Қосып тыңдаңыз! Сұхбатымыздың жаңа форматы:
Экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіруі әлемнің назарын Қазақстанға бұрды. 2023 жылғы 9 қарашада болған оқиға туралы әлемнің түрлі жетекші БАҚ-тары жарыса жазды.
29 сәуірде Астанада сот жарыссөздері басталды. Сотталушылар орындығында екі адам отыр, ол – Қуандық Бишімбаев пен оның туысы, гастро-орталықтың экс-директоры Бақытжан Байжанов. Сотта жәбірленуші ретінде Салтанаттың ағасы – Айтбек Амангелді сөз сөйледі.
Informburo.kz журналистері Айтбек Амангелдіден сұхбат алып, одан қылмыстың себебін анықтау кезінде сотталушы адвокаттарының ойнаған теріс рөлі, неліктен абьюзерлердің табиғатынан қорқақ келетіні және қазақстандықтардың құқықтық тәртіп органдарына неге сенбейтіні туралы сұрап білді.
Гүлжан Мұқышева: Осы аптаны маңыздылардың бірі болды деп айтуға болады. Сейсенбі күні сотталушының телефонындағы бейнежазбалар қолжетімді болған сәтте судья сізге оларды көрудің қажеті жоқ екенін бірнеше рет ескертті. Алайда сіз мұның өзіңіз үшін маңызды екенін және жанға түскен жараны емдеп жаза алатыныңызды айттыңыз. Дегенмен неге оларды көремін деп шештіңіз?
Айтбек: Шынымды айтсам, мен дәл сол сәтте қандай күйде болатынымды, нені бастан өткеретінімді білмедім. Асылық жасадым. Алты ай дерлік әрдайым қарашаның 8-нен 9-на қараған түні болған оқиғаларды зерттедім: видеоларды, барлық сараптаманы (13-14 түрлі болды), куә болғандардың сөзін. Сот-медициналық сараптаманы да бүге-шүгесіне дейін зерделеу қажет болды, ал ол жерде барлық диагноз бен дене жарақаттары туралы жазылған. Барлық материалды қарап шығуға осыншама уақыт жұмсап келіп, шын мәнінде ішінде, көлікте не болғанын білмей өтемін деген ойда қалдым.
Сол сәтте (сотта – ред. түсіндірмесі) таңдау жасауым керек болды. Қараймын деп шештім. Алдымен барлығын өз құлағыммен естідім. Судья видеоны дауысын қосып қарап жатқанда сөзсіз қиын болды. Бірақ видео одан бетер жаман еді. Сол видеоны көрген соң түні бойы ұйықтамадым. Ішімде барлығы жарылғандай күй кештім.
Айгерім Уммат: Айтбек, мен барлық дерлік сот отырысына қатысып, сайтымызға ақпарат салып отырдым. Көкейде көптеген сұрақ бар. Қалай ойлайсыз Бишімбаев неге телефонының құпия сөзін жарыссөздер жақындаған кезде берді?
Айтбек: Бұған қатысты бірнеше нұсқа бар. Ол қатты мас болып, бұл видеолардың бар екенін ұмытып кеткен болуы мүмкін. Оның мақсаты WhatsАpp желісіндегі жазбаны көрсету болды. Естеріңізде болса, ол сотта телефонды қорғаушыларына беріп, қорғаушы белгілі бір нәрселерді өзі ғана көрсетсін деген болатын. Құпия сөзді амалы қалмаған соң ғана берді.
Екінші нұсқа. Егер видео есінде болса, ол телефондағының барлығын өшіріп тастағысы келді. Ол біз интернет қосқан кезде барлығы өшіп кетеді деп үміттенді. Адвокаттар сотта WhatsАpp мессенджерін ашуды сұрады, ашылмаған кезде абдырап қалды. Біз олардың сотталушының айтқанынан шыға алмайтын адамдар екенін жақсы білеміз.
Олар бірінші не істеді? – "галереяны" ашты. Жеме-жемге келгенде бұл видеоны бізге қорғаушылар көрсетіп отыр. Осылайша қорғаушылардың өзі сотталушыны аяқтан шалып отыр.
АУ: Сіздің видеоларды көріп отырған кездегі реакцияыңыз қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады. Бізге видеоны көрсетпеді. Нақты не нәрсеге қатты қынжылдыңыз?
Айтбек: Жоқ, мұны айтуға дайын емеспін.
