Тікелей эфир

Digital көш: Президенттің Қазақстанға "цифрлық көшпенділерді" шақыру бастамасы қалай жүзеге асып жатыр

Иллюстрация: Depositphotos.com
Иллюстрация: Depositphotos.com
Сарапшы Виталий Волянюктың айтуынша, цифрлық көшпенділерден мемлекетке еш қауіп төнбейді.

2026 жылға қарай Қазақстан цифрландыру саласындағы экспорт көлемін 1 миллиард долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Осы орайда шетелдік "цифрлық көшпенділерді" нарыққа тарту үшін бірқатар жоба әзірленді. 2024 жылғы қазаннан бастап президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Digital Nomad Visa және Digital Nomad Residency бағдарламалары іске қосылады. Бірақ, осы визаны иелену үшін шетелдік IT мамандар бірқатар талапқа сай болуы тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан елі үшін жасампаздық пен жаңашылдықтың маңызды құндылық екенін айтып, цифрландыруды дамытудың маңыздылығына тоқталды. Президенттің айтуынша, Қазақстан жаппай цифрланған және жасанды интеллект жүйесі қарқынды дамыған елге айналуға тиіс.

"Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз. Осы технология таяу болашақта әлемді түбегейлі өзгертеді. Біз барлық салада цифрлы номадтар өркениетінің озық стандарттарына сай болуымыз керек. Жастарымыздың әлеуеті мен менталитеті, қарым-қабілетіне қарасақ, "Қазақстанның қарышты қадамын" жасауға біздің толық мүмкіндігіміз бар екені байқалады. Басқа-басқа, бірақ дәл осы жерде батыл қимылдап, құлашымызды кең сермеуден қорықпау керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сондай-ақ мемлекет басшысы 13 маусымда туризмді дамыту туралы кеңесте әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік IT-мамандарды, яғни "цифрлық көшпенділерді" тарту ісіне айрықша мән беру қажет деп санайтынын айтты. Үкіметке биыл қазан айынан бастап арнайы Digital Nomad Visa және Digital Nomad Residency бағдарламаларын іске қосуды тапсырды.

Әлемге танымал 500-ден астам сарапшы қатысқан HI-TECH NATION форумының ұйымдастырушысы, сарапшы Виталий Волянюк "цифрлық көшпенділерді" Қазақстанға тарту экспортқа шығатын отандық өнімдер санын арттыратынын айтады. 

"Меніңше, Қазақстанның цифрлық таланттар шоғырланған аймаққа айналуы аса маңызды. Технологиясы әлдеқайда алда келе жатқан Америка Құрама штаттары, Біріккен Араб Әмірлігі, Сингапур секілді мемлекеттерге қарайтын болсақ, олардың өзгелерден басты басымдығы – экспаттар санының көптігі. Әртүрлі мәдениет пен сан алуан ойлау қабілетінің "өзара тозаңдануы" инновацияның тууына өте ыңғайлы жағдай жасайды. Қазақстан – мульти ұлтты, тарихи экспаттары (қоныс аударушылары) көп, әртүрлі дін мен ұлтқа толерантты мемлекет. Посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттерден басты айырмашылығы да осы. Сондай-ақ Қазақстанда ұлттық тілді қолдану аясы кеңейіп келеді, бұл сөзсіз өте маңызды. Осыған қарамастан мемлекетте орыс тілді мигранттар үшін де ешқандай кедергі жоқ. Бұл да Қазақстанның осы аймақтағы басты артықшылықтарының бірі. Мұнымен қатар былтыр IT-экспорттың айтарлықтай өскенін айта кету керек. 2023 жылы Ұлттық банктің мәліметінше, ол 500 миллион долларды құрады. Бұған толықтай көшіп келген немесе қызметкерлерін орналастырған Беларусь, Ресей және Украинаның компаниялары мен стартаптары себеп болып отыр. Осылайша экспорттың арқасында табыс көбейіп қана қоймай, қазақстандық IT нарықтың сараптамасы үшін жақсы "инъекция" болды", – деді Виталий Волянюк. 


Оқи отырыңыз: Тәжірибесі жоқ жас мамандар қай салада 1 млн теңгеге дейін жалақы алады?


Мұнымен қатар ол цифрлық көшпенділерге қазақ тілі мен тарихын білу талабын сақтай отырып азаматтық беру мәселесіне тоқталды. 

"Digital Nomad Visa және Digital Nomad Residency бағдарламаларына келетін болсақ – оларды әлдеқайда ерте жүзеге асыру керек еді. Мұны асқан батылдықпен жасау қажет. Мысалы, Грузияда посткеңестік мемлекеттерден келген шетелдіктер үшін көші-қон процедуралары Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жеңіл жүреді. Мемлекетте ешқандай визасыз және арнайы рұқсатсыз бір жылға дейін жүруге болады. Тек бір күнде ғана рұқсат жоқ. Кішкентай ғана Грузия мен Арменияның IT-экспорты бойынша Қазақстаннан әлдеқайда алда келе жатқанын айта кету керек. Қырғызстанда IT-номадтар осы мемлекеттің паспортын алуға құқылы. Қазақстанда IT-номадтар дәл осылай паспорт алуға құқылы болса, бұл мықты жетістіктерге әкелетін еді деп ойлаймын. Көптеген маман үшін осы мәселе өзекті болып тұрғанын білемін. Әрине, оларға да қазақ тілін жоқ дегенде базалық деңгейде білу және Қазақстан тарихымен таныс болуы керек деген талап қойылатын шығар. Бұл да өте маңызды бөлік. Мүмкіндігінше бағалы мамандарды "жерсіндіру" қажет. Қазақстан экономикасына қомақты инвестиция жасап отырған Тимур Турлов пен Арсен Томскийдің Қазақстан паспортын алғаны жақсы болды. Бірақ, неге әлемдік IT-нарықта бәсекеге қабілетті мыңдаған технологиялық кәсіпкерге паспорт алу мүмкіндігін бермеске? Бұл Қазақстанға кері әсерін тигізуі мүмкін бе?" – деді маман. 

Сондай-ақ ол "цифрлық көшпенділер" негізінен шетелдік клиенттерге қызмет көрсететіндіктен, мемлекетке қауіп төнбейді деп сендірді. 


Оқи отырыңыз: "Ата жолы" картасын қанша және қандай шетелдік мамандар иеленді


"Цифрлық көшпенділерден" мемлекетке төнетін қауіп көріп тұрған жоқпын. Себебі, олардың басым көпшілігі ішкі нарыққа емес, экспортқа, шетелдік клиенттерге қызмет ететін болады. Осылайша экспортқа шығатын IT-қызметтер мен Қазақстаннан шығатын интеллекттуалды өнімдердің көлемі еселеп арта түседі. Бұл өз кезегінде шикізатқа тәуелділікті азайтады", – деп қосты Виталий Волянюк. 

Серіктестер жаңалықтары