Тікелей эфир

Әуезді ән, мәнсіз мәтін: Қазақ эстрадасы неге балағат сөзге құмар боп барады?

Сурет: depositphotos.com
Сурет: depositphotos.com
Елде сахна әдебін сақтамаған әншілерге де айыппұл мөлшері артуы мүмкін.

Қазақстанда қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандарға салынатын айыппұл мөлшері 4 есе артады. Дәл қазір ұсақ бұзақылық үшін азаматтар 5 АЕК көлемінде айыппұл төлесе, заңнамадағы жаңа түзетулерге сәйкес айыппұл көлемі 20 АЕК – 69 мың теңгеге дейін артып, 5-30 тәулікке қамалады. Мәдениет комитетінің өкілі Күміс Сейітова сахна әдебін сақтамаған әншілерге де жазаның күшеюі мүмкін екенін хабарлаған болатын. Осы орайда, сахнада балағаттайтын сөздерді жиі айтып, шығармасында дисфемизмдерді жиі қолданатын отындық өнер иелеріне шолу жасаймыз. 

Бұған дейін ҚР парламент мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Мақпал Тәжмағамбетова сахнада балағат сөз айтатын әншілер мен бейпіл сөздер көп қолданылатын отандық туынды-бағдарламаларды сынға алған болатын. 

"Сорақылық төрге озған заман болды. Сахнаға шыққан әнші мас боп сөйледі, боқауыз да айтты, құтылды. Ұлттық құндылықтарды аяқасты еткендер тек кешірім сұраумен сытылды. Ал боқтық сөз насихатқа айналды. Хит TV телеарнасындағы Qaz Stand Up хабары – сөзіміздің дәлелі. Кейінгі кезде мазмұны, контексі боқауыз сөздерге толы сериалдар қаптап келеді. Кинодағы мұндай көріністер барлық әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Осыдан екі жыл бұрын "Қайрат болма, адам бол" деген сериалда қазақтың рухты есімін жерге таптағанын көрдік. Мұндай веб сериалдардың бірі енді толық метражды фильм ретінде кинотеатрларға шықты. Бұған дәлел – дәл қазір Қазақстанның барлық кинотеатрында көрсетіліп жатқан "Пацанские истории" фильмі", – деді Мақпал Тәжмағамбетова.


Оқи отырыңыз: Үйінде не жеке көлігінде балағат сөз айтқандар айыппұл арқалай ма?


Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова өз кезегінде бүгінде әртістердің сахна әдебін сақтауы мәселесін пысықтап жатқанын мәлімдеді.

"Дәлірек заңды және жеке тұлғалар үшін 150 АЕК-тен бастап, 2 мың АЕК-ке дейін айыппұл салуды қарастырып отырмыз. Бірақ бұл шара қолданысқа енбеді, оны пысықтап жатырмыз. Мұнымен қатар, аталған мәселені әртістер мен концерт ұйымдастырушыларымен бірге қарастырып жатырмыз. Олар қарсы болмағандықтан, бұл өзгерістер жуық арада енгізіледі деп үміттенеміз", – деді Күміс Сейітова. 


Оқи отырыңыз: Кеш сөйлеу кекештікке әкеледі. Бала тілі ерте шығу үшін не істеу керек?


Кімдердің шығармашылығы былапыт сөзге толы?

Отандық әншілер мен рэперлер сахнада балағат сөз қолданбаса да, арасында туындыларына боқауыз, бейпіл сөздерді арқау ететіндер көп. Олар – Скриптонит, Nurik Smit, ИК, Moreart, Кисло-Сладкий, Bonah, Say Mo, AYRYS, V $ X V PRiNCE, Qontrast және тағы басқа. 

"Ирина Қайратовна" тобы мәтінде қолданбағанымен, олардың барлық дерлік әнінің басында бэк-дауыспен балағат сөз айтылады. Мысалы: "Көк ту", Hiro-мен бірге орындайтын "Джай", 5k, Junior-мен (Ghetto Dogs) бірге жазған "Не әңгіме", "Көке", "Отыздан асып барамын" және тағы басқа. 

