Тікелей эфир

Қазақ хандығы мен Алаш тулары қандай болды?

Тарихшы Ержан Шагимолдиннің зерттеу мақаласын ұсынамыз.

Қазақ хандығының туы

Қазіргі кезде Қазақ хандығының мемлекеттік туы ретінде 1991 жылы Ақселеу Сейдімбектің Жоғары Кеңес Президимуының мемлекеттік нышан-айғақтарына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарды әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына ұсынған нұсқасы айтылады. Жазушы Ақселеу Сейдімбектің "Көк байрақ болса ұраным" атты мақаласында:

"Қазақ елінің біз ұсынар Жалауының сипаттамасы мынандай болмақ. Ені мен ұзындығының арақатынасы 1:2 тік бұрышты көк мата. Жалаудың көктігі аспан түсімен астасуы шарт. Жалаудың ортасына қазақтың тұйық оюы бастырылған. Жалаудың сол жақ жоғарысында енінің төрттен біріндей қашықтықта тігінен орналасқан бесбұрышты үш жұлдызша бар" деп сипаттама берген [1].

1-сурет. Ақселеу Сейдімбек ұсынған Қазақстан Республикасының мемлекеттік туының жобасы

Қазақ хандығындағы мемлекеттік рәміздер туралы алғашқы ақпаратты Махмұд ибн Уәли "Бахр ал-асрар" еңбегінде баяндайды [2]. Қазақ хандығы кезіндегі мемлекеттік рәміздер туралы ақпаратты Шоқан Уәлиханов Қазақ хандығының сұлтаны Ондан қызыл ту ұстаған деп жазады [3]. Бұл ақпаратты Құрбанғали Халидтің еңбектерінен де кездестіреміз:

"Сығай ханның екінші әйелінен екі ұл бар: Сейітқұл және Оннан хан. Бұл Оннан батыр болып, қызыл ту астынан шығып, өзінше дербес ту көтерген. Ақ тулы төрелер қайда жүрсе де Оннан тұқымы болып есептедеді. Есім хан ұлы Жәңгір хан, ұлы Тәуке хан бір әйелден жеке. Мұның ұлы Полат хан, ұлы Әбілмәмбет хан, ұлы Әбіл Файыз хан қызыл тулы төрелердің бабасы. Жәңгір ханның екінші әйелінен Аула, Бақи деген екі ұл болып, Ауладан Абылай хан туған. Жас кезінде жау қолына түсіп, тағы бір шапқаншылықта қазақ қолына түсіп, үйсін Төле бидің түйешісі болып жүрген. Содан соң туысы Полат хан өз қолына алған да, соңынан Полат баласы Әбілмәмбетке қызыл ту беріп өз орнына қойып, Абылайға жасыл ту беріп, кейбір тайпаларға уәли (басшы) қойған. 


Оқи отырыңыз: Мемлекеттік рәміздер жайлы қызықты деректер


2-сурет. Қазақ хандығының "Қазақ елі" фильмінде көрсетілген туы

Соңынан Абылай хан өз қабілетімен орта жүздің бәріне, ұлы жүздің көбіне, кіші жүздің біразына ие болып, жалпы төре атаулыдан басым келген себепті, үш жүздің ханы деп аталған. Жасыл тулы төрелердің бабасы болады. Білетіндер осы үш тудың бәрі Орысханнан дейді, бірақ мағынаға қарай орданы есепке ала отырып Сарай хандары қызыл ту, Шағатай әулеті ақ ту, Укудай әулеті көк тумен дараланып, кейіннен бұл жағдай да ұмытылып, жақын аталары Оннан мен Абылай ханға жеткізіп (ту тарихын) айтады, яғни бұлай да Орысхан нәсілінен есептеледі" [4].

Осы дерек негізінде Қазақ хандарының туы туралы нақты қорытынды жасаймыз: Қазақ хандығының туы ретінде ақ және қызыл түсті тулар қолданылған.

Абылай ханның туы ақ болғанын Жәңгір ханның немересі Шәңгерей Сейіткерейұлының: "Ақ туын Абылайдың қолына алсаң, Артыңда аламанның біреуімін" деп жырға қосқаны растайды [5]. Абылайдың ақ туы 1930 жылдарға дейін Шымкент облысындағы Ханқорған деген жердегі төре ұрпақтарында сақталыпты. Отырар ауданының тұрғыны Адасхан Алтайұлы туды қолымен ұстап көріпті. Сарғыш жібек матадан  жасалған тудың ұзындығы 1,5 метр екен. Алтайұлына көрсеткен адам тудың он қыл шашағы болғанын айтады [6]. Осы жағдайлар Қазақ хандығының туы Ақ не қызыл түсті болды деген тұжырымды айқындап, көк түсті болмағандығын көрсетеді.

