Тікелей эфир

Ғалым Жарас Ермекбай: Шоқан Уәлиханов бізге көп жұмбақ қалдырды

Жазушы Шоқан Уәлихановтың туған және қайтыс болған жерінің әлі күнге дейін нақты анықталмағанын айтады.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Жарас Ермекбай "Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы" кітабын жарыққа шығарды. Ғалымның өмірі мен қызметін зерттеуге 30 жылдан астам уақытын арнаған жазушы кітабында Шоқан Уәлиханов туралы тың деректер жазылғанын айтады.  

– Неліктен Шоқанның жерленген жері зерттеу нысаныңызға айналды?

– Апам Сырымбет ауылында тұрды, демалыс сайын баратын едім. Сонда құдаларымыз "Мына жерде Шоқанның тұқымдары жатыр" деп зират жақты нұсқайтын. Мектеп пен жоғары оқу орнын тәмамдап, диссертация қорғап, "еркіндік алғаннан" кейін Шоқанды терең зерттеуге кірістім. Тікелей мұражайлар, кітапханаларға барып жүрдім. 

– Осы уақытқа дейін Шоқанның қолжазбаларын Қазақстанда бір ғана адам оқи алатын. Сіз тікелей қолжазбаларымен таныса алдыңыз ба?

– Иә, бұған дейін оны Мәриям Сүлейменова есімді шоқантанушы ғалым ғана оқи алды. Тіпті, академик Әлкей Марғұлан да оқи алмайтын. Шоқан далада жүріп қысқа да нұсқа және жылдам жазатын. Өмірі қысқа болғанымен, артында біраз қолжазба қалдырды. Маған ол қолжазбаларды оқу қиынға соқты. 

©Бақытжан Батырханұлы

– Қазақстаннан өзге қай елдердің мұрағатын қарадыңыз? Туыстарынан мәлімет ала алдыңыз ба?

– Ташкент, Омбы, Томск, Санкт-Петербургтегі мұрағаттарды қарадым. Шоқантанушы туысы Едіге Уәлихановпен аға-іні болып жақсы араластық. Қайтыс болардан бір жыл бұрын Шоқан барған, тұрған жерлердің барлығын аралап шықты. Маған біраз ақыл айтты. "Төре тұқымымын" деп кеудесін қақпайтын, нағыз ғалым азамат болды. Шота ағадан, Сырымбет ауылында болған біраз кісілерден де мәлімет алдым. 


Оқи отырыңыз: Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналған кітапта ғалым жайлы тың деректер ашылды


– Шоқан Уәлихановтың өміріне қатысты қандай тың деректерді анықтай алдыңыз?

– Мысалы, Шоқан Уәлихановтың туған жеріне қатысты бір нақты дерек жоқ. Әр жерде әртүрлі айтылады. Бір жазбада Күнтиместе десе, енді екіншісінде Сырымбет не Қосмұрын деп көрсетілген. Сосын біраз кісілер оның Парижде болғаны туралы айтады. Алайда нақты дәлел жоқ. Ал ғалымдар нақты құжатпен ғана жұмыс істейді. Өлген жері мен өлімінің себебіне қатысты да дәл солай. Шоқан бізге біраз жұмбақ қалдырды. Оны ары қарай да зерттей түсуіміз керек. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары