Тікелей эфир

Әйелге күш көрсету ғана емес: Бишімбаев соты бетін ашқан бес мәселе

Бишімбаев ісіне қатысы cот отырысынан фотосурет
Бишімбаев ісіне қатысы cот отырысынан фотосурет
Өзінің жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты басталғанына екі айға жуықтады.

Бұл алқабилер қатысып, ашық режимде өтіп жатқан резонанс сотқа айналып отыр. Қазір сот процесі жарыссөз кезеңіне дейін жетті. Сотқа қазақстандық аудитория ғана емес, әлемнің көптеген елдері (әсіресе, ТМД елдерінің тұрғындары) көз тігіп отыр.

Бишімбаев бүгінде Қазнеттегі нөмірі бірінші тақырыпқа айналды. Оның айналасында хейт те, даурықпа әңгіме де, талқы да көп. Ашық сот отырысы, әсіресе, әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Көрермендер арасында бұл сотты "сериалға" теңеп жатқандар да жетерлік.

Осы резонанс оқиға көптеген жайдың бетін ашты. Informburo.kz тілшісі Нүкенованың өлімі мен сот отырысының төңірегінде болып жатқан жайттарды саралап көрді.

Ақпарат соғысы

Бұл оқиғаның айналасындағы ақпарат соғысы 9 қарашада басталып кетті. Күдіктіні ақтап алуға тырысқан тарап әлеуметтік желіде қатты сынға ұшырады. Мәселен, Қуандық Бишімбаев ұсталған күннің ертесіне, яғни, 10 қараша күні журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында "сол түні Салтанаттың сөмкесінен нейролептиктер табылған, Бишімбаевтың бір топ туыстары Павлодарға, Салтанатты жерлеу рәсіміне барды. Қазір екі жақ тарапының арасында ешқандай келіспеушілік жоқ" деп ақпарат таратты. Артынша, Козачковтың бұл жазбасын Нүкенованың туыстары жоққа шығарды.

Сондай-ақ, Бишімбаевтың екі қорғаушысының журналист Гүлжан Ерғалиеваға берген сұхбаты да (Elmedia ютуб-арнасында) сынға қалды. Салтанаттың жақындары бұл сұхбатты "ақшасы төленген сұхбат" деп бағалады. Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелді Ерғалиеваның сұхбатында айтылған дүниелерді жоққа шығару үшін Бишімбаевтың Bau ресторанында Салтанатты аяусыз ұрып-cоғып жатқан видеосынан үзінді жариялауға мәжбүр болды. Оқырмандар осы тақырып төңірегінде қауесет әңгіме таратқан блогшы Арай Әлімханды да, "Бишімбаевтың адам өлтіргенін ақтап алуға тырысты" деп айыпталған блогшы Ержан Рашевты да аяусыз сынға алды.


Оқи отырыңыз: Бишімбаевтың ісін алқабилер соты қарайды. Оның жалпы соттан айырмашылығы қандай


Дәл қазір желіде ресейлік блогшы Наталья Грейстің Бишімбаевтың ата-анасынан алған сұхбаты қызу талқыланып жатыр. Қазақстандық аудитория бұл сұхбатты тапсырыс деп атап, Грейсті Бишімбаевты ақтауға тырысқаны үшін жерден алып, жерге салып жатыр. Сондай-ақ, ел арасында Бишімбаевтың ата-анасы Наталья Грейсті қомақты қаржыға шақырғаны туралы қауесет те желдей есіп тұр. Айтпақшы, осы сотқа Ресейден келген адам жалғыз Грейс емес.

Ресейлік блогшы, феминист Анна Енинаның Айтбек Амангелдіден алған сұхбаты қазірге дейін 1,5 миллион қаралым жинаған. Белгілі журналист Ксения Собчактың Астанаға арнайы кеп, ашық сот отырысына қатысуы да Қазнетте біраз әңгімеге арқау болды. Көпшілік "Ксения құр сотқа қатысып кетпей, көлемді бейнематериал жасауға келді" деп топшылап отыр. Айтбек Амангелді әзірше Ксенияға сұхбат берген-бермегенін растамады.