Скриптониттің керісінше кіріспесінен бөлек әннің барлық бөлігінде дерлік балағат, жаргон сөздер мен сленг жиі қолданылады. Мысалы, "Мультибрендовый" (ft. 104, T-Fest, Niman), "Ламбада", "Две лесбухи", "Положение", "Чистый" және өзгелер. 

Рэпер сұхбаттарының бірінде өмірде де, өнер де балағат сөзді қолданатынына қарамастан, әйел қауымына деген сыйластығының ерекше екенін бөлісті. Айтуынша, мәселе әр адамды бөліп-жарып қарамай, оларды жалпылауда. Яғни, ол балағат сөздері тек белгілі бір адамдарға ғана қарата айтады.

"Менің мәтіндерім агрессивті деп айта алмайтын едім. Иә, боқауыз сөздерді (әйелдерге қатысты – ред. түсіндірмесі) жиі айтамын, бірақ балағаттау мақсатында емес. Неге айтпасқа? (...). Өз басым әйел адамдарды қатты жақсы көремін, романтикпін. Оның үстіне анам бар, әпкем бар. Бірақ, адамдар әртүрлі болады", – деді Скриптонит. 

Достар Дархан Жұмабек (Кисло-Сладкий) пен Абылай Сыздықов (Bonah) құрған қазақстандық Кисло-Сладкий & Bonah рэп-дуетінің балағат, бейпіл сөз қолданбайтын туындысын табу қиын: Bugin-Erten, "Пиридай", BS Korob, "Кадилакта", Markus Dupree және т.б.

Say Mo лақап атымен танымал Мөлдір Есімбектің де кей туындысында жаргон сөздер кездеседі: "Бунтарка", "Индийское кино", "Слать их". 

Хип-хоп орындаушы, әндердің авторы, V $ X V PRiNCE лақап атымен танымал Асхат Рысбековтің де кей әнінде балағат сөздер бар. Олардың көбісі әйел затына қатысты: "Дом 50 (NOVЫЙ)", "Температура", "Я Не Хочу-у-у-у". 

Бұрын Newton тобының құрамында болған Нұрғиса Әнуарбек (Nurik Smit) балағат сөздерден гөрі, 18+ мағынасындағы бейпіл сөздерді көбірек қолданады: "Персик", Baby face, Bonahпен бірге орындайтын – Gini, Qontrastпен бірге орындайтын – "Сасай".

Балағат сөз қазақ фольклорына жат па?

Филолог Гүлнұр Бақытбекова балағат немесе бейпіл сөз араласқан шығармалардың қазақ қоғамына жат емес екенін, бұған дейін де кездескенін айтады. 

"Қазақ қоғамында бейпіл, балағат сөздерді әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы нашар отбасыдан шыққан, сәйкесінше орта және жоғары білімі жоқ адамдар қолданады деген ой қалыптасқан. Алайда сүзгіден өтпеген фольклорға көз жүгіртетін болсақ, бұл сөздердің ойды дәл, ұғынықты етіп жеткізу үшін, күнделікті тұрмыстан алып қолданғанын көреміз. Осы күнге дейін қазақтың эротикалық фольклорын Әлкей Марғұлан, Ғабит Мүсірепов, Қуандық Шаңғытпаев, Әбубәкір Диваев, Бейсембай Кенжебаев, Ақселеу Сейдімбек сынды ғалымдарымыз зерттеп, қолжазба ретінде қағаз бетіне түсіріп отырған. Ақселеу Сейдімбек "Бейпіл сөздер: қазақтың эротикалық фольклоры" ғылыми еңбегінде миф, ертек, жыр, дастан, айтыс, мақал-мәтел, жұмбақ, қара өлең, ән өлеңдері, бәдік өлең, бата, көрісу, жаңылтпаш, жоқтаудан мысал келтірген. Яғни, шығармада бұл сөздерді қолдану бізге ешқандай да жат емес", – дейді Гүлнұр Бақытбек. 


Оқи отырыңыз: Қазақ баланы қалай тәрбиелеген? Бізге отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң керек пе?


