БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімованың хабарлауынша, 25 мамырда оқу жылы аяқталған соң 26 мамыр мен 17 маусым аралығында жазғы мектеп ұйымдастырылады. Оған тек 9 және 11 сынып оқушылары ғана қатыспайды. Олар бұл уақытта емтихан тапсырады.
Жазғы мектеп сабақтар әдеттегі форматта өтпейді. Математика, физика, ағылшын тілі және өзге маңызды пәндер бойынша икемді оқу кестесі ұйымдастырылып, сабақтар мұражайларға және экскурсияларға бару түрінде де өтеді.
"Жазғы мектепте оқушыларға баға қойылмайды және үй тапсырмасы берілмейді. Жазғы уақыттағы оқу барынша қызықты әрі мазмұнды өту үшін барлық жағдай жасалады. Кей балалар репетиторлармен ақылы курстарға барып, қосымша білім алады. Осы орайда жазғы мектеп білімді шыңдаудың жақсы мүмкіндігі. Өйткені, өз мұғалімдері оқушыларының күшті және әлсіз жақтарын өзгелерден жақсы біледі", – деді Гүлмира Кәрімова.
Оқи отырыңыз:
- Аймағамбетов: Енді грант иелену үшін ҰБТ-ны екі мәрте тапсыруға болады
- Наурызда ҰБТ тапсырған үміткерлердің 65 пайызы ғана шекті балл жинай алды
Жазғы мектепке қатысу не қатыспауды оқушылар мен ата-аналары шешеді.
"Бұл жерде ата-ана баланың мүддесін, болашағын ойлау керек. Сондықтан, біз өз тарапымыздан жазғы мектепке оқушыларды қатыстыруға кеңес береміз, өйткені ол балаларға қажет", – деді комитет төрайымы.
Мұғалімдер жазғы мектеп аяқталған соң ғана демалысқа шығады. Демалыс ұзақтығы – 56 күн.