Тікелей эфир

Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналған кітапта ғалым жайлы тың деректер ашылды

Жазушы Жарас Ермекбайдың "Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы" атты кітабы жарық көрді.

Алматы облысы Кербұлақ ауданы Шоқан ауылында орналасқан Шоқан Уәлихановтың мемориалдық мұражайында қазақтың ұлы ғалымы, этнограф және ағартушысы Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналған қазақстандық тарихшы Жарас Ермекбайдың "Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы" атты кітабының тұсаукесері өтті.

Шоқан Уәлихановтың өмірі мен мұрасы туралы кітап \ ©Бақытжан Батырханұлы

Шоқан ауылы атақты саяхатшының жерленген жері дәл осы жерде орналасқандығымен белгілі.

"Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы" кітаптың тұсаукесері \ ©Бақытжан Батырханұлы

Туындыда бұған дейін көпшілікке белгісіз болған деректер берілген. Жарас Ермекбай кітап жазу барысында ҚР ҰҒА ұлттық академиясының орталық ғылыми кітапханасында, РФ СІМ Ресей империясының сыртқы саясат мұрағатында, Ресей мемлекеттік тарихи мұрағатында және т.б. көптеген зерттеу жүргізген.


Оқи отырыңыз: "Қазақ тарихына ғашық болдым". Канадалық ғалым Qazaqlïq еңбегінде не жазды?


Шоқан Уәлихановтың Петербургтің бірнеше үкіметтік мекемеде, бас штабтың әскери-ғылыми комитетінде, сыртқы істер министрлігінің Азия департаментінде жұмыс істегені, сондай-ақ, сол департамент жанындағы жоғары мектепте түркі тілдерінен сабақ бергені белгілі. Сондықтан өмірі жайлы жазылған жазба-деректердің басым бөлігі Ресейде сақталған.

Профессор Жарас Ермекбайдың айтуынша, ғалымның отбасы жайлы тың деректер, оның тәлімгерлері, сондай-ақ, Орталық Қазақстан мен Қырғызстандағы экспедициялары, Санкт-Петербургте болған кезеңі, Ресей патшалығының жоғары топтарымен танысуы туралы қосымша мәліметтер де табылған.

Жарас Ақышұлы қазақ ағартушысы жайлы мәлімет жинауына 30 жылға жуық уақытын арнаған. Дегенмен ғалым бұл бағыттағы жұмыс әлі аяқталмағанын айтады.

Ғалым Шоқан Уәлихановтың жерленген жері \ ©Бақытжан Батырханұлы

"Шоқан Уәлихановтың мұрасы жайлы зерттеу жұмысы әлі аяқталған жоқ. Мен үнемі ізденісте жүремін, себебі әлі де болсын табылмаған, зерттелмеген материалдар бар екенін білемін, бірақ олар бізге қолжетімсіз. Алда әлі жұмыс көп. Ғалымның өмірі жайлы тың әрі қызық  мәліметтер аламын деп үміттенемін. Ең бастысы – менің зерттеуімнің бір бөлігі QazaqGeography қолдауының арқасында жарыққа шықты",  – деді "Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы" кітабының авторы Жарас Ермекбай.


Оқи отырыңыз: Қазақ елін әлем балаларына кім танытып жүр? Америкалық иллюстратормен сұхбат


Туынды авторы тапқан жаңа деректер академик Әлкей Марғұлан жүргізген орасан зор еңбекті толықтыратынын атап көрсетеді.

"Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы" кітабын QazaqGeography республикалық қоғамдық бірлестігі ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен "Рухани жаңғыру" КЕАҚ қолдауымен басып шығарды.

Шоқан Уәлихановқа Құран бағыштаған сәт \ ©Бақытжан Батырханұлы

"Шоқан Уәлихановтың есімі қазақстандықтар үшін, оның ішінде біздің бірлестік үшін ерекше, киелі деп айтуға болады. Біздің өміріміз, ол сияқты, туған жерді зерттеумен, этнографиямен, тарихпен және географиямен тығыз байланысты. Сондықтан да біз бұл жобаны қуана қолдап, кітаптың жарық көруіне көмектестік",  – деді QazaqGeography РҚБ басқарма төрағасы Орман Нұрбаев.

©Бақытжан Батырханұлы

Кітаптың тұсаукесер рәсімінен кейін ауыл ақсақалдары мен тұрғындары, QazaqGeography қоғамдық бірлестігінің қызметкерлері мен журналистер ғалымның басына барып Құран оқытты. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары