Тікелей эфир

Нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев: "Мүгедек ететін аурулар ішінде инсульт бірінші орында тұр"

Дәрігердің сөзінше, инсульт алғандарға алғашқы 4,5 сағатта көмек берілсе, миын қайтадан қалпына келтіруге болады.

Қазақстанда қайғылы жағдайларға әкелетін аурулар ішінде инсульт бірінші орында тұр. Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульт алса, оның 60 пайызы мүгедек болып қалады. Инсульттің алдын алу жолдары қандай, салдарымен қалай күресуге болады? Доктор, нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевтың "Еркін адамдар" жобасындағы инсульт туралы әңгімесін ұсынамыз. 

Мүгедек қылатын аурулар ішінде инсульт бірінші орында

Коронавирустан кейін дүние жүзінде инсульт саны азайып кетті. Жалғыз ғана түсініктеме: атероскелерозы, қант диабеті бар кісілер короновирус инфекциясын өте ауыр өткендіктен көбісі қайтыс болып кетті. Инсультке көбінесе диабеті бар, қан қысымы жоғары, жүрегі ауыратын, жасы алпыстан асқан кісілер шалдығады. Өлімге әкелетін аурулардың ішінде бірінші кезекте онкологиялық аурулар тұр. Ал адамды мүгедек қылатын аурулардың ішінде инсульт бірінші орында. Коронавирус кезінде екі жылда онкологиямен ауыратын науқастар емін дұрыс ала алмаған соң өлім-жітім көбейді.

Үкімет отырысында үш миллион адамның сақтандырылмағаны айтылды. Оларға скрининг секілді бағдарламалар қолжетімсіз болғандықтан онкология ауруларымен ауыруы мүмкін. Сақтандыру жүйесіндегі ақшаның барлығы солардың еміне кетеді. Сақтандырылмаған азаматтар емханада тексерілмейтін болса қант диабетімен де ауыруы мүмкін. Профлактика болмаса мұның бәрі денсаулық сақтау жүйесіне қатты ауыртпашылық салады.

Ресми статистика Қазақстанда жылына қырық мың адам инсульт алады дейді. Менің ойымша, статистика өтірік. Шамамен отыз мың инсульт болуы мүмкін. Кейбір ауруларды ауруханаға жатқызу мүмкін емес. Жедел жәрдеммен келген қан қысымы жоғары адамды амал жоқ инсульт диагнозымен ауруханаға жатқызады. 

Инсульттің төрттен үші – миға қан бармай қалған кезде болатын ишемиялық инсульт (ми инфаркті). Қалған төрттен бір бөлігі – қан қысымы жоғары болғандықтан тамырлардың жарылып кетуі. Моңғолоидпыз, Шыңғысханның қосқан үлесі – Монғолияда және Қазақстанда гипертониялық аурулар өте көп. Еуропада адамдар көбінесе ишемиялық инсульт алады. Бізде қан қысымы жоғары адамдардың миына қан кетіп қалады. Ишемиялық инсульттің ішінде де төрттен бір себебі – гипертониялық ауру. Жалпы практикадағы және отбасылық дәрігерлер гипертонияға көп көңіл бөлсе инсульттің алдын алуға болады. Алайда дәрігерлер қағазбасты, толтыртан формасы көп. Адамды емдеумен емес, қағаз толтырумен айналысады. 


Оқи отырыңыз: Кардиохирург: Созылмалы жүрек аурулары екпе алуға қарсы көрсеткіш емес


Адам инсульт қалай алады? Белгілері қандай?

Адам жүрегін қысып жүреді де, дәрігердің берген дәрісін ішсе қоя кетеді. Бір күні жүрек тоқтамай ауырады. Отыз минутта тоқтамаса бұл миокард инфарктісінің белгісі болуы мүмкін. Бұл инфракт ретінде есептеледі де, науқас ауруханаға жатқызылады. Жағдайын тексеріп, коронарография жасап, жүрегінде тарлыған жерге стент қойылады. Жүректің жақсы жері – ауыратыны: адам ентігеді, бірден тер басады, өліп қалатын сезім болады. Сол кезде науқас 103-ке хабарласып, ауруханаға жеткізіледі. Жүрек ауруларының өлімі бірден төмендеді, өйткені екі сағаттың ішінде инфаркт болып жатқан науқастың жүрек тамырларын тазалап беруге болады. Коронарография жасайтын емханалар көбейді. 