Тарихшы Мұхтар Мағауин мен этнограф Асқар Омаровтың пікірі бойынша әзірленген Қазақ хандығы туының нұсқасы. Фото: Wikipedia

Алаш автономиясының туы

Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт зиялылары ХХ ғасырдың басында Қазақ хандығын жаңа заман талаптарына сай қайта жаңғыртты. Осы кезеңде Ресей құрамындағы Алаш автономиясын құрып, оның рәміздерін де қолданысқа енгізді. Қазіргі кезде Алаш автономиясының туы туралы бірнеше пікір қалыптасқан.

Бірінші тұжырымды Кеңес Нүрпейісұлы айтты. 1918 жылғы "Сібір сөзі" газетінде басылған мәліметтер негізінде Алаш автономиясының туы ақ болғандығы жөнінде алғашқы деректер ұсынды [7]. 

Екінші тұжырымның негізін Тұрсын Жұртбай қалыптастырды. "Ұраным Алаш" еңбегінде Сәкен Сейфуллиннің "Тар жол, тайғақ кешу" шығармасында берілген деректерге сілтеме жасап,  Алаш автономиясының туы жасыл түсті болған деп тұжырым жасайды [8].


Оқи отырыңыз: Мемлекеттік туды пайдалану аясы заңнамалық тұрғыда кеңейді. Неге рұқсат, неге тыйым бар?


3-сурет. Тұрсын Жұртбай зерттеулері негізінде жасалған ту.

Үшінші тұжырымның негізін Сұлтан Хан Аққұлы қалады. Барлыбек Сырттановтың "Қазақ елінің Уставы" дерегі негізде жасалған үштүсті тудың жобасын ұсынады. Әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлы атап көрсеткендей, 1917 жылы 12 желтоқсанда жарияланған Алаш автономиясының рәміздері ертеден ойластырылған [9].

Оның ең басты дәлелі – 1911 жылы Санкт-Петербург қаласында Әлихан Бөкейхан нұсқаулығымен Алаш арысы Барлыбек Сырттанұлының "Қазақ елінің уставы" құжаты айқындайды. Алайда, Алаш қозғалысының саяси айқындамасына жағдайға байланысты үнемі өзгерістер енгізіліп отырған. Оған Алаш автономиясының мемлекеттік рәміздері, оның ішінде туы қабылдану тарихы да дәлелдейді.

4-сурет. Сұлтан Хан Аққұлы зерттеулері негізінде жасалған ту.

Алаш қозғалысы тарихын қарастырсақ, қазіргі кезде қолда бар мұрағат құжаттары Кеңес Нұрпейісұлының зерттеулері ақиқатқа жақындау екенін айқындайды.

Алаш автономиясының ақ түсті туының қолдануы туралы үш тарихи дәйек кездеседі:

  • "Алаш" партиясы Семей облыстық комитетінің ашылуы салтанатында;
  • Семейде Алаш атты полкінің, яғни Алаш әскерінің құрылуы шеруінде;
  • Алаш Орда әскерінің совет үкіметі жағына шығуының ресми салтанатты іс-шарасының жоспарында айтылады. 
5-сурет. 1917 жыл. Әлихан Бөкейханның "Алаш" партиясы Семей облыстық комитетінің ашылуы салтанатында. Қазіргі кездегі жаңғыртпасы.

Бірінші оқиғаның 1917 жылы қазан айында болғаны белгілі. 1917 жылы 21 қазан күні Әлихан Бөкейхан бұрынғы Семей губернаторының мекемесі –  "Бостандық үйіне" келеді [10]. 22 қазан күні Әлихан Семейдің екінші жағалауына өтіп, "Алаш" қаласына келеді. Осы күнгі ресми салтанатты шараның барысын Сұлтанмахмұт  Торайғыров "Сарыарқа" газетінің 1917 жылғы 13 қарашада шыққан санында толыққанды жазып береді. Сұлтанмахмұт Торайғыров мақаласында ту туралы мынадай бірқатар маңызды ақпараттар береді:

Біріншіден, "Алдыңғы ретте көңілі өсіңкі аттылар қолында "Күнім туды. Күн астында мен де... мен де..." деп көкке қарап көкірегін керген Алаш туы көзге бұрын түсуші еді" дей келе, басқа да әр түрлі тулардың қолдарына ұстағанын хабарлаған. Алайда, мына ақпаратқа ерекше назар аударудың ең басты мәні – бұл кейінгі аталған қатардағы салтанаттық тулар емес, аттылардың қолында Алаш туы деп жазылуы.