Бишімбаев ісіне қатысы сот отырысынан фотосурет

Сенім институтының құлдырауы

Бишімбаев кейсі қарапайым халық пен билік өкілдерінің арасын одан сайын алшақтата түскендей әсер қалдырды. Экс-министрдің 2017 жылы дейін сыбайлас жемқорлық үшін айыпталып, 10 жылға бас бостандығынан айрылғаны көпке мәлім. Алайда, ол экс-президент Назарбаевтың рақымшылығына ілігіп, 2 жыл 8 айдан соң, бостандыққа шықты. Осы фактор көпшіліктің ашу-ызасын тудырды. Оның үстіне, Қуандық Бишімбаев – кезінде "Болашақ" бағдарламасымен білім алған, мемлекет басшысы үміт артқан саяси элитаның өкілі. Әлеуметтік желіде "Бишімбаев алдыңғы жазасын толық өтесе, Салтанат тірі қалар еді" деген мазмұндағы посттар көптеп жазылды. 


Оқи отырыңыз: Айгерім Құсайынқызы: "Бишімбаев ісінен кейін Қылмыстық кодекске "әйел өлтіру" деген бап енгізілуі қажет


Салтанаттың қазасы қазақстандықтардың сот жүйесінің әділдігіне скепсиспен қарайтынын, шенеуніктердің қандай жазадан да оңай құтылатынына сенетінін тағы бір мәрте көрсетті. Халықтың сот процесін көріп отырып жазған пікіріне қарап, олардың билік өкілдеріне қатысты сенім институтының құлдырағанын байқауға болады. 

Жалпы, бұл жерде "Бишімбаев" қарапайым халық үшін бір ғана адам емес, өзін өзгелерден жоғары санайтын, ойына келгенді істей алатын, қолында ақша мен билігі бар адамдардың жиынтық образы болып отыр.

Ашық сот кезінде Бишімбаевтың анасына гүл сатып алған кезінде сатушыға "бұл – министрдің анасына арналған гүл. Сондықтан, дұрыстап буыңыз" деп бұйыра сөйлегені, бар қызметкеріне әкіреңдеп, боқтаған видеосы да халықтың наразылығын одан сайын күшейтті.

Заңды түрде некеге отырмай мешітте неке қию – зина

Нүкенованың өлімі тағы бір жайттың бетін ашты. Ол – неке қию мәселесі. Оқиға резонансқа айналған шақта Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың заңды некеге тұрмағаны, бірақ екі мәрте мұсылманша неке қидырғаны белгілі болды. Осы жағдайға қатысты сұрақтар көбейген соң, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі азаматтық некеге қатысты діни ұстаным қандай екенін жария етті.

"Соңғы кезде қоғамда ер мен әйелдің ерікті түрде бір-бірін сынау мақсатында некесіз қосылып, ата-ана, туған-туыстарына жарияламай ерлі-зайыпты болып бірге тұратын "азаматтық неке" ұғымы пайда болды. Кейбіреулер оны "еркін махаббат" немесе "іс жүзіндегі неке" деп те атайды. Алайда некесі қиылмаған "азаматтық неке" шариғатта некесіздікке жатады. Себебі, АХАТ бөлімінде ресми тіркелмей немесе мұсылманша неке қиылмай жақындасу зина ұғымына кіреді. Осылайша, екі тарап "ерлі-зайыпты болуға дайындық, тәжірибе" деген желеумен ауыр күнә болып саналатын зинақорлықты ақтауға тырысады. Негізінде мұсылман шариғатында халал мен харам анық ажыратылып көрсетілген", – делінген ҚМДБ хабарламасында.

Бишімбаев пен Нүкеновадан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті табанды түрде талап етпеген, яғни ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібін бұзған республикалық бас мешіт имамы Қ.Қыдырминге тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалғаны белгілі болды. Яғни, АХАТ бөлімінде ресми тіркелмей немесе мұсылманша неке қиылмаған "азаматтық неке" зина әрі заңсыз деп саналатынын Бишімбаев оқиғасы тағы бір мәрте еске салды.


Оқи отырыңыз: Айтбек Амангелді Бишімбаев туралы: Қазір Салтанаттың өзі оны темір торға тоғытуға көмектесіп жатқандай


Бишімбаев ісіне қатысы cот отырысынан фотосурет

Сот процесі және халық

Бишімбаев сотының ашық өтуі әрі көпшілікке тікелей эфирде көрсетілуі ел арасында алуан түрлі пікір тудырды. Сот процесінің осылай ашық өтіп жатқанын айыптап жатқандар да жоқ емес. Әсіресе, соттың аймақтарды су басып жатқан қиын кезеңмен тұспа-тұс келуін "билік сотты шоуға айналдырды, нағыз проблема назардан тыс қалды" деп топшылаған желі қолданушылары жиі кездесті. Сонымен қатар, осы сот отырысы басталғалы бері "сот процесі қалай өтетінінін көрдік", "құқықтық сауатымыз артты" деген қолданушылардың көбейгенін байқауға болады.