Ал инсульт қалай болады? Адамның көзі нашар көріп, аяқ-қолы бір күнге дейін ұйып істемей қалуы мүмкін. Бір күн ішінде адам қалпына келсе енді ештеңе болмайды деп ойлайды. Екінші рет осылай болса аяқ-қолы жұмыс қалпына келмейді, сөйлей алмайды, сөйтіп адам инсультті өткізіп алады. Тұрақсыз стенокардияны инсульт алдындағы жағдай не кіші инсульт, транзиторлық ишемиялық шабуыл дейді. Бір тәулік ішінде органдарының қызметі қалпына келсе болған нәрсені түпкілікті зерттеп, себебін анықтау керек. Көп жағдайда мұның себебі қан қысымының өте жоғары болуынан.

Жедел жәрдемнің үйреншікті ісі қан қысымын өлшеп, көктамырға дәрі тамызғыш қояды, дәрілерін береді. Қысым 160-150-ге түссе "аға, тәте, қан қысымыңыз түсті, сіз енді емханаңызға барыңыз" деп қалдырып кетеді. Мұндай науқастардың мойнындағы тамыры бітелейін деп жатқан кезде ми екінші жағына қан жеткізу үшін қан жетпей жатыр деп сигнал береді. Қан қысымы көтеріліп, екінші жағына қан жетеді, адамның жағдайы шамалы жақсарады. Жедел жәрдем келіп қан қысымын түсіреді, бәрі жақсы екен деп кетіп қалады. Әдетте инсультпен науқастар түнде түседі. Жедел жәрдем келіп кеткеннен кейін туысқандар бәрі дұрыс деп кешкі шайын ішіп, ұйықтап қалады. Ал түнде науқастың қайтадан қан қысымы көтеріледі. Миға қан құйылып не қан бармай қалады да, ми өле бастайды. Осылайша науқасты ауыр жағдайда бір жағы толық сал болып қалғаннан кейін ғана ауруханаға әкеледі. 

Медицинасы ақылы елдерде ақшасы жоқтар ауруханаға бармауға тырысады. Ал бізде барлығы тегін. Науқас жүріп-жүріп көмекті өте кеш алып қалады. Инсульт алғандарға алғашқы төрт жарым сағатта көмек берілсе көбісінің миын қайтадан қалпына келтіруге болады. Миға зақым келіп үлгермесе, мидағы немесе мойындағы бітеліп тұрған тамырды уақытында ашса ми зақымдалып үлгермейді де, адам толықтай қалпына келуі мүмкін. 

"Инсульт белгілерін шетелде үш жасар бала біледі"

Инсульттің  бірнеше шкаласы бар. Соның бірі – жедел жәрдемге арналған шкала. Оңтүстік Америкада балабақшадағы балаларға осы шкаланы үйретеді. Үш жасар бала әжесінің инсульт алғанын беті қисайып, сөйлеуі қиындап, сол жақ қол-аяғы нашар жұмыс істегенінен білген. 911-ге хабарласып, жедел жәрдем шақырып, дер кезінде әжесіне көмек беріп аман алып қалған. Бізде кішкентай үш жасар бала тұрмақ, үлкендердің өзі инсульт белгілерін біле бермейміз.

Орнынан тұрған кезде адамның басы айналып, мас сияқты болса мишыққа зақым келді деген сөз. Көздің бұлдырауы үлкен инсульттің көрінісі болуы мүмкін. Өте қарапайым белгілерді есте ұстау керек. Науқастар ауруханаға өте кеш түсіп жатады, оларға жасалатын ем де өте күрделі. Жылына кем дегенде екі рет тіс дәрігеріне қаралу секілді қырықтан асқаннан кейін жылына бір рет толық скринингтен өтіп отыру керек. Қырық жасқа дейін бәлкім аурулар кездеспеуі мүмкін, бірақ қырық жастан кейін қан қысымы көтерілу қаупі жоғары. 

