Биыл "Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрына" 90 жыл толып отыр. Бұл – тек театр үшін емес, жалпы Қазақ елі мен қоғамы үшін, өнері мен мәдениеті үшін үлкен рухани мереке. Өйткені мұндай театр ашу – өткен ғасырдағы мемлекет қайраткерлері, Алаш ардақтылары мен ел зиялыларының арманы еді. Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының бүгіні – сол үлкен армандардың межесі болатын.
Театр ұжымы қаңтар айында классика өнерін сүйетін көрермен назарына әлемдік сахналардың ең ғажайып қойылымдарын, шоқтығы биік туындылар мен әсем әуезді симфониялық кештерді ұсынады. 4-28 қаңтар аралығында көрермен қауымның назарына Василий Вайноненнің ержүрек қуыршақ пен зұлым тышқан королі туралы ғажайып "Щелкунчик" ертегісі ұсынылады.
Театрда "Щелкунчик" балеті В.Вайноненнің қойылымында көптеген жыл бойы жүріп келеді және әрдайым көрермендерді тәнті етуде. Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Түткібаева мен суретші Вячеслав Окуневтің жаңа балет қойылымында сценографиялық сәнді костюмдер мен декорациялар, кәсіби жарқын орындаушылық шеберліктері балеттің жаңаша мағынасын аша түсуде.
Театрдың 90-жылдығына орай 13 қаңтарда театр ұлттық музыкалық өнердің інжу-маржаны Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің "Абай" операсын тамашалауға шақырады. Алғаш рет 1944 жылы қойылған "Абай" операсы – Қазақстанның опера өнерінің үздік жетістіктерінің бірі. Спектакль театрдың іргелі тарихына айналған сүбелі қойылымдардың бірі. Операдағы басты партияларды Есенгелді Рза (алғашқы орындауы), Венера Алпысбаева, Тахауи Рахметов, Александр Сметанин, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Болат Бөкенов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина орындайды.
Оқи отырыңыз: Абай Құнанбайұлы шай ішкен самаурын Ұлттық музейге табысталды
Осы арайда, 18 қаңтарда әлемдік ең үздік опералардың бірі Петр Чайковскийдің "Евгений Онегин" операсы өтеді. Басты партияларды Umai-2023 ұлттық сыйлығының лауреаты, "Операдағы әйел партиясын үздік орындаушы" номинациясын иеленген театрымыздың солисі Оксана Давыденко, Төлеген Рахымбаев (алғашқы орындауы), Нұржан Бажекенов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дина Дютмағамбетова, Надия Наденова сомдайды.
19 қаңтар балет өнерінің озық үлгісі – А. Вознесенскийдің "Авось" поэмасы негізінде жазылған, Алексей Рыбниковтың – 2 актілі ритм-рок балеті "Юнона және Авось" балетін ұсынады. Орыс саяхатшысы Николай Резанов пен Сан-Франциско губернаторының қызы Мария Кончитаның романтикалық махаббат хикаясына негізделген қойылым.
20 қаңтар әйгілі (кіші) Александр Дюманың "Камелия ұстаған ханым" романының желісі бойынша қойылған, әйгілі итальяндық композитор Джузеппе Вердидің (1813-1901) "Травиата" екі бөлімді операсын ұсынады. Алғаш рет, спектакль 1853 жылдың 6 наурызында Венецияның "Ла Фениче" театрының сахнасында көрсетілген болатын. "Травиата" операсы Абай ат. ҚазҰОБТ репертуарында театрдың алғаш ашылған күнінен бері қойылып келеді, қазіргі таңда 2016 жылы жаңартылған қойылымы көрермен назарына ұсынылып жүр. Басты партияларды танымал опера солистері, Верди операларының үздік орындаушылары Зарина Алтынбаева, Елена Никонова, Дамир Садуақасов, Дулат Тоқанов, Аружан Төлепберген, Ислам Хамзаев, Қайрат Өмірбеков сомдайды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда Абай есімі қойылған қанша адам бар?
Ал 25 қаңтар Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының 90-жылдығына орай П. Чайковскийдің "Франческа да Римини" (симфониялық сюита), К.Сен-Санс "Самсон және Далила" операсынан Вакханалия, К. Орф "Кармина Бурана" (кантата) симфониялық музыка кешіне шақырады. Кеште театрдың опера солистері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жамилә Баспақова, Эмиль Сакавов, Болат Қанағатов өнер көрсетеді.