Балалардың жазғы демалысы төл мерекелерімен басталады. Одан кейін кейбірі ауылға, енді бірі лагерге баруға асығады. Биыл балалар қайда демала алады? Қанша бала лагерге барады? Тағы қандай шаралар көзделген?
Екі жылдық карантиндік шектеулерден кейін балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру ісі қайта жанданып жатыр. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, биыл жазғы уақытта 3,3 млн оқушыны қамту жоспарланған. Ал 2,3 млн оқушы сауықтыру лагерлерінде демалатын болады. Бұл былтырмен салыстырғанда жарты миллионға көп. Жалпы, ел бойынша жазғы сауықтыру науқанын қаржыландыру үшін 4,53 млрд теңге қарастырылған.
Сонымен қатар ел бойынша 11 мыңнан аса мектеп жанындағы, қала маңындағы, шатырлы, спорттық және киіз үй лагері жұмыс істейді.
"Бірінші кезекте жазғы сауықтыру демалысымен әлеуметтік осал санаттағы балалар қамтылады. Бұл жетім балалар, аз қамтылған, көпбалалы отбасы және толық емес отбасылардан шыққан балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар және басқалар. Балалар сауықтыру лагерлерінің желісі санаторийлер, туристік базалар, ұлттық парктер, жоғары оқу орындары жанынан лагерьлер ашу және жұмыс істемейтін лагерьлерді қалпына келтіру есебінен кеңейтілді. Қалалық лагерьлер желісін дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл Қызылорда облысында 3 және Ақмола облысында 1 лагерь пайдалануға беріледі. Балалардың жазғы демалысы үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету маңызды. Қазір ашылуға дайындалып жатқан лагерьлерде конкурстық рәсімдер жүргізіліп, олардың санитарлық нормаларға сәйкестігі тексеріліп жатыр", – деді БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.
Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, 2021 жылмен салыстырғанда республика бойынша лагерьлерде демалатын балалардың саны биыл 800 мыңға көбейген. 2,5 млн бала 87 мыңға жуық құрылыс отрядына орман және көгалдандыру жұмыстары, аула клубтары, дебаттық қосымша білім орталықтарына тартылады.
Осы жылы балалар мен ата-аналарды барынша ақпараттандыру үшін bala-demalys.kz балалар сауықтыру лагерлерінің интерактивті картасы, сайт пен мобильді қосымша (Android және IOS платформаларында) іске қосылды. Электронды картаның көмегімен кез келген адам нақты уақыт режимінде қандай да бір лагерь туралы толық (бағдарламасын, бағасын, орналасқан жерін) ақпарат ала алады.
Оқи отырыңыз: Бағлан Әбдірайымов: Үйірмелерге қаржы бөлуді тоқтатсақ, балалардың болашағына балта шабамыз
Нұр-Сұлтан
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 1-4-сынып оқушылары мектеп жанындағы, 5-8-сынып оқушылары профильді, ал 9-10-сынып оқушылары жекеменшік лагерлерге бара алады.
Лагерлер. Елордалық оқушылар үшін биыл 2 профильді, 2 қала сыртындағы (Ақмола облысындағы Ақкөл ауданында орналасқан "Арман" және "Боровичок") және 2 шатырлы ("Батыр" және "Тұлпар") лагерь жұмыс істейді. Бұл 176 мыңнан астам оқушыны қамтып отыр.
Ал 2 профильді бағытта жұмыс істейтін лагерлер әл-Фараби атындағы және М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында ашылды.
Мектеп жанындағы лагерлер. Мектеп жанындағы лагерлер БҒМ бойынша бекітілген арнайы концепциядағы 10 бағытта жұмыс істейді. Мұнда балалар қаладағы мәдени орындарға барып, түрлі концерттік іс-шараға, қойылымға қатысады. Екі шатырлы лагердің біреуі этникалық бағытта жұмыс істейді. Қатысу үшін балалар өтініш бере алады.
Нұр-Сұлтан қаласы қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің бас маманы Мәдина Сүлейменованың айтуынша, биыл балалардың жазғы демалысын өткізу жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр.
"Балалардың жазғы демалысы екі бағытта жүреді. Біріншісі – сауықтыру, екіншісі – еңбекпен қамтылуы. Былтыр жыл соңында мектептерден бюджеттік өтінім сұраған болатынбыз. Бюджеттік өтінімге сай балалардың демалысына Білім басқармасы 149 млн қаражат бөлді. Осыған орай, балалар мен ата-аналарға "қайда демаласыз?" деген тақырыпта сауалнама жүргіздік. Олардың ата-аналарымен бірге алыс-жақын шетелге, санаторийге баратынын да ескердік. Профильдік лагерлер үш маусымда, қала сыртындағы лагерлер алты маусымда жүргізіледі. Лагерге қатысу үшін ата-ана өтінішті мектепке тапсырады. Біз сол арқылы тізім жинақтаймыз. Лагерлерге ерекше қажеттілігі бар балалар тегін барады. Мектептердің жұмысын жандандыру үшін әртүрлі номинацияда лагерлер арасында байқау жүргіземіз", – деді Мәдина Сүлейменова.