ГМ: Осы процесс туралы пікір білдірген танымал заңгерлер өткен сейсенбіде мотивтің түсінікті болғанын айтты. Әдетте осы мотив анықталмаған кезде айыптаушылар сотта жеңіске жете алмайды. Бұл туралы не ойлайсыз?
Айтбек: Айыптау актісінде ойдан шығарылған қызғаныш мотив болып саналды. Бар болғаны бұған дейін бізде жанама дәлелдер ғана болған еді. Кейін болғанның барлығы нақты мотив пен ойды анық көрсетіп отыр – денсаулыққа зиян келтіру, өлтіру.
ГМ: Өзі де "Салтанаттан кек алғым келді" деді. Яғни мойындады деуге болады. Тіпті сіз Баталовтар отбасын қорғап шығуға мәжбүр болдыңыз. Райымбек Баталовтың видео үндеуінен кейін оған қолдау білдірдіңіз. Бұл видеоны түсіруіңізге не себеп болды?
Айтбек: Осы жерді түсіндіріп өтейін. Сейсенбі күні сотталушының телефонын ашқан соң, бірнеше танысым бір уақытта Салтанаттың сотқа қатысқанын түсінде көргенін және сол күні бәрі аяқталатынын айтқанын жазды.
Мен ырымшыл адам емеспін, әрдайым ғылымға жақын болдым, IT саласының маманымын. Бірақ телефонға қол жеткізіп, ол бізге осы істің нүктесін қоюға мүмкіндік берді. Ол Алматыда Салтанаттың пәтерге терезе арқылы кіргенін айғақтайтын жазбаларды көрсеткісі келді. Ал біз мұның орнына мүлдем басқа, Салтанаттың оны "ақылақ жарымжан" деп атаған жазбаларды көрдік. Менің ойымша, Салтанаттың өзі оны темір торға тоғытуға көмектесіп отыр.
Ал менің кешегі Баталовтар туралы видеома келетін болсақ, мен онымен таныс емеспін. Біз мұны жасырған емеспіз, анам да сол күні айтты. Олар Салтанат Сан-Францискоға, ортақ достарымызға ұшып бара жатқан кезде танысқан. Мен де сол жерде тұрған болатынмын. Олар бір ұшақпен ұшып, әңгімелескен. Бар болғаны осы ғана. Менің ойымша, сотталушының Баталовпен шеше алмаған мәселесі бар. Маған Баталовтың оның жолып кесіп өткені және әлі күнге дейін түсінісі алмай келе жатқаны туралы айтқан.
Бұл адамның жоғалтатын нәрсесі қалмаған соң, барлығының астаң-кестеңін шығарып жатыр. Әлемге проекциялаған өзіне деген сенімсіздігі бар. Адамдардың Салтанатты өзіне жақын тартатыны қызықтырған шығар, себебі онымен ешкім бірге болғысы келмеді.
ГМ: Қорғаушылар басынан бастап Салтанаттың жағымсыз бейнесін көрсетуге тырысты. Бұл шындықты шетке ысырып қойып, адамды қаралау, айыптау. Бұл зиян әкелетін, әлсіз стратегия...
Айтбек: Олар мақсатына жетуі мүмкін еді. 9 қарашаға дейін ешкім Салтанаттың кім екенін білмеді. Қазір адамдар Салтанаттың қандай болғанын біліп, жанашырлық танытып жатыр. Бірақ қарашаға дейін оны белгілі бір орта ғана, Астанадағы астрологтар, достары мен құрбылары білді. Адамдар шын мәнінде Салтанаттың қандай екенін білмесе, сотталушының стратегиясы жүзеге асатын еді. Әлеуметтік желіде Салтанаттың консультациясының аудиожазбасын клиенттерге алғысым шексіз. Себебі олар менің қолымда жоқ. Олар сол күйі ғайып болған ноутбукпен бірге жоғалды.
Осы уақыт ішінде барлығы Салтанатты жақын тартып үлгерді. Әрқайсысы ол үшін уайымдап, жылады, жүректері ауырды.
ГМ: Сотталушының бастапқы кезде Салтанат туралы айтқан сөзінің барлығын жоққа шығаруға болады. Себебі аудио және бейне файлдар барлығының керісінше болғанын дәлелдеп отыр. Біз де Салтанатты осылар арқылы танып отырмыз.
Айтбек: Және жақсы жағынан ғана...
АУ: Сотталушы басында өзін жәбірленуші етіп көрсеткісі келді, алайда осының арқасында ол тиран және нарцисс болып шықты. Қалай ойлайсыз Бишімбаев пен Байжанов қорғану жолынан айырылды ма?
Айтбек: Сөзсіз. Қорғаушыларының өзі оларды темір торға тоғытуға көмектесіп жатыр дер едім. Сотталушы және екінші сотталушы – қазір оларды осылай ғана атаймын – олардың екеуі де ақымақтар. Біреуі шетелде 4-5 білім алған, министр болды. Оны ақымақ деуге келмейді. Сотта оның аудиоторияны қалай елітіп әкететінін, дауысы мен мимикасын қалай өзгертетінін көріп отырмыз. Әлбетте, қазір мыңдаған психолог мұның қандай ұсқынсыз ойын екенін айтып, талдап отыр.
Екіншісін де қарапайым адам деп айтуға болмайды. Бірінші сотталушының заңсыз әрекеттерінің барлығына екіншісінің де қатысы бар. Ол бірінші "Бәйтерек" ісіне де араласқан болатын – оның есімі сол жерде бар.
Әрқайсысының актер секілді рөлі бар. Ал қорғану мен стратегия құру жолдарына келсек, олар ең-ең жаманын таңдаған.
АУ: Қазір әке-шешеңіздің жағдайы қалай? Мұның барлығын қалай өткеріп жатыр? Олардың сот отырыстарына сирек келетінін көріп отырмыз. Бұған дейін олардың ауруханаға түскені туралы айтқан болатынсыз.
Айтбек: Әке-шешем бәрінен қатты қиналып жатыр. Олардың мұның барлығын естіп отыруға жүрегі шыдамайды. Расымен де, оларға бірнеше рет жедел жәрдем шақырттық. Өте қиын, бірақ Салтанат үшін барлығына шыдап бағамыз.
ГМ: Қазақтарда "Үш қайнаса да, сорпасы қосылмайды" деген сөз бар. Салтанат тұрмысқа шыққанға дейін Бишімбаевтың отбасымен көзқарастарыңыздың, құндылықтарыңыздың әртүрлі екенін сөз қылған шығарсыздар?
Айтбек: Кішкене басқаша болды. Біріншіден, жалпы алсақ, біз жақын араластық. Салтанатқа сезімін білдіргісі келіп жүрген жас азаматтар туралы сөз қозғайтынмыз.
Ал бұл жағдайда барлығы басқаша болды. Жеке өзім оның ұсынысты қабыл алғаны туралы Instagram желісі арқылы білдім.
Құндылықтарға келетін болсақ, отбасы өзінің қандай озық екенін, ұлдарының шетелде білім алып келгенін алға тартты.
Сана-сезіміміз бір деңгейде сияқты болып көрінді. Салта Америка болған еді. Мен де Америкада болдым. Бұл қалай десек те, сенің әлемді қалай қабылдайтыныңды, қалай ой қорытатыныңды, толеранттылығыңды көрсетеді. Яғни сен мүлдем бөлек өмірді танисың. Ол да сондай болды. Керісінше басты деген құндылықтарымыз ортақ сияқты болып көрінді.
Басында анасы Салта үй жинамаса да, тамақ жасамаса да, үй шаруасымен айналыспаса да болады деді. Ол: "Сенің басты міндетің – дүкен аралап, әдемі болып жүру" деді. Анасы ойын осылай жеткізді.
ГМ: Яғни процесте көріп отырғанымыздай, бұл манипуляция болған ба?
Айтбек: Керісінше ме деп қорқамын. Бастапқыда бұл манипуляция болды. Ең басында сырт көзге көрсететін картина болды. Уақыт өте келе біз бетперде киіп жүрген адамдардың шынайы бейнесін көрдік.
Мысалы, Салтанаттың қандай тамаша болғанын айтқан анасы ол қайтыс болған соң үш апта ашып тұрған кәстрөлдегі сорпа туралы сөз қозғады. Салта қайтыс болардың алдында осы сорпаны оған өзі пісіріп берген болатын. Анасы: "Оның қандай екенін қараңыздаршы!" деді.
АУ: Сотталушының бұрынғы әйелі Назым Қаһарман оның үш адамға қатар, яғни сотталушы мен оның ата-анасына тұрмысқа шыққанын айтқан болатын. Салтанаттың жеке жазбаларынан оның қайын енесінің көңілі үшін алаңдайтынын көруге болады. Олардың Салтанатқа деген қарым-қатынасы қандай болды?
Айтбек: Бұған дейін айтқанымдай бастапқыда қабылдады. Бірінші рет оның анасы Салтамен әңгімелесу үшін келе бергендіктен ұрысқан. Мұны өте дұрыс деп ойлаймын. Оның бұған жыны келді. Наурыз айында не болғанын барлығы жақсы біледі, екеуіміз төбелескен едік. Ақыр соңында анасы барлығына Салтаны кінәлаған. Сен жамансың, барлығы сенің кесіріңнен болып жатыр дегендей. Сен әйелсің, ана дегендей...
ГМ: Яғни бұл отбасында әйелдер тарапынан қолдау болмаған. Сотталушының әпке-қарындастары бар, бұл үлкен отбасы...
Айтбек: оның әпкесі – бұл жеке әңгіме. Тергеуші барып заттарды алып кететін уақытты айтқан кезде, ол есікке тұрып алып: "Кірмейсіңдер, кімсіңдер сендер соншама? Оның өлтіргенін дәлелдей алмайсыңдар!" деді. Қарындасыңның өлімінен хайп жасап, блогер болып кеттің дегендей айтты. Мені әбден қаралады. Меніңше, осының өзі көп нәрсенің бетін ашып тұр.
ГМ: Аға мен қарындас әрдайым бұлай жақын бола бермейді. Салтанат екеуіңіздің осылай жақын сырлас болуларыңызға не әсер етті? Әрдайым осылай болды ма әлде уақыт өте келе ме?
Айтбек: Біз барлық бала секілді кішкентай бірнәрселерге бола ұрсысып, ренжісетінбіз. Не үшін екені тіпті есімде де жоқ. Кейін мен Алматыға кеттім, артынша ол да Алматыға оқуға түсіп, көшіп келді. Екеуіміз бірге тұрдық. Сол кезде бір-біріміздің әдеттерімізді жақтырмаған кезіміз болды.
Екеуіміз киноға барып, велосипед айдайтынбыз, кофе ішетінбіз. 30 жасқа таяп қалғанда бірге тамақтанып, террасада қызыл шараптан ұрттап, жаңалықтарымызды айтатынбыз. Селфи жасап, біреуіне: "One selfie a day makes parents happy" деп жазып қойдық. ("Күніне бір селфи ата-ананы бақытты етеді").
АУ: Салтанаттың қызығушылықтары болды. Солардың бірі – фортепианода ойнап отырған сәтті stories-те жариялаған болатынсыз. Оны ата-анаңыз қалай тәрбиелеп өсірді? Отбасында сізден бөлек кімге жақын болды?
Айтбек: Анамның кіші сіңлісі бар. Бала күнімізде бізге көп қарайласатын. Біз оған үлкен әпкеміз деп қарадық. Әлбетте, әке-шешемізге айтпасақ та, осы әпкемізге айтатын құпияларымыз көп болды. Ол әрдайым бізге қарайласып, Салта одан кеңес сұрап отыратын.
Ал тұтас төртеуімізді алсақ, ұлдар анасына жақын болды. Ал ол – әкесінің ханшайымы, әкесінің қызы болды.
АУ: Көбінесе қыздарды "Сен бірінші кезекте әйелсің, анасың" деп өсіреді. Кейбір отбасында қыздарын тұрмысқа шығуға дайындайды. Сіздің отбасыңызда жағдай басқаша болған сияқты.
Айтбек: Біз дәстүрлі отбасымыз. Әке – отбасыны асыраушысы, ал ана шаңырақтың ұйытқысы. Бір кездері екеуінде ортақ бизнес болды – ауыл шаруашылығымен айналысты, кейін бөлініп кетті. Әкем өз ісін жалғастырды, ал анам өзі ұнатқан іспен айналысты.
Отбасымыз бизнеске жақын. Әке-шешеміздің бізге ақша беріп отыруға мүмкіндігі болса да, олар біздің еңбектенгенімізді қалады. Олар әрдайым: "Біз мәңгілік емеспіз. Бір-бірлеріңе қолдау көрсетіп, өз өмірлеріңді құрастыруларың қажет" деп айтатын. Әке-шешемізден естігендеріміздің бастысы: өмірді қалай сүретінімізді өзіміз шешеміз.
ГМ: Салтанат екеуіңіз әрдайым менталды жақын болған сияқтысыздар.
Айтбек: 9 қараша күні таңертең жоспар бойынша Германия өкілдерімен кездесуім керек болды. Бұл жоба бойынша маңызды кездесу болды, онда туындайтын сұрақтарға мен ғана жауап бере алатын едім. Сондықтан сол жерде міндетті түрде болуым керек болды.
Сол күні басым қатты ауырып ояндым. Айнаға қарап, оң жақ көзімнің қатты қызарып кеткенін көрдім, қылтамырлар ісініп кеткен. Тіпті директорға жіберген суретім бар. Не болғанын білмеймін, бірақ өзі жазылып кетті. Анам қатты жақын болғанымыздың соншалық, физикалық сезімдеріміздің бір-бірімізге қалай берілетінін айтты.
ГМ: Біз редакция ретінде соңғы уақытта абьюздің құрбаны болмау жолы, қарым-қатынаста тирандардан қалай қашып құтылуға болатыны туралы жаздық. Менде осы материалдар әйтеуір біреуге көмектесетіні сөзсіз деген ой пайда болды, дегенмен барлық жағдайда емес. Жынысына қарамастан, ешбір тиран отбасылық өмірге дейін өзінің шынайы бейнесін көрсетпейді. Бұл екі адам түсетін қақпан секілді. Бұл туралы не ойлайсыз?
Айтбек: Мені осы сөздерім үшін дәстүрлі отбасы моделін жақтайтындар жек көретін шығар. Бірақ шетелде отбасын құрғанға дейін бірге тұрып көру – кең таралған тәжірибе. Меніңше, біздің менталитетте қыз бен жігіттің некелескенге дейін бірге тұруы "ұят" деп саналатынын білемін. Бірақ адаммен бірге тұрған кезде бұрын байқамаған көп қасиеттерді көре бастайсыз.
Үш сағат бірге болдыңыздар. 3-4 сағат ішінде екі тарап та өзін мінсіз етіп көрсетеді: ешкім жел шығармайды, кекірмейді. Ал адаммен бірге тұрып бастағанда жасырынып тұрғанның барлығын көресіз... Абьюзер, біріншіден, тамаша жасыра біледі, екіншіден, мұны әдемі жасайды. Гүлдер, сыйлықтар және әдемі сөздермен безендіріп қояды. Біз бұларды жақсы көреміз, ұнатып қаламыз. Ал бірге тұрып көрген кезде жағдай басқаша болады. Ол жерде теріс қарым-қатынас болса, бірден көрінеді. Меніңше, бұл тамаша тәжірибе, бұл ажырасуды азайтатын еді деп ойлаймын.
АУ: Сіз осындай сәттердің символизмі туралы айтып отырсыз. Тіпті президент қол қойған зорлық-зомбылыққа қарсы заңды "Салтанат заңы" деп атап кетті. Бұл датаның ерекше белгі екенін атап өттіңіз. Неліктен екенін айта аласыз ба?
Айтбек: Қарашаның соңында маған көптеген адам Салтаны түсінде көргенін жаза бастады. Танысым өзін нашар сезінгенін айтты. Салтанат түсіне кіріп, тынышталдырған екен. Адамдардың Салтанатты түсінде көргені туралы оқиғаларын көп оқи бастадым. Іштей неге менің түсіме кірмейді деп ренжідім. Оны сондай көргім келді. Сол түні көзім ілініп кеткенде оны түсімде іздеп жүргенімді көрдім. Соңында оны осы түсімде іздеп таптым. Екеуіміз бір бөлмеде тұрмыз, ол маған бірнәрсе түсіндіргісі келіп тұр, бірақ... Телефонмен сөйлесіп тұрған кезде байланыс үзіліп кететін сәт болады ғой. Дәл солай ол да маған бірнәрсе айтқысы келіп тұрды, бірақ мен түсіне алмадым. Соңында ол маған саусағымен "11" деп көрсетті, сол сәтте оянып кеттім. Кейін бірінші тыңдалымды 11 наурызға белгілегенін білдім.
Кейін сенат заңды 11 сәуірде қарады. Бұл да толықтай жеңіс болды. Себебі бұл заңға президенттің қол қоюы оның бос уақытының еншісінде болды, ал сенаттан өтуі қиын болды.
ГМ: Бұл заңның бэкграунды өте үлкен болды. Әртүрлі кезеңде оған қарсы шыққан адамдар көп. Тіпті, тұрмыстық зорлық-зомбылықта мұны заңдастырып қойған еді.
Айтбек: Қазір әртүрлі жаңалық шығып жатыр. Кішкене ғана төрт жасар баланың өлімі қатты ауыр тиді. Қазіргі заңнамаға сәйкес мұндай қылмысқа 20 жылға дейін соттайды. Бұдан асқан қандай зұлымдық болуы мүмкін?! Түзетулердің арқасында өмір бойына дейін соттауға болады. Маусым айының ортасынан бастап заң күшіне енеді. Оның дәл қазір қолданыста жоқ екені өкінішті. Себебі бұл адамдар осыған лайық. Баланы өлтіргені үшін қандай әділ жаза болуы мүмкін екенін білмеймін. Кішкене қорғансыз баланы өлтіргені үшін 20 жыл беру жеткілікті ме? Меніңше, бұл аз!
Мен бірнеше рет өзге нормаларды да талдаған болатынмын. Заңды қабылдап қойды, бірақ маған әлі күнге дейін абьюзерді отбасынан алыстатын норманың жоқ екенін айтады. Алып көрсетуге тура келеді – міне 54 бапта: 30 күнге дейін басқа жерге көшіре алады. Қазіргі редакцияда агрессордың тұратын жері болса, ал жаңа редакцияда тұратын жерінің бар-жоғына қарамайды. Агрессордың қайда тұратыны өз мәселесі. Мен мұны әділ жаза деп білемін.
Сот шешімімен психологиялық түзетуді енгізетін бап бойынша агрессор психологқа міндетті түрде баруды тағайындауы керек. Менің ойымша, мемлекеттің бұған көмектескені абзал, өйткені егер оның психологқа ақшасы болмаса, онда бұл баптан еш пайда жоқ.
Осы заңды енгізу барысында аргументтердің бірі мынадай болды: "Сіздер барлығын отырғызбақсыздар ма? Жарты Қазақстанды отырғызайын деп тұрсыздар ма?".
Бірақ зорлық-зомбылықтың түрі әртүрлі болады, сәйкесінше жаза да әртүрлі. Бірінші қадам – бұл білім саласы. Көп ер азамат жеке кеңістікке өтіп кеткенін түсінбейді.
Жақында ешкім мазаламасын деп көзілдірік тағып, құлаққапен кетіп бара жаттым. Маған бір жас жігіт жүгіріп келіп: "Айтбек, сәлеметсіз бе" деп қолын созды. Қолын алдым. Ол маған: "Біз сіздер үшін алаңдап отырмыз, сіздерді қолдаймыз. Сотта жеңіс тілеймін" деді. Мен күліп: "Рахмет, қолдауларыңыз үшін алғысым шексіз" дедім.
Ол қыр соңымнан келе жатыр: "Сізге өтініш айтсам бола ма?" деді. Бірге суретке түскісі келетін шығар дедім. Еш айып көріп тұрған жоқпын, келістім. Бұл қалыпты дүние деп ойлаймын. Ол: "Сізбен видео түсірсек бола ма? Қызымнан мені кешіруін сұрап бере аласыз ба?" деді. Мен: "Әрине, жоқ" деп жауап бердім. "Жоқ, сіз мені ұрды деп ойламаңыз. Мен бар болғаны одан туған күннен ертерек келуін өтіндім, ал ол келмеді" деді.
"Сенің тарапыңнан мұның абьюз екенін түсінесің ғой?". "Олай емес. Мен бар болғаны ерте келуін өтіндім, ал ол келмеді. Осы үшін ұрысып қалып отырмыз". Мен: "Біріншіден, қыз баласы сенің жекеменшігің емес сен қалаған уақытта келетіндей. Ол өз алдына бөлек тұлға. Қайда және қаншада болатынын өзі шеше алады. Екіншіден, орныңа маған кешірім сұратуың ер жігітке жараспайды. Бұл сенің мәселең, өзің шеш. Бұл ол кешіру үшін қысым жасаудың бір түрі. Және қазір мені осы мақсатта пайдаланбақшысың" дедім.
Ол тіпті өзінің не сұрап тұрғанын, өтінішінің неге дұрыс еместігін түсінбей тұр. Көп ер адамның мені түсінбеуі мүмкін екенін жақсы білемін. Өзім де бұл тақырыпқа тереңінен үңілген емеспін.
Ер азаматтар қыз бала үшін бұл әлемде өмір сүрудің қаншалықты қорқынышты екенін түсіне алмай өтетін шығар.