Адам инсульт алғанын анықтау жолдары:

  • Сөйле, жыми, күл дегенде дұрыс сөйлей алмау, жымия немесе күле алмау;
  • Тісіңді ақсит дегенде бір жағы семіп, тісін дұрыс ақсита алмау;
  • Қолыңды көтер дегенде бір қолын дұрыс көтере алмау. 

Кейде инсульт алғанын науқастың өзі де біле бермейді. Қазақтардың бір жақсы жері – туысқандарымызбен тұрамыз. Жалғызбасты ата-әжелер өте аз. Қарттардың инсульт алғанын дер уақытында білу біздің міндетіміз. Көзі көрмей қалса, басы айналса, қол-аяғы істемей қалса, сөйлеуі нашарласа ешнәрсеге қарамай 103 шақырып, жедел жәрдемнен науқасты ауруханаға апаруын талап етуі керек. Шетелде инсульт белгісі болса КТ ангиография жасайды. Көп ауруханада бұл қызмет жоқ. Дүниежүзілік стандарттың енгізілуін халық ретінде талап етуіміз керек. 

Келген науқастың бірден мойын тамырларын тексеріп, бітелейін деп жатса ауруханаға жатқызу керек. Бәрі асығыс. "Ата, әже, сізде бәрі жақсы, үйіңізге қайтыңыз" дейді. Соның белгілі бір проценті ауруханаға өте ауыр жағдайда қайта келеді. Халық құқығын біліп, жағдайы нашарлап ауруханаға келсе өзіне қарауды талап етуге тиіс.

Бұл емделетін ауру ма?

Ауруханаға түскен науқастың миында 50 мл жететін қан бары анықталса, онда міндетті түрде операция жасалуы керек. Адамның сана деңгейіне байланысты Операция бірден жасалмауы мүмкін. Есі анық, комаға түсіп кетпеген науқастың миында гематома (қанды ісік) болса, оны шамамен  бір күннен кейін алған дұрыс. Қанаған тамыр бір күн ішінде тұрақталады да, оны алар болса қайтадан қанап кетпейді. Кейбір науқастар емдемей жатқанын айтып байбалам салады. Операцияның да медициналық көрсеткіштері бар. Гематома көлемі 50 мл көп болса төрт күн ішінде алынғаны дұрыс дейді. Мишыққа кеткен гематома 30 мл-ге жеткенде міндетті түрде операция жасалуы керек. Көлемі кіші гематомаға тиіспесе де болады, екі ай ішінде сорылып кетеді де науқастың оңалтуы жақсы өтеді. Миға қан кеткенде науқастың қалпына келуіне мүмкіндік бар.

Ишемиялық инсульттің салдары өте ауыр, өйткені үлкен аумақ зақымдалады. Бір жаманы – сайрап жатқан науқас екі-үш күннен кейін қайтыс болып кетуі мүмкін. Науқастың туыстары келіп "бәрі жақсы ғой, операция жасамай-ақ қояйық" деп айтады. Медицина қызметкерлері де "жағдайы тұрақты, әзірге операция жасамаймыз" деуі мүмкін. Осылай кейінге қалдырғанда адамның жағдайы нашарлап кетеді. Көп жағдайда туысқандары тарапынан түсінбеушлік болады. Инсульт көп жағдайда өлімге әкеледі. Көмек бергеннің өзінде де науқастардың 20-30 пайызы операциядан кейін қайтыс болып кетеді. Аурудың емі өте күрделі. Медицинадан хабары жоқ туысқандары "аяқпен келген туысымды дәрігерлер өлтірді" деп журналистерді, блогерді шақырады. 

Инсульт алған науқас операциядан кейін жан сақтау бөлімінде бірнеше күн жатады. Денесінде катетерлер тұрады. Науқастың жағдайы ауыр, кейде дәрет жіберіп қояд. Медбикелер әр екі сағат сайын науқастың төсегін ауыстырып, міндетті түрде астын тазалап сүртеді. Бізде науқас адамға қарау мәдениеті жоқ қой. Орталық клиникалық ауруханада инсульт алған адамдарды емдейміз. Көмектескісі келген туыстарына науқастың жанындағы төсекті босатып береміз. Науқасқа қарап қалай күтім жасауды үйренеді, кейін үйге шыққан соң да жағдайын жасайды. Еуропада инсульт алған туысымыз ауруханада жатып, оңалтудан өтіп төрт айдан кейін үйіне келді. Ол жақта әлеуметтік қызмет көтерілетін лифт бар ма, әлде басқа үй іздеу керек пе деп барлық мән-жайды анықтағаннан кейін ғана үйге шығарады. Бізде көп ауруханада науқасты екі аптадан кейін алып кете береді. Ол үйіне қалай мініп-түсетіні ойластырымаған.

Туыстардың екі түрі бар. Біріншісі, жаны ашып науқасты көтеріп, астын жуып-сүртетін мықты туысқандар бар. Науқас үйіне шыққан кезде осындай күтім жасалса ұзақ жылдар өмір сүруі мүмкін. Екінші туыс әдемі киініп науқастың төсегінде отырады. Батырманы басып, медбикені шақырады. Дұрыстап қарамай жатыр деп әкімшілікке шағым айтады. Сыншы туысқандар. Көмектесудің орнына бәрі сол науқастың жанында жүгіріп жүру керек деп медициналық процесті тоқтатып қояды. Олар ақылы түрде бір медбикені отырғызып қоятын ауруханаларға барса болады. Өкінішке қарай, екі туысқандардың шамасы елі де елу. Менталитетіміз өзгермесе ахуалды өзгертпейміз. 

Инсульттің қалай алдын алуға болады?

Диабет, қан қысымы жоғары, қырықтан асқан адамдар магниттік-резонанстық томография жасап, мойыннан бастап мидың тамырларын тексеріп, тарылған жері бар-жоғын анықтай алады. Жүрекке УЗИ арқылы қалпақшаларында немесе арасында ақау бар-жоғын анықтауға болады. Ақау (дефект) инсульттің 25%-ын құрайды. Қырықтан асқан кісілер міндетті түрде жүрек ырғағын талдайтын ЭКГ холтерден өткені жөн. Қан талдауын тапсырып қоюланып кеткенін анықтауға болады. Қан қоюланбас үшін күніне 8 стакан (2-3 литр) су ішу керек.

Адамдардың шамамен 25%, шамамен екі миллиард адамда жүректің оң жағы мен сол жағын бөліп тұратын қалпақшада екі миллиметрге дейін дефект қалып кетеді. Адам өмірге келгеннен кейін бірінші рет айқайлағанда дефект бітеліп қалады. Кейбіреулерде жыл ішінде ақырындап бітеледі. Бірақ 25 пайызында екі милиметрге дейін дефект қалып кетеді. Мұны криптогенді инсульт дейді. Қан қысымы көтерілмесе, жүрек ырғағы дұрыс, тамырлар таза болса да, арасындағы қалпақшаның бітпей қалуынан инсульт болады. Аяқта ұйыған қан қалпақша арасындағы тесіктен ұшып кетіп мидың тамырын бітеп қалуы мүмкін. Инсульт көтерген адамның қалпақшасын хирургиялық жолмен бітеп беруге болады. Бұл да инсульттің алдын алады.

Инсульттің алдын алу жолдары: көп жаяу жүру, дұрыс тамақтану, күніне үш литр су ішу. Барлық нәрсе нормадан көп болса, ауруға себеп болады. 

Инсультке шалдыққан жағдайда шауқасты шалқасынан жатқызып, жүрек қағысы мен тынысын тексеріңіз. Қалыпты болса дәрігер шақырыңыз. Не істеу керек екенін білмесеңіз, дистпетчерге хабарласып кеңес сұраңыз. Ал жүрек соғысы, тыныс алуы тоқтаса, массаж жасаңыз: кеудені 30 рет басып, екі рет ауыздан дем үрлеп, осылай бірнеше рет қайталаңыз.

Серіктестер жаңалықтары