"Жасыл ел" бағдарламасы.7-10-сынып оқушылары "Жасыл ел" бағдарламасына қатысып, табыс таба алады. Бағдарлама биыл 1200 елордалық баланы еңбекпен қамтиды. Оған көпбалалы, әлеуметтік осал топ балалары алынады. Балалар 10 күн бойы мектеп жанындағы көгалдандыру, гүлдендіру, ауланы тазалау жұмыстарымен айналысп, 64 000 теңге жалақы алады. Ол үшін бағдарлама өкілдері ата-аналармен арнайы келісім-шартқа отырады. Бұған
Оқи отырыңыз: Айына – 3 мың теңге. Алматыда қандай арзан үйірмелер ашылуы мүмкін?
Алматы
Жазғы кезеңде алматылық оқушыларды жұмыспен қамту бірнеше бағыттар бойынша ұйымдастырылады. Бұл туралы Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов мәлімдеді.
Жазғы мектеп. 26 мамырдан 17 маусымға дейін 1-8 сынып оқушылары үшін оқушылардың жоғалтқан білімінің орнын толтыратын жазғы мектеп жұмыс істейтін болады. Жазғы мектепте оқу сабақтарынан басқа дене шынықтыру минуттары, қозғалмалы ойындар, флешмобтар көзделеді. Шамамен қамтылатын оқушылар саны 30 мыңнан астам адамды құрайды.
Мектеп жанындағы лагерь. 7-13 жастағы балаларға арналған жазғы мектеп жанындағы лагерь екі нұсқада: толық күнге тамақпен және толық емес күнге тамақтанусыз. Жұмыс уақыты-2022 жылғы 1 маусымнан 27 тамызға дейін. 26 мыңнан астам бала қамтылады.
Үйірмелер мен секциялар. Мектептерде спорттық секциялар, үйірмелер, студиялар, оқырман клубтары мен мектеп кітапханалары жұмыс істейтін болады. Білім беру ұйымдарында жазғы кезеңде барлығы 1150 үйірме мен секция (бейнелеу өнері, мүсіндеу, тоқу, қолданбалы өнер, спорт секциялары) жұмыс істейтін болады. Қамту 28 мыңнан астам баланы құрайды. Сонымен қатар оқушылар сарайы, алты оқушылар үйі, 44 жеке қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейтін болады. Онда барлығы 1200-ге жуық үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Қамту 28 мыңнан астам баланы құрайды.
Демалыс лагерлері. Оқушылар каникул кезінде қалалық және қала сыртындағы балалар лагерлерінде демала алады. Балалардың жазғы демалысы бюджет қаражаты есебінен де, коммерциялық негізде де ұйымдастырылады. Сауықтыру демалысымен бірінші кезекте әлеуметтік осал санаттағы балалар: көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалар болады. Жалпы, 33 мыңнан астам бала қамтылады.
"Алматы қаласы білім басқармасы басшысы орынбасарының айтуынша, барлық білім беру ұйымдарына ұсынымдары, нұсқаулықтары, жадынамалары бар нұсқаулық-әдістемелік хаттар жолданған", – деді Қайрат Жұманов.
Оқи отырыңыз: Биыл қанша оқушы жазғы лагерьге барады?
Өзге өңірлер
Әр өңірде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға арналған мектеп жанындағы лагерлер, үйірмелер мен секциялар, қосымша білім беру орталықтары ұйымдастырылып жатыр. Бұдан басқа, жыл бойы жұмыс істейтін республикалық лагерьлер бар. Олар: "Балдаурен-Балқаш", "Балдаурен-Қапшағай", "Балдаурен-Щучинск". Оған республикалық квота бойынша әр өңірге белгілі бір мөлшерде орын бөлінген. Бұған көпбалалы, әлеуметтік осал топтағы отбасы және қамқоршылығынан айырылған балалар тегін бара алады. Олар тек жолақысын ғана өз қалтасынан төлейді. Жатын орын мен14 күндік демалыс тегін.
Ал бұл санатқа кірмейтін балалар жетістігі бойынша белгілі бір тақырыпты таңдап, өтініш жібереді. Сол арқылы іріктеуден өте алады. "Бөбек" лагері де осы бағытта жұмыс істейді.
Оқи отырыңыз: "Баға қоймайды, үйге тапсырма бермейді". Биыл жазғы мектеп қашан және қалай ұйымдастырылады?