрылымдары арқылы баратын болса, жарлықтың әр кабинетте бірнеше күн қонақтап жата беретіні белгілі. Сондықтан басқа амалын табу керек болды. Мен бұл тұста үшінші тактикаға көштім. Сұрастырып көрсем, Президент өз кабинетінде емес, түстен кейін басталған Жоғарғы кеңестегі жиында отыр екен. Бұрын Президенттің бірінші көмекшісі болып атқарған қызметімді пайдаланып, бұл Жоғарғы кеңес ғимаратының өзім білетін таныс есіктері арқылы кірудің орайын тауып, жиында отырған Президент жанындағы адамдарға жарлықты тапсырдым. Енді тек күні бойғы жүгірістің ақырын күту ғана қалған еді.
...Сағат кешкі алты. Ғылым академиясы ғимараты алдына жиналған халық көп. Жүздерінде – ашу. Бәрінің тілегі біреу – Семей аждаһасының отын өшіру ғана. Көп ішінен "Семей - Невада" қозғалысы кеңесінің мүшесі Б. Әділов, Ұлы Отан соғысы ардагері Б. Ақылбеков сөз сөйлеп, полигонның халыққа, жерге тигізіп отырған зиянын, зардабын сөз қылды. Профессор И. Часников полигонның радиациялық карталарын, өзге де жасырын сақталып келген құжаттарын көрсетуді талап етіп, құпиялықтан жариялылыққа көшетін уақыт жеткенін баса айтты.Көптің ашуы алғы леппен ытқып шығып, сәл саябырсыған тұста Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Семей ядролық сынақ полигонын жабу жөніндегі" Жарлығы жария етілді. Жанарларында ыза оты ойнаған қалың көпшілік үшін бұл жарлық қара бұлт арасынан жарқ ете көрінген күндей болды.
Президент қалай қол қойды?
Кейін білгенімдей, Президент Нұрсұлтан Назарбаев қолына жарлық нұсқасы тиісімен, жиналыс үзілісінде, тіпті өз кабинетіне бармастан, Жоғарғы кеңесте отырып, телефон арқылы Одақ басшысы Михаил Горбачевпен тікелей сөйлеседі. Елбасы саясаткерлігінің мықтылығы осында, Одақ үшін төрт тағанының бірі болып тұрған ядролық қару шығаратын полигонды жабу жөнінде шешім шығаруға көндіріп, келісімін алған. Сол сәтте-ақ Жарлыққа қол қойып, осынау сүйінші хабарды шеруге жиналған халыққа жеткізуге тапсырма беріпті. Қараңыз, әшейінде заңдық құжаттарға бірнеше ай бойы қол қойылып, мөр басылмай тұрып алатын болса, Семей полигонын жабудың құжаттық жұмыстары бір-ақ күнде жүзеге асқан болатын. Сонымен Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылғы 29 тамызындағы №409 Жарлығымен Семей ядролық полигоны мәңгілікке жабылды. Жарлықтың шығуы елде орнығып келе жатқан демократияның жеңісі болатын. Халықтың жеңісі еді. Ал халық мұндай шешімнің шыққанына Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Одақтың соңғы басшысы Михаил Горбачевтің еңбегін есте сақтағаны дұрыс. Ал оны еске сақтау үшін біздің мүсіншілеріміз қос президенттің телефонмен сөйлесіп отырған сәтін полигон тақырыбымен байланыстырып, тас мүсінге түсіріп, елорданың төріне қойса жарасар еді.
Семей ядролық полигонында ядролық қарудан сынақ жүргізу адам денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор шығын әкеліп, жергілікті тұрғындардың жалпы аурулары мен өлім деңгейін өсірді. Соның салдарынан Семей аймағы экологиялық апат аймағы болып жарияланып, 1992 жылдың 18 желтоқсанында "Семей ядролық полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Заң қабылданды. 1992 жылы Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде СЖҚ-1 (СНВ-1) Келісім-шартына сай Лиссабон хаттамасына қол қойылды, онда ядролық қарулардың таралмауы туралы өзіндік міндеттемелер белгіленді.1993 жылы Қазақстан ТМД-дағы алғашқы мемлекеттердің бірі болып, ядролық қарулардың таралмауы туралы келісімшартқа қатынасты. 1994 жылдың желтоқсанында әлемдегі ядролық алпауыттарымен біздің еліміздегі қауіпсіздіктің кепілі туралы Меморандумға қол қойылды. 1994 жылы ел аумағынан барлық ядролық қаруларды шығару аяқталды. Қазір Қазақстан өз жеріндегі ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде әлемге үлгі болып отыр. Міне осы істердің қасында мен де болдым. Бүгін қарап отырсам, бұл мемлекет тарихындағы келелі іс болған екен.
Тарихтың беймәлім парақтары ашылуда
Жақында бір баспасөз бетінен Әнуар Әлімжановтың маған бұрын беймәлім болып келген Семейдегі ядролық полигонды жабу жолындағы күреске үлкен үлес қосқаны туралы мақаланы оқып шықтым. Оның бірі – "Қазақ ССР-ның Семей қаласы мен Семей облысындағы экологиялық жағдай және тұрғындардың денсаулығы" деген тақырыпта 1989 жылғы 17-19 шілдеде Семейде өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияда "Полигон жабылуға тиіс!" деп сөйлеген сөзі болса, бірегейі – оның екінші мақаласы. Бұл – Әнуар ағамыздың Лондонда: Ядролық қарусыздану ұлттық комитетінің конференциясында (Си-эн-Ди. 10. 11. 1990) және Ұлыбританияның Қауымдар палатасында (13-қараша, 1990 жыл) сөйлеген сөздерінің негізі. Сонда оның айтқан "Мен ядролық қаруларды пәлен жерде сынауға болады, түген жерде сынауға болмайды деп тұрған жоқпын. Ол қаруларды қай жерде болсын сынау – адамгершілікке жат, адамзатқа қарсы іс. Сөз ыңғайына қарай айта тұрайын: әлгі бір әзірде мен атаған жазушы Әуезов пен ғалым Сәтбаев радиация улаған сол жерлерде 50-жылдары бірнеше рет болды, жерлестерінің хал-ахуалын біліп, әңгіме-сөздерімен жұбатып бақты және, әрине, онымен тынбай, тоталитарлық жүйеге қарсылық білдірді. Олар сол үшін "ұлтшыл" деген жалған айыпқа ұшырап, қуғын көрді, ақырында қатерлі ісік сырқатынан қайтыс болды" деген сөздерінде тарихи деректер бар.
Семей ядролық полигонын жабудағы белгілі ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Олжас Сүлейменовтың, Халық конгресі партиясының, "Аттан" қозғалысының еңбектері орасан. Осы тұста Семей өңірінің белгілі перзенті Кешірім Бозтаевтың еңбегінің зор екендігін білемін. Ол кісімен мен сонау 80-жылдардың аяғында Үкімет аппаратында қызметте жүргенімде Семей облысы басшысы ретінде білетінмін. Семей полигонын жабу мәселесіне атсалысқан осындай азаматтар сол уақытта көп болды. Ол бір ай, бір жыл емес сол кездері көше демократиясының өзекті тақырыбы болды. Сол уақыттары шешімін таппай тұрған мәселелер көп болатын. Бірақ жылына бірнеше мәрте бұл тектес баскөтерулер болып жатса да, үкіметтің бұрынғы Кеңес одағынан қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндігі жоқ еді.