Көрерменнің арқасында сотқа қатысып жатқан әрбір адам жағымды/жағымсыз кейіпкерге айналды. Кей мамандар тіпті бір күнде жұлдыз боп оянды, культке айналды. Мәселен, әлеуметтік желі қолданушылары сот-медицина сарапшысы Тахир Халимназаров, прокурор Айжан Аймағанова, қорғаушы Жанна Оразбақова, Игорь Вранчев, Әлия Омароваларды дәріптеген түрлі сурет, видео, мемдер жасап, олардың танымалдығын арттырды. Сондай-ақ, айыпталушы тарап қорғаушыларын келемеждеген сурет, видео, жазбаларды да желіден жиі байқауға болады.

Әлеуметтік желіде марқұм Салтанат Нүкеноваға ән арнап, суретін салған, өлең жазып жатқан жандар жетерлік.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Aruzhan✨ (@arusoull_)

Салтанатқа ән арнаған, өз концертінде дәріптеген өнер адамдарының арасында музыкант Бағжан Октябрь, әнші Мөлдір Әуелбекова, Ғазизхан Шекербеков, Иван Бреусовтар бар.

Бишімбаев сотының тағы бір ерекшелігі, сот процесі тікелей эфирден көрсетіліп жатқандықтан, түрлі сала мамандары сотқа қатысты кәсіби пікірін айтуға мүмкіндік алып отыр. Қазірге дейін бұл тақырыпта сөйлемеген маман аз. Интернет бетінде астролог, блогшы, бейвербал коммуникация маманы, психолог, таролог, стратегиялық коммуникация мамандарының осы оқиғаға қатысты пікірін көптеп кездестіруге болады. Бұл талдаулардың барлығын бірдей кәсіби деуге келмес, десе де әр маман өзінің құзыреті жеткенше сөйлеп жатыр. Мысалы, стратегиялық коммуникация маманы Дана Саудегерова Қуандық Бишімбаевтың сотта сөйлеген сөзі мен ресейлік блогшы Наталья Грейстің сұхбатын стратегиялық коммуникация тұрғысынан талдап шықты.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Dana Saudegerova (@dana_saudegerova)

Сондай-ақ, әлеуметтік желіде күдікті Қуандық Бишімбаев пен оның тергеуге шақырылған танысы Гүлнар Насырбекованың сотта сөйлеген сөзін бейвербал коммуникация тұрғысынан талдаған ресейлік сарапшы Михаил Дементьевтің видеолары да қызу талқыланып жатыр.

"Салтанат заңы"

2024 жылдың 15 cәуірінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Заңға қол қойды. Заңда тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстық жауапкершілікке жатқызылып, ұрып-соғуға және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге қатысты жауапкершілік Қылмыстық кодекске енгізілді. Одан бөлек, балаларға қатысты қылмыстар үшін жаза күшейтілді. Олар: азаптау (жаңа редакция), денсаулыққа ауыр, орташа зиян келтіру, кәмелетке толмаған адамды ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру. Сонымен қатар, Заңдағы өзгерістер мен толықтырулар мына мәселелерге шешуге бағытталған:

  • алдын алу шаралары, отбасын қолдау орталықтарын әр ауданда ашу, балаларды психологиялық қолдау орталықтарын ашу;
  • жағдайы қиын отбасыларға көмек көрсетуді ұйымдастыру құзыретін бекіту;
  • агрессормен психологиялық жұмыс (ҚР ҚК ерекше талаптар институтын енгізу аясында);
  • зорлық-зомбылыққа, буллингке тап болған балаларға көмек көрсету бағдарламаларын әзірлеу құзыретін бекіту.

Оқи отырыңыз: Динара Зәкиева: Жылына орта есеппен 500 агрессор тұрмыстық зомбылықты қайта жасайды


ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі нормаларды 2019 жылы әзірлеген. Салтанат Нүкенованың өлімінен соң, әлеуметтік желі белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы Заңды күшейтуді талап етіп, онлайн-петиция ұйымдастырды. Бишімбаев оқиғасының резонансы бұл Заңның қабылдануын жеделдетті деуге болады. 15 cәуірде қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы Заң халық арасында бейресми түрде "Салтанат заңы" деп аталып кетті.

Серіктестер жаңалықтары