ҚР мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Алматыда концерт кезінде болған келеңсіз жағдайға байланысты пікір білдірді. Ол туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылатынын еске салды.
"Алматы қаласындағы концерт кезінде болған оқиға қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Біздің білуімізше, концертті NS group ЖШС ұйымдастырған. Shiza лақап атын иеленген азаматтың мемлекеттік туға қатысты әрекеті жіті тексеріліп, оқиғаның мән-жайы анықталуы қажет. Концертте ішімдік ішілгендіктен мұндай әрекетке жол берілген деп ойлаймын. Жастар осы бір келеңсіз оқиғадан сабақ алып, қарапайым мәдениет пен этикетті меңгеруі қажет", – деді Ерлан Қарин.
Сонымен қатар, ол мұндай ауқымды іс-шараларды ұйымдастырушылар да жауапкершілікті сезінуі керек екенін алға тартты.
"Олар концерт ұйымдастырған кезде ішімдік ішілуіне жол бермеуге, басқа да оқыс оқиғалардың алдын алуға тиіс. Біз мемлекеттілігіміздің, Тәуелсіздігіміздің символы саналатын мемлекеттік туға зор құрметпен қарауымыз қажет. Оны аяқасты етуге жол бермеуіміз керек. Туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылады. Өйткені, заң баршаға ортақ. Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік туды құрметтеп, қастер тұтуы қажет деп санаймын", – деді Ерлан Қарин.
Еске салсақ, 25 мамыр күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен концерт кезінде Shiza лақап атымен танымал азамат сынның астында қалды. Ол Қазақстанның мемлекеттік туын қолына орап тұр боғауыз сөз айтқан.