Бұл тақырып бойынша марқұм Ақселеу Сейдімбектің зерттеуі көп. Ол шаруашылық-мәдени типі экстенсивті жүйені тұғыр еткен сахара қазақтары үшін фольклорлық мұра – халық болмысының ең бір жанды айғағы, мәдени-рухани үлгісі екенін жазған. Қазақ фольклорының өзіндік бір сипаты әлеуметтік топтар мен жіктердің рухани айғағы ретінде жеке-жеке бөлшектенбейді. 

"Мәдени-рухани мұра ретінде қазақ фольклоры этно-әлеуметтік субъектінің біртұтас мұрасы ретінде эстетикалық-деректік әсерге бөлеп отырады. Содан да болар, қазақтың дәстүрлі қоғамында кез келген фольклорлық мұра төрдегі төреден бастап, есіктегі малшыға дейін бірдей түсінікті болған және бірдей экстетикалық-эмоциялық әсерге бөлеген. Бәлкім отырықшы елдерде "шаруалар фольклоры", "ақсүйектер фольклоры", "салон фольклоры" деп келетін мәдени-рухани жікке қарағанда, қазақ фольклорының айырмашылығы да оның этно-мәдени құбылыс ретіндегі біртұтастығында болуы керек. Сөз жоқ, бұл тұрғыдан келгенде, қазақ фольклоры өзінің эстетикалық қызметіне қоса, қоғамды реттеп отыратын, адамдар арасындағы алуан қисынды қарым-қатынасқа дәнекер болатын белсенді әрекет-әсерімен де ерекшеленеді. Мұндай қасиеттерден қазақтың бейпіл сөздері де шет емес. (...). Яғни, эротикалық фольклор жігіт пен қыздың, жеңге мен қайынның, жас пен кәрінің, ер мен әйелдің арасындағы моральдық-этикалық қарым-қатынас қалыптары ретінде ғана көрініс тауып қоймайды, сонымен бірге олардың әр қоғамдағы, әрі өз араларындағы орнын айғақтауға де себепші болып отырады", – деп жазған Ақселеу Сейдімбек. 

Психоаналитик Жанар Оспан да жастар мен жасөспірімдер арасында балағат, бейпіл сөздердің қолданылуының өзіндік себебі бар екеніне тоқталды. Айтуынша, мұндай сөздерді адам ішкі жағымсыз эмоциясын білдіру үшін айтады. 

"Біріншіден, психикалық аппарат әлсіз болған кезде қорқыныш, қайғы, жек көру, мазасыздық, көңіл қалу секілді әртүрлі кері әсері бар эмоцияны, күйзелісті өткеру үшін  адамдар боғауыз сөздерді қолдана бастайды. Екіншіден, адамның қорқып тұрғанын, өзін қорғағысы келетінін, отбасында эмоциялық байланыстың жоқ екенін білдіреді. Әсіресе, жасөспірімдер былапыт сөздер айту арқылы өзінің шекарасын қорғағысы немесе түрлі рэпті тыңдау арқылы жаны сая табатын әлемге енгісі келеді. Қандай жағдай болмасын, бас салып ұрысудың қажет жоқ. Керісінше мұны сигнал ретінде қабылдап, жасөспірімді не нәрсе алаңдатып жүргенін, үлкендер тарапынан қандай қателік болып жатқанын сұрап, жауабын тыңдап, соған сай шешім қабылдау қажет. Үшіншіден, дисфемизмдерді мағынасын мүлдем түсінбесе де, әдетке айналғандықтан қолданатындар бар. Рэперлерге келетін болсақ, олар бар болғаны ішкі жай-күйін осылай білдіреді", – деді Жанар Оспан. 


Оқи отырыңыз: Продюсер: Отандық кино дегенде жұрт есінде тоқал, той туралы ғана фильмдер болса, бұл – өте ұят 


Десе де, психоаналитик жасы кіші балалардың естігенін миына қағазға түсіргендей жазып алатынын айтып, оларды нормадан тыс лексикадан қорғауға шақырды. Балағат сөздер тікелей балаға қаратып айтылмаса да, айналасында болып жатқан ұрыс-керіс оларға тікелей әсер етеді және сол кезде айтылған сөздерді қайталауға бейім келеді. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары