Тікелей эфир

Абай Құнанбайұлы шай ішкен самаурын Ұлттық музейге табысталды

2020 жылдан бастап Үкімет қаулысымен 10 тамыз "Абай күні" деп жарияланды.

10 тамыз – Абай күні мерекесіне орай ҚР Ұлттық музейінде хакімнің өзі пайдаланған құнды жәдігер Тула самаурынын музей қорына табыстау рәсімі өтті.

Кіші Тула самаурыны 1893 жылы жасалған. Бұл самаурын Бекбай Баисовтың шаңырағында сақталды. Ал Ертіс өзенінің жағасында орналасқан Бекбайдың үйі Абай, Шәкәрім бастаған сол кездегі Семей зиялыларының бас қосатын орны болыпты. Қаланың Жаңасемей бөлігінен келгендердің барлығы таңертеңгі паромды күтіп, Бекбайдың қонақ үйіне жиналатын болған. Әңгіме дүкен құрып, Абай, Шәкәрім, басқа қонақтар осы самаурыннан шәй ішкен. Ұлы ақынның ең алғашқы музейі де сол үйде ашылған.

Кейіннен ақын мұражайы басқа мекенжайға көшірілгенде, қонақүйдің ауласынан әртүрлі самаурындар табылды. Тарихшы әрі мәдени құндылықтарды жинақтаушы Айтқали Қыстаубаев өзінің досы арқылы үлкен және кіші – екі Тула самаурынын алып қалған. Содан бері самаурындар Қыстаубаевтың отбасында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келді.

Абай шай ішкен самаурын / Фото: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 

Ал бүгін тарихшының ұлы, Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының құрылтайшысы, кәсіпкер Ермек Бейсембаев құнды жәдігерді ҚР Ұлттық музейі қорына табыстады.


Оқи отырыңыз: Абай туралы қаншалықты жақсы білесіз? Тест


"Әкем Айтқали Бейсембайұлы тарихшы әрі кәсіпкер болған. Сондай-ақ құнды жәдігерлер жинаумен айналысты. Абайдың ең алғашқы мұражайы Бекбай Байысовтың үйінен көшірілген кезде әкем сол үйдің ауласынан екі самаурын тауып алған. Соның бірі осы жәдігер. (Екінші самаурынның қайда екені белгісіз.) Әкем бұл самаурынды 80 жылдары реставрация жасап, сақтап қойған. Ал соңғы реставрация жұмысы осыдан он жыл бұрын Ресейде жасалды. Бізге үнемі "осы құнды мұраны елге қайтару керек" деп аманаттап отыратын. Бүгін, сол құнды жәдігерді музей қорына табыстадық", – деді Ермек Бейсембаев.

Фото: ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметі

"Бүгін республикамыздың түкпір-түкпірінде Абай күні аталып өтіп жатыр. Ұлы ақынның мұраларын насихаттау және оны болашақ ұрпаққа жеткізу баршамыздың азаматтық борышымыз. Осыған орай, ұлттық қорды Абай жәдігерлерімен толықтыру мақсатында, халықаралық Абай қорының жеке мұрағатында сақталған, хакімнің өзі шай ішкен құнды жәдігер самаурынды ҚР Ұлттық музейі қорына табыстадық. Абай күні баршамызға құтты болсын! Ұлт мұрасы ұлықталып, Абайдың қара сөздері мен өлеңдері біздің әр күні тұтынатын рухани азығымызға айналсын!" – деді Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының төрағасы Асылан Ғафуров. 

Фото: ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, 2020 жылдан бастап Үкімет қаулысымен 10 тамыз “Абай күні” деп жарияланды. Бұл күні ұлы ақынның өлеңдері оқылып, әр өңірде түрлі шаралар ұйымдастырылады.


Оқи отырыңыз: Мәдениет министрі Абай күніне орай Димаш Құдайберген бастаған челленджді қолдады


Биыл да Димаш Құдайбергеннің бастамасымен әлеуметтік желіде #AbayChallenge хэштегімен ақын өлеңдерін оқудан челендж жарияланды.

Серіктестер жаңалықтары