Екіншіден, "Міне, қайықтағы автомобиль Алаш туының астында Әлиханын тосқан халық ішіне кірді" деп жазады. Бұл Әлиханның автомобилінде ту болғандығын көрсетеді. Салтанатты жиынның ресми сипатын "Алаш" гимні деп жарияланған жырмен аяқтауы айқындайды [11]. Осы ақпараттарды негізге ала отырып, 1917 жылдың 22 қазан күнін Алаш автономиясының мемлекеттік рәміздері қабылданған күн деп белгілеуге болады.


Оқи отырыңыз: Ерлан Қарин: Туды қорлағандар жауапқа тартылады


Екінші оқиға 1918 жылы 19 маусым күні болды. 1918 жылдың 6/19 маусымы күні кешкі сағат 6-да Николь шіркеуі алаңында қазақ әскерін қарсы алу салтанатты шарасы ұйымдастырылады. Полк штабы басқарушысының көмекшісі Папин, капитан-адъютант Виноградов, Уақытша Сібір Үкіметінің өкілі Давыдов құттықтап сөз сөйлейді.

Қарсы алу салтанатына танымал ұлт қайраткері Әлихан Бөкейхан келеді. Оның құрметіне орай полковник Тоқтамысовтың бұйрығымен салтаттылар "Алла" деп ұран салады. Осы салтанатты ресми шарада "Ақ түсті туларда қырғыз (қазақ) тілінде "Жалпыресейлік және Сібірлік Құрылтай жиналыстары жасасын", "Отанның адал ұлдары жасасын" деген ұрандар кестеленген" деп жазды Н. Коншин "Сібір сөзі" газетінде [12]. Жоғарыдағы екі оқиғаның Алаш Орданың кіндік қаласында, негізгі орталығында орын алғанын ескерсек, бұл Алаштың барлық аймақтарына сай ортақ ту болғанын көрсетеді.

Үшінші оқиғаны қарастыратын болсақ, ол 1919 жылдың желтоқсан айындағы оқиғалар барысында жазылған іс-құжаттарда тіркелген. Әскери төңкеріс комитеті мен Алаш Орда арасындағы келіссөздер жүргізілген хаттардың бірінде: Біздің пікірімізше, екі әскердің қосылу рәсімін былайша жүргізген дұрыс: Зиялылар ақ тумен өз әскерінің алдында сіздердің әскерлеріңізге қарай жүреді, ол (әскер автор) біздің артымызда өзінің ағаштың жоғары жағында [...] жарты ай бейнеленген туымен жүріп отырады. Біздің әскеріміз қарама-қарсы келіп белгілі бір қашықтықта тоқтайды. Біздің және Сіздің басшыларымыз әскерден алдыға шығып, бір-бірін қарсы алады [13, 205-б.].

1935 жылы жазылған "Мұрат үшін майдан" пьесасындағы мәліметтер Алаш автономиясы мен Қазақ хандығының мемлекеттік рәміздері арасында сабақтастық сақталғанын айқындайды. Осы пьесаның бірінші көрінісінде Алаш партиясы құрылуының бір жылдығын атап өту салтанатында жиынның жүргізушісі Халел Ғаббасовтың мына сөздері растайды:

"Құрметті әскер басы төрелер, ақсүйек офицерлер, ардақты халқым, елім, қаны бірге қазағым! Қазақ елі өз алдына Алаш атты партиясын құрып, Абылайдың ақ туын қолға алғалы, міне, бір жыл толды" [14].

Осы ақпараттарды назарға ала келе, Қазақ хандығы Алаш Автономиясы демократиялық негізде жаңа заман талаптарына сай қайта жаңғырып, мемлекеттік рәмізі ретінде ақ туды қабылдаған және оны қабылданғанда Қазақ хандығының мемлекеттік рәміздерінің сабақтастығы сақталған деген қорытындыға келеміз.

Материалда қолданылған әдебиеттер

Серіктестер жаңалықтары